МАҚТАНШАҚТЫҚ Адамды мақтауға рұқсат етілетін жағдайлар Адамның жақсы жақтарын айту оның астамсуына, тәкаппарлыққа салынуына себепші болмайтын жағдайда рұқсат етілген. Сонымен қатар мынадай жайттарда да адамның жақсы жақтарын айту құпталатын іске жатады: Бірінші: Адамның сыртынан мақтау. Адамның өзі жоқ кезде, оның жақсы амалдарын сыртынан айтып мақтау жақсы амалға жатады. Мұсылман адам өз бауырының кемшілігін жасырып, сыртынан оның жақсылығын айтып, мақтап жүруі қажет. Екінші: Насихат айтпас бұрын адамның жақсылығын айту. Өзгеге насихат айтып, бір кемшілігін түзетуді қалаған адам ең алдымен ол кісіге бойында бар болған жақсы сипаттарын айтқаны дұрыс. Насихатты бірден адамның қателігін айтудан бастау – көп жағдайда насихаттың қабыл етілмеуіне әкеліп соғады. Ешкім біреу келіп, оның қателігін айтқанды жақсы көрмейді. Насихатының жемісті болғанын қалаған адам осы жайтты ескеріп, алдымен адамның жақсы сипатын айтуы ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрсеткен ізгі өнегесіне жатады. Мысалы, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Абдулла – неткен жақсы адам. Бірақ түндерде намаз оқыса (одан да) жақсы болар еді» (Бұхари, 112 / Мүслим, 3479), - деп айтқан. Осыған қосымша айта кететін бір жайт, адамның кемшілігін жөндеп, насихат айтушы ол кісінің жеке басын айыптауына болмайды. Оған жасап жүрген ісінің дұрыс емес екенін айту қажет. Мысалы, қандай да бір адам арақ ішетін болса, ол адамға еш уақытта «сен ішкішсің» деп, «сен жамансың» деп айту насихат әдебіне жатпайды. Бұлай деу арқылы бірден екі адамның арасына бөгет қойылады. Дұрыс насихатшы екі араға көпір орнатып: «Сіздің бойыңызда мынадай жақсы сипаттар бар» деп, ол адамды өтірік мақтамай, шынымен де оның бойында бар балған, жақсы сипаттарды тауып айтуы қажет. Одан кейін ғана ол адамға жеке басының емес, ол ішіп жүрген арақтың жамандығы жайлы, арақтың денсаулыққа әкелетін зияны жайлы айтса орынды болады. Үшінші: Дүниеден өткен адамның жақсы қасиеттерін айту. Дүниеден өтіп кеткен адамның тек жақсы қасиеттері айтылуы қажет. Айша анамыз (Алла оған разы болсын) былай деген: «Бірде біздің жанымыздан бір мәйітті жерлеуге алып өткенде адамдар дүниеден өткен кісіні мақтай бастады. Сонда Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Бұл міндеттелді», - деді. Сосын тағы бір мәйітті жерлеуге алып өтті. Адамдар бұл жолы ол мәйіт туралы жаман пікір айтты. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл міндеттелді», - деді. Осы кезде Омар (Алла оған разы болсын): «Не міндеттелді?» - деп сұрады. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендер біріншіні мақтадыңдар, енді ол міндетті түрде жәннатқа кіреді. Ал екінші мәйітке жаман пікір білдірдіңдер, енді оған тозақ міндеттелді. Өйткені сендер – Алла Тағаланың жердегі куәгерлерісіңдер!» - деді (Бұхари, 1368). Төртінші: Ерлі-зайыптылар бір-бірінің жақсы қасиеттерін айтып мақтауы. Ерлі-зайыптылардың бір-біріне жылы сөз айтуы, отбасылық өмірге береке кіруіне себеп болады. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұбайының пісірген асына дейін мақтауға бей-жай қарамайтын. Жәбір (оған Алла разы болсын) былай деген: «Бірде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйіндегі адамдардан тұздық сұрады, оған: «Бізде сірке суынан басқа тұздық жоқ», - деді. Сонда ол сірке суын алдырды да: «Сірке суы – тамаша тұздық, сірке суы – тамаша тұздық!» - деп (тамағын) жей бастады» (Мүслим, 5473 / ахмад, 14263 / Бәйһақи, 20519). баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 3 | |
| Всего комментариев: 0 | |
