МАҚТАНШАҚТЫҚ Мақтанудың көріністері Бірінші: Шыққан тегімен мақтану. Адам өзінің шыққан тегін, қандай атадан тарағанын білгені дұрыс. Бірақ шыққан тегі арқылы өзін үстем етіп көрсетіп, мақтану, өзгелерді төмен көру – дұрыс іс емес. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үмбетімнің арасындағы төрт нәрсе надандық дәуірінің ісі болса да олар оны тастамайды. Олар – тектілігін айтып мақтану, біреудің тегіне тіл тигізу, жұлдыздармен жаңбыр шақыру және дауыс шығарып жоқтау» (Мүслим, 934), - деген. Екінші: Күнәлі іспен мақтану. Мақтаншақтықтың ең жаман түрі адамның өзінің күнәлі істі жасағанын айтып, соны мақтан тұтуы. Күнәлі іспен мақтанған адам өзінің жаман ісін жариялап қана қоймай, оны жарнамалағандықтан күнә үстіне тағы да күнә қосады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресінің 148-аятында: «Алла жаман сөздің жарияланып сөйленуін жақсы көрмейді. Бірақ зұлымдыққа ұшыраған біреудікі басқа. Алла әр нәрсені естиді, біледі», - деп айтқан. Аятта адам өзінің және өзгенің күнәсін жария етуі дұрыс еместігі, ондай істі Алла Тағала жақсы көрмейтіндігі айтылған. Алайда бір адам екінші бір адамға зұлымдық жасаса, оны айту күнәні жариялауға жатпайтындығы баяндалуда. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Менің үмбетімнен күнәларын өздері жария ететіндерден басқалараы кешіріледі. Олар түнде бір күнә істеп, Алла оны жасырады, ал олар болса: «Әй, пәленше, түнде мен осындай да осындай істедім», - деп жар салады. Сонда ол Алланың бүркенішімен ұйықтайды да, ал таңертең ол бүркенішін өзі ысырып тастайды» (Бұхари, 6069 / Мүслим, 2990), - деген. Ибн Хажар (Алла оны рақымына алсын) былай дейді: «Жария етуші (әл-мужаһир) деп күнәсін көрсетіп, Алла Тағаланың жасырғанын ашып, ол жайында сөз қылушыны айтамыз. Ал хадисте келген (жария ететіндер) жайында келетін болсақ, оның мағынасы күнәсін жария, ашық түрде жасаушылар болуы мүмкін. Сонымен қатар күнәлі іс жайында әңгімелесу арқылы бір-бірін жария етушілер болуы да ықтимал» («Фәтху әл-бари», 10/487). Ғалымдарымыз «әл-мужаһара», яғни күнәлі істі жария ету мынадай үш түрлі болатынын айтқан:
Қалай болғанда да күнәлі істі жариялау дұрыс іс емес. Бұл арсыздықтың белең алуына, күнәлі істердің қоғамда көбеюіне себеп болмақ. Алла Тағала қасиетті Құранның «Нұр» сүресі, 19-аятында: «Расында сондай мүминдердің ішінде арсыздық жайылуын жақсы көргендерге; дүние, ақыретте күйзелтуші азап бар. алла біледі. Сендер білмейсіңдер», - деп ескерткен. Осы себепті мүмин адам күнәлі іске тап болған жағдайда, оны барынша жасырып, жүрегімен шынайы өкініп, Алла Тағаладан кешірім тілеп, екінші мәрте ондай күнәлі іске бармауға тырысуы қажет. Үшінші: Байлығымен мақтану. Өзіне берілген дүниесін, киген киімін, мінген көлігін өзгелерге көрсету, айту арқылы мақтану. Хакім Абай оныншы қарасөзінде: «Барында баймын деп мақтанады. Жоғында «маған да баяғыда мал бітіп еді» деп мақтанады», - деп сипаттағанындай, бұндай адамдар қолында жоқ болғанның «кезінде менде болып еді» деп те мақтанады. Бар ойы – сол арқылы өзгелерді тамсандыру, өзінің дәрежесінің жоғары екенін дәлелдеу. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хадид» сүресінің 20-аятында: «Біліңдер! Шын мәнінде дүние тіршілігі бір ойын, ермек, сән және өзара мақтанысу, сондай-ақ малдарды, балаларды көбейту ғана. Бұның мысалы өсірген өсімдігі кәпірлерді таңыртқатқан жаңбыр тәрізді. Сосын қурап, сап-сары болғанын көресің. Содан кейін үгінді болады. Ақыретте қатты азап және Алладан ризалық бар. негізінде дүние тіршілігі – бір алданыштың ғана нәрсесі», - деп айтқан. Төртінші: Білімімен мақтану. Өзінің білімділігі, ғылыми дәрежесі арқылы мақтану. Мақтанудың бұл көрінісі дүниемен мақтанудан да жаман. Өйткені білімімен мақтанушы – ақырет үшін атқарылуы керекті болған амалды дүниеге алмастырған адам. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Алла ризалығы үшін іздену керек болған білімді тек дүниелік мақсатпен ізденсе, ол адам қиямет күні жәннаттың иісін де сезбейді» (Бұхари, 2663 / Мүслим, 3001), - деп айтқан. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 8 | |
| Всего комментариев: 0 | |
