Қалып қатпарлары

МАҚТАНШАҚТЫҚ

Тілдік мағынасы: Мақтаншақтықты «әт-тәмаддуху», «әл-ифтихару» сияқты атаулармен атайды. Ибн Мәнзур бұл екі сөздің айырмашылығы жөнінде: «Мақтаншақтыққа қатысты қолданылатын «әт-тәмаддуху» сөзі белгілі бір сипатпен мақтануды, ал «әл-ифтихару» - бұрын болған дүниені тізбектеп айту арқылы мақтануды білдіреді», - деген.

Терминдік мағынасы: Адам баласының өзіне берілген жақсылық нығметті өзгелерге асыра айту немесе көрсету арқылы басқа адамдардан ерекшеленуді жақсы көруі.

 

Мақтанудың зияны

Адамның дәрежесін төмендетіп, ықыласын жоятын жүрек дертінің бірі – мақтан. Кез келген пенде өзінің жетістігі, мал-дүниесі, сыртқы бейнесінің сұлулығы, бала-шағасының көптігі, шыққан тегі т.б. дүниелермен өзгелердің алдында мақтанғанды әрі өзгелердің оның бойындағы игіліктер жөнінде айтып мақтағанын жақсы көреді. Әйтсе де мұсылман адам бұндай нәпсі қалауын тәрбиелеп, шынайы мақтау Алла Тағалаға тән екенін ұмытпай, мақтан қуып кетуден сақтануы қажет. Қасиетті Құранда Лұқпан хакім өзінің ұлына:

«ешкімге мұрныңды шүйірме, жер бетінде кердеңдеп жүрме! Шүбәсіз, Алла кеуде керіп, менменсіген мақтаншақтардың ешбірін ұнатпайды» («Лұқпан» сүресі, 18-аят), - деп өсиет айтқаны баяндалған.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізді мақтаншақтықтан сақтандырып, былай деген:

«Расында, сендерден маған ең сүйкімді және ақыретте маған ең жақын болатындарың – көркем мінезділерің. Маған ең жағымсыздарың және ақыретте менен алыс болатындарың – әрбір мылжың, мақтаншақ және сөзқұмарлар». Сонда адамдар: «Уа, Алланың Елшісі! Біз мылжың және мақтаншақтың кімдер екенін білеміз, ал сөзқұмарлар деген кімдер?» («Сәрсәр» - тым көп сөйлеуші. «Муташаддиқ» - әрдайым өз сөзін әдемілеп және мәнін көтеріп сөйлеп, адамдарға тіл тигізушілер. «Мутафаиһиқ»  өзі «факх», яғни толтырылған деген сөздер шығады, «мутафайхик» - ол өзінің сөзін тәкаппарлығымен неғұрлым адамдардың көбі біле бермейтін сөздермен толтырып, сол арқылы өзінің үстемдігін көрсеткісі келген адам) – деп сұрайды. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «(Бұлар) тәкаппарлар», - деп жауап берді. (Тирмизи, 2018; Ахмад, 18278).

Дана халқымыз «Өзін-өзі мақтаған өлгенмен тең» деп, мақтанудың жақсы қасиет еместігін айтқан. Хакім Абай Құнанбайұлы өз шығармашылығында көп тілге тиек еткен тақырыптарының бірі – осы мақтаншақтық. Ол:

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ,

Бес дұшпаның білсеңіз, - деп, мақтаншақтықты бес дұшпанның біріне қосқан. Тағы бір өлеңінде:

Пайда, мақтан, әуесқой шайтан ісі,

Кәне біздің нәпсіні тыйғанымыз, - деп, мақтанудың түптамыры нәпсі екенін айтқан. Бұны шәкәрім қажы Құдайбердіұлы да қуаттап:

Мақтанға салынба,

Мансаптың тағы үшін.

Нәпсіңе билетпе,

Басыңның бағы үшін, - деп насихат қалдырған.

Жиырма бірінші қара сөзінде Абай атамыз жалпы мақтан атаулыны екіге бөледі. Оның бірін үлкендік деп атап, екіншісін мақтаншақтық дейді. Кейін мақтаншақтық жөнінде былай деп баяндайды: «Мақтаншақ деген біреуі «демесін» демейді, «десін» дейді. Бай десін, батыр десін, қу десін, пысық десін, әрдайым не түрлі болса да, «десін» деп азаптанып жүріп, «демесінді» ұмытып кетеді. Ұмытпақ түгіл, әуелі іс екен деп ескермейді. Мұндай мақтаншақтардың өзі үш түрлі болады. Біреуі жатқа мақтанарлық мақтанды іздейді. Ол – надан, ләкин надан да болса адам. Екіншісі өз елінің ішінде мақтанарлық мақтанды іздейді. Оның надандығы толық, адамдығы әбден толық емес. Үшіншісі өз үйіне келіп айтпаса, я ауылына ғана келіп айтпаса, өзге кісі қостамайтын мақтанды іздейді. Ол – наданның наданы, ләкин өзі адам емес. Жатқа мақталсам екен деген елім мақтаса екен дейді. Еліме мақталсам екен деген ағайыным мақтаса екен дейді. Ағайынның ішінде өзі мақтау іздеген өзімді өзім мақтап жетем дейді».  

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (19/01/2026)
Просмотров: 8 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: