КӨҢІЛ ҚАЛАУЫНА ЕРУ Көңіл қалауын игерудің жолдары Бірінші: Алла Тағаладан көңіл қалауына еріп, күнәлі іске душар болудан сақтауды сұрап дұға тілеу. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Аллам! Мен өзіңе жаман мінезден, жаман амалдардан әрі көңіл қалауының зиянынан сақтап деп сиынамын», - деп дұға еткен. Екінші: Көңіл қалауын басу. Адамның әлдебір іске көңілі түскенде өзін қолға алып, ойланып, ұстамдылық танытып, нәпсісін тәрбиелеп үйренуі керек. Сәһл ибн Абдулла: «Көңіл қалауын – сенің дертің, ал оның емі болса, қалағанынан қайшы амал ету», - деген. Үшінші: Кейде рұқсат етілген істердің өзінен көңіл қалауын тыю. Білім иелері шәкірттерін сабырлық пен ұстамдылыққа тәрбиелеу үшін кей уақытта рұқсат етілген істердің өзінен тыйған. Өйткені рұқсат етілген істерден өзін тыя алмайтын адам харам етілген істерден бас тарту кезінде әлсіздік танытады. Хазіреті Омар (Алла оған арзы болсын) бір күні базарға бара жатқан Жәбир атты сахабаны жолықтырады. Жөн сұраса келіп, Жәбир (Алла оған разы болсын) өзінің ет жегісі келгенін, соны сатып алуға базарға бара жатқанын айтады. Сонда хазіреті Омар (Алла оған разы болсын): «Әрбір көңілің қалағанды сатып ала бересің бе?» - деп сұрақ қояды. Жәбир ойланып қалып, өзінің көңіл қалауының артынан еріп бара жатқанын түсініп, қайтадан кері үйіне қайтып кеткен екен. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамның көңіл қалағанды сатып ала беруі – ысырап», - деп ескерткен. Төртінші: көңіл қалауын тыйған тақуа адамдардың өмірі жайлы оқу, насихаттарынан ғибрат алу. Мысалы, имам Әбу Хамид әл-Ғазали: «Мақтанға салынушы деп – үш амалды жасағандай кейіп танытып, алайда, оны үш өзге амалмен алмастырған адамды айтамыз. Бірінші – Алла Тағаланы зікір етуден ләззат алатындай болып көрініп, өзі болса дүниені сүюші. Екінші – ықыласты жақсы көретіндей болып көрініп, өзін мақтағанды жан-тәнімен жақсы көруші. Үшінші – Жаратушысын жақсы көргендей кейіп танытып, бірақ өзінің көңіл қалауын тыймаған адам». Бесінші: Алла Тағаладан сауапты үміт ету. Адам баласы дүниедегі бір затты қалағанда одан көңіл қалауын тыйып, сол арқылы Алла Тағаланың мейірімі мен рақымын үміт етуі қажет. Имам ахмадтың (Алла оны рақымына алсын): «Адам баласы шәһуаты қалаған істен бас тартқан сайын сауап алады», - деген. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Ғымран» сүресі, 14-аятында: «Адам баласы үшін әйелдер, балалар, алтын-күмістен жиналған қазыналар, сәнделген заттар, малдар және егіндерді қызыға сүю әдемі көрсетілді. Бірақ олар – дүние тіршілігінің сәні. Негізінде орынның жақсысыс – Алланың құзырында», - деп айтқан. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 10 | |
| Всего комментариев: 0 | |
