КӨҢІЛ ҚАЛАУЫНА ЕРУ Көңіл қалауына ерудің зияны Бірінші: көңіл қалауын орындай берген адам оның құлына айналады. Адам көңілі қалаған істен бас тарта алмаса, оның құлына айналады. Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Өз көңіл қалауын құдай жасап алғанды көрдің бе?» («Фурқан» сүресі, 43-аят) – деп айтқан. Ибн Аббас: «Жер бетінде адамдар сиынатын ең жаман құдай – көңіл қалауы», - деген. Кейде адам өзінің қалауын құдайы етіп жүргенін білмеуі де мүмкін. Тіпті оны тақуалық әрекет жасап жүрмін деп те ойлауы ықтимал. Бірде ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұбайларының үйіне үш кісі келіп, Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құлшылығы жайында сұрайды. Оларға оны айтқаннан кейін азырқанғандай болып: «Бізге Пайғамбардай болу қайда. Оның өткен және кейінгі күнәларының барлығы кешірілген емес пе?» - дейді де, арасынан біреуі: «Мен енді түні бойы құлшылық етемін», - десе, екіншісі. «Мен үзбей ораза ұстаймын», - дейді. Ал үшіншісі: «Мен әйелдерден алыстап, мүлде үйленбе ймін», - деп айтады. Біраз уақыттан кейін олардың жанына ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәдемі болсын) келіп: «Солай де солай деп айтқан сендерсіңдер ме? Алла Тағаланың атымен ант етейін мен сендерге қарағанда Алла Тағаладан көбірек қорқамын әрі тақуалық қыламын. Бірақ мен кей күндері ораза тұтсам, кей күндері аузымды ашып жүремін, түндегі намаз оқимын әрі ұйықтаймын, сонымен қатар әйелдерге үйленемін. Ал кім менің сүннетімнен бас тартса, бізден емес», - деген. Бұл үш адамның айтқаны көңіл қалауынан шығып тұр. Олар сол арқылы Алланың разылығына жетеміз деп ойлады. Алайда олар айтып тұрған амалдар – шариғатқа қайшы болды. Екінші: Қасиетті Құраннан пайда алудан мақрұм етіледі. Көңіл қалауына ерген адам Алла кәләмін оқығанда не тыңдаған кезде, оның насихаттарының пайдасын алудан, ләззаттанудан қағылады. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кезінде ол кісіден тікелей Құран аяттарын естісе де, көңіл қалауына ергендер одан насихат алмаған еді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мұхаммед» сүресі, 16-аятында: «Олардың арасында сөзіңе құлақ асып, уағыз-насихатыңды тыңдайтындар да бар. алайда олар құзырыңнан былай сұрайды. Алла Тағала жүректені мөрлеген әрі олар өздерінің көңіл қалауына ергендер», - деп айтқан. Үшінші: Көңіл қалауы адамды адастырады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Сад» сүресі, 26-аятында: «Көңіл қалауына ерме, әйтпесе ол сені Алланың түзу жолынан адастырады», - деп айтқан. Әли ибн Әбу Талиб (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Сендер үшін екі нәрседен қорқамын. Оның бірі – ұзақ үмітке салыну, екіншісі – көңіл қалауына еру. Расында үміттің тым көп болуы ақыретті ұмыттырса, ал көңіл қалауына еру адамды тура жолдан тайдырады. Дүние – өткінші, ал алдымыздан шығатын ақырет – мәңгілік. Әрқайсысының өз иелері бар. сендер ақырет иелерінен болыңдар. Бұл өмірде амал бар, есеп жоқ, ертең есеп бар, бірақ амал жоқ». баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 8 | |
| Всего комментариев: 0 | |
