КӨҢІЛ ҚАЛАУЫНА ЕРУ Көңіл қалауына ерудің себептері Бірінші: Бала күннен көңіл қалауын тәрбиелеуге мән бермеу. Балаға әр қалаған затын алып беру, әр жегісі келгенін жегізу, ойнағысы келген ойыншығын қолына ұстату дұрыс тәрбие емес. Бұлайша баланың көңіл қалауын орындай беру есейгенде көңіл қалауына ерік берген, оны ұстай алмайтын адамды тәрбиелеп шығаруымыз әбден мүмкін. Балаға кейде сұрағанын алып берсек, кейде мүмкіндік болып тұрса да, әдейі алып бермей, оны ұстамдылыққа тәрбиелеуіміз қажет. Сол сияқты тәрбие барысында балаға көңіл қалауы соқпаған істі істетіп үйрету де керек. Мысалы, білім алу, оқу, жаттау сияқты істерді баланың көңілі қаламайды. Оның көңілі ойын мен ермекте болады. Осы кезде баланың көңілін өзіне пайдалы затқа аудару да ата-ананың тәрбиесіне байланысты. Абай хакім: «Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпенен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады», - деп айтуы осыдан. Екінші: Көңіл қалауына ерік берген ортамен араласу. Көптеген жүрек дертінің негізгі себебі – адамдардың араласатын ортасы. Көңіл қалауына ерген адамдар болса, ол адамның да көңіл қалауына ие болуы екіталай. Атақты табиғин Мужаһидтің (Алла оны рақымына алсын): "«өңіл қалауына ерік берген жандармен бірге мәжіліс құрмаңдар», - деп ескертуі осыдан. Алла Тағала қасиетті Құранның «Кәһф» сүресінің 28-аятында ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Таңертең, кешке Раббыларына, Оның дидарын іздеп, жалбарынғандармен бірге өзің де сабыр ет. Дүние тіршілігінің сәнін қалап, көзіңді басқаға аударма. Сондай-ақ жүрегін, Бізді еске алудан қаперсіз болған, көңіл қалауына еріп, ісі шектен асқан біреулерге бағынба», - деп бұйырған. Үшінші: Дүниені сүю. Әдетте дүниені қатты сүйетін, ақыретті ойлаудан жырақ қалған адамдар, әлдебір дүние ісін көңілі қалайтын болса, тіпті ол тыйым етілген болса да, оған қол жеткізу үшін барлық іске барады. Төртінші: Білімсіздік. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әнғам» сүресінің 119-аятында: «Расында көбі білімсіздікпен көңіл қалауына еріп, өзгелерді адастыруда», - деп айтылған. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 10 | |
| Всего комментариев: 0 | |
