КӨҢІЛ ҚАЛАУЫНА ЕРУ Көңіл қалауына ерудің белгілері Көңіл қалауына еріп жүрген адам өзін көп жағдайда көңілінің құлы боп жүргенін сезбейді. Айналасындағы жақын адамдарының өзі де ол адамды олай деп ойламауы ықтимал. Сол себепті бұл дерттің бойында бар не жоқ екенін білу үшін әр адам көңіл қалауына ерудің негізгі белгілерін білуі аса маңызды. Оның мынадай белгілері бар: Бірінші: Көңілі қалаған істен өзін тоқтата алмау. Әдетте ондай адамдар әлдебір затқа, дүниеге қызықса, оның өзіне, дүниесіне не ақыретіне келтіретін пайдасы не зияны жайында терең ойланбайды. Жегісі келген затты қайткенде де алып жейді, айтқысы келген сөзді айтады, барғысы келген жерге барады, әйтеуір қызыққан дүниесіне қол жеткізбей тыныштық таппайды. Бұндай адамның көңілі қалаған дүние шариғи адал етілген затардан болса да, көңіл қалауына шамадан тыс ерік беру арқылы ысырап, астамшылық сияқты өзге де тыйым етілген істерге душар етуі ықтимал. Екінші: Нәпіл амалдарды орындауға талпынып, парыз амалдарды орындауға жалқаулық таныту. Ибн Ғато әс-Сәкандари: «Көңіл қалауына ерудің белгісі – нәпіл игі істерге құлшынып, парыз етілген амалдарды орындауға жалқаулық таныту», - деген. Адамдардың жиналып ғибратты әңгіме айтып, ізгілікке жанашырлық туралы сөз қозғап, түннің ортасына дейін отырып, кейін әркім тарасып, үйіне барып демалып, таң намазын оқымай қоюы – көңіл қалауына ерудің белгісі. Рамазан айында тарауық намазға берік болып, оны жамағатпен оқуға тырысып, алайда парыз етілген бес уақыт намазға деген ондай құлшыныстың болмауы да тура сондай. Түнгі намазға тұрып, бірақ таң намазын оқуға селқос қарау, нәпіл садақаны беріп, бірақ парыз етілген зекетті бермеу, өзгелерге жәрдемдесіп, асырауы міндетті болған отбасының нәпақасын өтеуге дұрыс мән бермеу сияқты істердің барлығы да – көңіл қалауына ерудің әсері. Өйткені Алла Тағаланың бұйрығын орындауға талпынған адам, нәпіл амалдарды орындай тұра, еш уақытта парыз етілген істерге селқос қарамауы тиіс. Мұхаммад ибн Әбу әл-Уард (Алла оны рақымына алсын): «Адамды құрдымға кетіретін екі іс бар. бірі – нәпіл амалмен шұғылданып, парыз амалға мән бермеу. Екіншісі – дене мүшелерімен ізгі амал жасап, бірақ жүректің онымен қатысы болмауы», - деген. Қызметте, дүние істерінде сырттағы адамдарға жылы жүз, көркем мінез танытып, ал үйдегі, өзінің отбасы мүшелеріне келгенде дөрекі, жаман мінезбен қарым-қатынаста болуды да ғалымдарымыз көңіл қалауына ерудің белгілеріне жатқызған. Үшінші: Шариғи мәтіндердің көңілі қалайтынына ғана амал етіп, көңілі қаламағанын тастау. Қасиетті Құран аяттарының немесе ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің ішінен нәпсісіне жаққанына амал етіп, нәпсісіне ұнамағанына амал етпеу – көңіл қалауына еру дертінің ең бір асқынғанының белгісі. Бұрынғы кітап иелерінің де тура жолдан адасуы да осы себепті еді. Алла Тағала Бәни исраилдіктерге қатысты қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 85-аятында: «Сонда сендер кітаптың бір парасына иман келтіріп, енді бір парасын жоққа шығарасыңдар ма? араларыңда олай істегендердің бұл дүниеде көретіні – тек қана қорлық. Ал қиямет күні ең ауыр азапқа салынады. Алла не істеп, не қойғандарыңнан бейхабар емес», - деп айтқан. Қасиетті Құран өздерінің көңіл қалауына еріп, ақиқатты мойындамаған қауымды «әһлу-л-һәуа», яғни «көңіл иелері» деп атаған. Кейбір ғалымдар «көңіл иелері» деп қасиетті Құранның өзіне ұнаған аяттарын алып, ұнамағанын тастайтындарды айтқан. Төртінші: Алла Тағаланың бұйрықтарын орындап, тыйыл дегенінен тыйылмас үшін түрлі сылтау іздеу. Парыз етілген құлшылықтарды орындамас үшін тілінің келмейтінін сылтаурату, қартайғанда оқитынын айтып кейінге қалдыру, жүрегінің тазалығын айтып ақталу сияқты істер осыған жатқызылады. Тыйым салынған арақты ішу үшін оның бидайдан жасалғанын сылтаурату, ішкенімен ешкімге зиян тигізбейтінін айтып ақталу – көңіл қалауына ерудің белгілерінің бірі. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 9 | |
| Всего комментариев: 0 | |
