КӨҢІЛ ҚАЛАУЫНА ЕРУ Көңіл қалауының түрлері Абай хакім жиырма сегізінші қарасөзінде: «Біреудің көңілі жақсылыққа мейілді, біреудің көңілі жаманшылыққа мейілді», - деп айтқанындай, көңіл қалауының барлығы күнә деп айтуға келмейді. Оның мынадай түрлері бар: Бірінші: Дұрыс деп танылатын көңіл қалауы. Дұрыс деп танылатын көңіл қалауы деп адам көңілі жақсы істі қалауын айтамыз. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көңіл қалауы тек жақсылық болатын. Алла Елшісі әлдебір істі қалауына қатысты Құран аяты түскен жайттар да болған. Бұған құбыланың Бәйту әл-мақдистен Қағбаға өзгеруін мысал етуімізге болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ибраһимнің құбыласына қарап намаз оқуды қалайтын еді. Қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 144-аятында: «Жүзіңді қайта-қайта көкке қарата бергеніңді көрудеміз. Сондықтан өзің разы болған құбылаңа бағыттаймыз. Енді жүзіңді «Мәсжид Харам» жаққа бағытта. Қай жерде болсаңдар да, жүздеріңді сол жаққа бағыттаңдар», - деп айтқан. Екінші: Бұрыс деп танылатын көңіл қалауы. Адам көңілінің пайдасыз, керісінше зиян әкелетін, күнә деп танылатын істерге аууы. Асыл дініміз бұндай көңіл қалауды игеруге, адам өзін ұстап, тәрбиелеуге шақырады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Көңіл қалауы мен алып келгенге ермей ешқайсыларың толық иман еткен болып саналмайсыңдар» (Байһақи, 209), - деген. Көңіл қалауын игеру – жануарлар мен адамдарды ажырататын негізгі сипат. Тіпті адам мен адамның арасындағы рухани айырмашылық көңіл қалауын игеруге байланысты болмақ. Көңілі жаман нәрсені қалағанда оны жүзеге асырмайынша пенде күнәһар болмайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласына оның зинадан жасаған үлесі жазылады. Одан ол құтыла алмайды. Екі көздің зинасы – қарау, екі құлақтың зинасы – есту, тілдің зинасы – сөз, екі қолдың зинасы – ұстау, екі аяқтың зинасы – жүру. Жүрек қалап әрі оны тілейді. Ал ұятты жер болса оны растайды немесе оны қайтарады» (Мүслим, 2657), - деген. Көңіл қалауының бұрыс, яғни дінімізге сай келмейтін түрлері көбірек болғандықтан, қасиетті Құран аяттары мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде көбіне қалаудың осы түріне қатысты айтылған. Сондықтан да біздің тақырыбымыз да көңіл қалауының рұқсат етілмеген түріне қатысты болмақ. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 8 | |
| Всего комментариев: 0 | |
