ҒАПЫЛДЫҚ Ғапылдықты емдеу жолдары Бірінші: Ғапылдық дертіне шалдыққан адамдардан алыс болу. Ғапылдық жұқпалы ауру іспеттес. Ғапыл ортамен әрдайым байланысты болған адамның бұл дерттен жазылуы екіталай. Сол үшін де ғапылдықтан оянуды ниет еткен адам әуелі ондай ортадан ажырауы қажет. Алла Тағала Қасиетті Құранда: «Таңертең, кешке Раббысының дидарын іздеп жалбарынғандармен бірге өзің де сабыр ет. Дүние тіршілігінің сәнін қалап көзіңді басқаға аударма. Сондай-ақ Біз жүрегін Бізді еске алудан ғапылдыққа бұрған, көңіл қалауына ерген әрі шектен шыққан біреуге бағынба» («Кәһф» сүресі, 28-аят), - деп айтқан. Екінші: Зікір. Қасиетті Құранда Алла Тағала ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Раббыңды ішіңнен жалбарына қорыққан түрде бәсең сөзбен ертелі-кеш зікір ет. Сондай-ақ ғапылдардан болма» («Ағраф» сүресі, 205-аят), - деп айтқан. Үшінші: Дүниенің ақиқатын тану. Көп адамдардың ғапылдық дертіне шалдығуына басты себеп – дүние қызығына берілу. Абай хакім: Адам ғапыл дүниені дер менікі, Менікі деп жүргеннің бәрі Оныкі. Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде, Сонда, ойла, болады не сенікі? – деп айтуында үлкен мән бар. Адам баласы дүниенің ақиқи мәнін түсініп, қайтар күнінде оны өзімен бірге алып кете алмайтынын терең түсініп, шын мәнінде екі дүниеде пайдасы бар істермен айналысуы қажет. Төртінші: Құран оқу. Құран – жүректердің шипасы. Оны оқу жүрек дерттерін емдеудің негізгі жолы деп танылады. Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Уа, адамдар! Сендерге Раббыларың тарапынан бір үгіт, жүректегілерге бір шипа, бір шипа, сенушілер үшін тура жол және рахмет (түрінде Құран) келді» («Жүніс» сүресі, 57-аят), - деп айтқан. Бесінші: Түнгі намаз. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім намазында он аят оқыса, ғапылдар қатарында болып жазылмайды. Кімде-кім намазында жүз аят оқыса бойұсынушылар қатарында болып жазылады. Кімде-кім намазында мың аят оқыса ұлы сауапқа ие болатындар санатында жазылады» (Әбу дәуіт, 1398). Алтыншы: Дұға. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иә, Аллам! Расында мен Өзіңе әлсіздіктен, жалқаулықтан, сараңдықтан, бейшаралықтан, қаттылықтан, ғапылдықтан (сақта деп) сиынамын» (Әбу Дәуіт, 1023; Хаким, 1944), - деп дұға ететін болған. Біз де бұл жүрек дертінен ада болуымыз үшін әрдайым ғапылдықтан сақтауын сұрап, Алла Тағалаға дұға етіп жүруіміз қажет. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 5 | |
| Всего комментариев: 0 | |
