Қалып қатпарлары

ҒАПЫЛДЫҚ

Ғапылдыққа түсіретін себептер

Бірінші: Тән рахатын тым жақсы көру. Адам жұмысына жаңа леп, жаңа күшпен кірісуі үшін белгілі бір уақыттарда тәннің хақысын беріп, демалтып тұруы дұрыс. Бірақ тым тән рахатын қуып, уақытының басым бөлігін соған арнау – құптарлық іс емес.

Екінші: Қызық қуу. Жалпы өмірде қуану, қалжыңдау, жақсы істі қызықтауға тыйым салынбаған. Бірақ қызық қуып, ойын-күлкіні өмірдің негізгі мәні етіп алу дұрыс емес. Имам Ғазали. «мүмин ғапыл болмайынша көп күлмейді», - деп, көп күлкіге салыну ғапылдық екенін айтқан. Абай хакім төртінші қарасөзінде: «Әрбір байқаған адам білсе керек: күлкі өзі бір мастық екенін, әрбір мас кісіден ғафил көп өтетұғынын да, әрбір мастың сөйлеген кезінде бас ауыртатұғынын. Былай болғанда, күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан, не бір ұят келерлік істен құр, ғафил көп өткізіп отырса керек. Осындай ақыретте басы бір ауырмай қалмаса керек», - деп айтқан.

Үшінші: Уайымсыздық. Өмірде еш уайымсыз, қамсыз болу да жақсы іс емес. Адам бір жайтты уайымдау арқылы оны шешудің қамын жасап, харекет қылады. Осылайша салғырттық пен ғапылдықтан айырылады. Абай хакімнің: «Қарыны тоқтық, уайымы жоқтық аздырар адам баласын», - деуі осыдан. Мұны төртінші қарасөзінде былай деп ашықтайды: «Әрбір уайым-қайғы ойлағыш кісі не дүние шаруасына, не ахирет шаруасына өзгеден жинақырақ болса керек. Әрбір жинақылықтың түбі кәніш болса керек. Енді олай болғанда, үнемі уайым-қайғыменен жүре аламыз ба? Үнемі күлмей жүруге жан шыдай ма екен? Жоқ, мен үнемі уайым-қайғыменен бол демеймін. Уайым-қайғысыздығына уайым-қайғы қыл-дағы, сол уайым-қайғысыздықтан құтыларлық орынды харекет табу керек һәм қылу керек. Әрбір орынды харекет өзі де уайым-қайғыны азайтады, орынсыз күлкіменен азайтпа, орынды харекетпен азайт!»

Төртінші: Көңіл қалауына еру. Ғапыл кісі – көңіл қалауына еріп, ақылын қалауына жеңгіздірген адам. Алла Тағала қасиетті Құранның «Жәсия» сүресі, 23-аятында:

«Көңілі қалағанын құдай жасап алған, сондай-ақ Алла, өзін біліп адастырған және құлағын, жүрегін бітеп, көзіне перде жасаған біреулерді көрдің бе? Енді Алладан кейін оны тура жолға кім салады? Түсінбейсіңдер ме?» - деп айтқан. (жалғасы бар)  

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (11/11/2025)
Просмотров: 6 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: