ҒАПЫЛДЫҚ Ғапылдықтың бейнелері Бірінші: Алла Тағаланың белгілеріне ғапылдық таныту. «Шеберді шебер дегенше, алланы шебер десейші» демекші, адам баласы айналасына назар салып, әлемнің жаратылысы жайлы ақыл жүгіртсе, Алла Тағаланың барлығын, бірлігін паш ететін дәлелдер өте көп екенін байқайды. Абай хакімнің: «Әрбір ақылды адамға иман парыз, әрбір иманды адамға ғибадат парыз», - деген сөзі бар. осындай ой жүгіртуден мақрұм қалған адамдарды қасиетті Құран ғапылдықтағы адамдар деп сипаттап: «Расында адамдардың көбі белгілерімізден ғапыл» («Жүніс» сүресі, 92-аят), - деп айтқан. Тағы бір аятта: «Көктерде және жерде қаншалаған дәлел бар. адамдар оған көңіл бөлмей өтеді» («Жүсіп» сүресі, 105-аят), - делінеді. Екінші: Қасиетті Құранға деген ғапылдық. Алла Тағаланың кітабы Құранды оқымау, оны үйренуге талпынбау, оның аяттары жөнінде ой жүгіртпеу. Бұндай санаттағы адамдар турасында қасиетті Құранда: «Оған аяттарымыз оқылған сәтте, тәкаппарланған түрде теріс айналып, естімегенсіп, құлақтарында тығын бардай сынай танытады» («Лұқпан» сүресі, 7-аят), деп айтылған. Үшінші: Ғибадатқа ғапылдық. Бұндай ғапылдық бейнесіндегі адамдар құлшылық жасауға мән бермейді, шынайы ниет қоймай, мүмкіндігі бола тұра дүние, қызмет сияқты т.б. істерді сылтау қылады. Құлшылық жасап жүрген адамның өзі ниетін жаңартып отырмаса, ғапылдықтың осындай бейнесіне душар болуы мүмкін. Шайтан лағынет адам баласына құлшылықты бірден тастатпайды. Ол оны алдымен құлшылыққа деген еріншектік, салғырттық, ғапылдық сияқты дерттермен ауыртуға тырысады. Сол себепті әрбір адам өмірінің негізгі мақсаты болған құлшылық атаулыға үлкен мән беріп, әр ғибадатын бар ықыласымен, ең көркем дәрежеде орындауға тырысуы қажет. Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Сондай намаз оқушыларға нендей өкініш. Олар намаздарын немқұрайлы оқиды» («Мәғун» сүресі, 4-5-аяттар), - деп айтқан. Төртінші: Ақыретке ғапылдық. Адам баласы бір күні дәм-тұзы таусылып, Жаратушысына қайтатынын, әр істеген ісі үшін есеп беретіндігін ойламауы. Ол жайлы ойлағысы да келмеуі мүмкін. Қасиетті Құранда: «Олар дүние тіршілігінен көрініп тұрғанын біледі де өздері ақыреттен ғапылетте» («Рұм» сүресі, 7-аят), - деп айтылған. Шынайы мұсылман, ақыретті әрдайым еске алып, ертең өкінбейтіндей бұл дүниеде жақсылық амалдар жасауы қажет. Тұз қышқыл болғанымен астың дәмін келтіретіні сияқты , өлімді ойлау ащы болғанымен, өмірдің мәнін келтіреді. Себебі адам баласы бұл дүниеде қонақ екенін, кез-келген уақытта Жаратушысына қайтатын сәттің келуі мүмкін екенін ұғынғанда бұл өмірдің ақиқатын түсініп, әр сәтін ізгі амалдармен өткізуге тырысады. Ақыретке деген ғапылдыққа түспес үшін адам баласы әрдайым өзіне: «Мен кіммін?», «Қайдан келдім?», «Қайда барамын?» деген сауалдарды қойып жүруі қажет. Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы: Шынды білмек ойласаң сен, Алдыменен жанды біл. Ең керекті үш сұрақпен, Жан құлағын қой бұрап: «Келдім қайдан? Қайтсе пайдам? Өлгеннен соң не болам? «Мен» деген – жан, ақыл – айнам, Жоғала ма сол шын-ақ». Бар болған зат жоғала ма, Жоқтан әсер қала ма? Аш көзіңді, тұмшалама, Кетпе ақылдан тым жырақ», - деп эазған. (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 6 | |
| Всего комментариев: 0 | |
