ДӨРЕКІЛІК Дөрекілікті емдеу жолдары Бірінші: Иман. Адам баласы имани, рухани байыған сайын, мінезі де көркемделе түседі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде. «Мүминдердің арасында иман тұрғысынан ең кемелі – мінездерінің ең жақсы болғаны» (Ахмад, 2/527), - деген. Екінші: Адамдармен қарым-қатынаста Алла Елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үлгі ету. Ардақты Пайғамбарымыз өте сабырлы, сөзде жұмсақ, қарым-қатынаста мейірімді адам еді. Ол кісінің қызметшісі болған Әнас (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Мен Алла Елшісіне он жыл қызмет еттім. Сонда ол маған бірде-бір рет: «Уф!» - деп айтып көрген емес және мен бір нәрсе істесем: «Мұны неге істедің?» - деп те айтып көрген емес және егер мен бір нәрсе істемесем: «Сен бұны неге істемедің?» - деп те айтқан емес» (Бұхари, 3561 / Мүслим, 2330, 2309). Мұсылман адам өзгелермен қарым-қатынаста әркез пайғамбарға еліктеп, қандай қиын жағдай болса да, қандай мінезі қиын адам болса да өзіне «Пайғамбарымыз бұндай жағдай болса қалай істер еді№ қандай мінез танытар еді?» - деген сұрақты қойып барып шешім қабылдаған жөн. Үшінші. Өзгенің кемшілігіне кешіріммен қарау. Пенде болғаннан кейін кемшіліксіз адам болмайды. Біреуге екінші кісінің кейде анау, кейде мынауы ұнамай жатады. Кемшіліксіз дос іздеген доссыз, кемшіліксіз жар іздеген үйленбей кетуі әбден ықтимал. Сол үшін өзгенің түсінбей, ұқпай жатқан тұстарына кешіріммен қарап, мақсатыңыз зекіп, ұрсу емес, керісінше үйрету мен тәрбиелеу екенін ұмытпаған жөн. Хадисте былай делінеді: «Бір жолы бір бәдәуи мешіттің ішінде тұрып дәрет сындырды. Мешіттегілер оны тоқтату үшін орнынан атып тұрды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оларға: «Оған тиіспеңдер. Дәрет сындырған жеріне бір шелек су төгіңдер. Шынында сендер басқаларға қиындық тудыру үшін емес, жеңілдік жасау үшін жіберілдіңдер» (Бұхари, 220), - деп айтты. Төртінші: Адамдар өзімен қалай қарым-қатынас жасағанын қаласа, олармен де сондай мәміледе болыңыз. Өзгенің бізге жылы сөйлегені, «сіз» деп сыйлағаны адам жанына жағатыны белгілі. Ал ауыр сөз айтса, көңіл-күйіміз құлазып, ренжіп жатамыз. Көбіне дөрекі адамның дөрекілігі адамдарға қатты тигенімен, үйреншікті қылығы болғандықтан өзіне сезілмеуі мүмкін. Сондықтан әр адам өзгемен қарым-қатынаста басқа адамдардың өзіне қалай жұмсақ болғанын қаласа, өзгелермен де сондай болуға тырысуы қажет. Бесінші: Адамдардың мінезіне сабыр ету. Баршамыз бір-бірімізге сынақ ретінде жаратылғанбыз. Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Негізінде біріңді-біріңе сынау қылдық. Сабыр етесіңдер ме? Раббың әр нәрсені көруші» («Фурқан» сүресі, 20-аят), - деп айтқан. Бір адамның бойынан бізге ұнамайтын, әлдебір іс көргенімізде, оған сабыр етіп, сауап алуымыз үшін бізге берілген сынақ деп білуіміз қажет. Осындай жағдайда ашуға беріліп, аузымыздан ұнамсыз сөз шығып кетсе, алдымыздағы затты лақтырып, дөрекілік танытсақ – әлсіздігіміз. Әлі де өзімізді рухани шыңдау қажет екенін түсінуіміз керек. Бұндай жағдайда мұсылманға тән төзімділік танытып, лайықты түрде сабыр етіп, дұрыс шешім қабылдасақ, сынақтан өтіп, нәпсімізді тәрбиелегеніміз. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 4 | |
| Всего комментариев: 0 | |
