Қалып қатпарлары

ДӨРЕКІЛІК

Дөрекіліктің көріністері

Бірінші: Ата-анаға деген дөрекілік. Бұл – дөрекіліктің ең жаман түрі. Оған ата-анаға «туф» деп кейіс білдіру, зекіп сөйлеу, ауыр сөз айту, ренжіту т.б. осыған ұқсас істерді жатқызамыз. Қасиетті Құранда Алла Тағала:

«Раббың өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «Туф» деме. Сондай-ақ ол екеуіне зекіме де, ол екеуіне сыйпай сөз сөйле» («Исра» сүресі, 23-24-аяттар), - деп айтқан.

Ата-анамен қарым-қатынаста мұсылман адам өте жұмсақ та биязы болуы керек. Оларды ренжітетін, жүрегіне қаяу салатын қандай да бір қатты сөз айтуға болмайды. Ғалымдарымыз ата-ананың есімін атаудың өзін оларға деген дөрекілік деп білген. Мысалы, Таус (Алл оны рақымына алсын): «Адамның өз әкесін есіміммен атауы да дөрекіліктен», - деп айтқан.

Екінші: Отбасындағы дөрекілік. Адамдардың ішінде сырт көзге сыпайы болып көрінгенімен, отбасына келгенде қабағы ашылмайтын, әр нәрсеге себепсіз ашуланып, жары мен балаларына зекіп сөйлеп, дауыс көтеріп, қол ала жүгіретіндері де бар. Мұсылман адам отбасында өте мейірімді, бала-шағасының бойына үрей емес, қуаныш ұялатуы тиіс. Оларды жиі қуандырып, ойнатып, еркелете білуі керек. Әрине тым еркелетіп, тәрбиені ұмыту – дұрыс емес. Бірақ тәрбиелеуді қатігездік және дөрекілікпен шатастырмау қажет. Айша анамыз (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте:

«Бір бәдәуи Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Сендер балаларыңды сүйесіңдер ме? Біз оларды сүймейміз», - деді. Сонда Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала жүрегіңдегі мейірімділік сезімін жойса, мен не істемекпін», - деп жауап берді» (Бұхари, 5998; Мүслим, 2317).

Үшінші: Адамдарға деген дөрекілік. Өз мансабына, дүниесіне, жасының үлкендігіне сүйеніп, өзгеге дауыс көтеріп сөйлеуі, тілімен себепсіз тиісуі, менсінбеушілік танытуы, дәрежесін түсіруі, өзінен үлкенге «сен» деп нұқып сөйлеуі, «ей», «үй» деп шақыруы, арсыз сөздерді қолдануы сияқты істердің барлығы – дөрекілік.

 

Дөрекіліктің себептері

Адамның дөрекі болуына түрлі себептер әсер етеді. Олардың негізгілері мыналар:

Бірінші: Білімсіздік. Адамның білімі артқан сайын, өзгелермен сөйлесу мәдениеті қалыптаса бастайды. Әр адамның Алла алдындағы құрметін түсінеді, бойында кішіпейілдік, мейірімі, сыпайылық секілді сипаттар қалыптасады.

Екінші: Тәкаппарлық. Адам мансабы, дәрежесі, қоғамдағы орны, байлығына сүйеніп, өзін жоғары қойып, өзгеге менсінбеушілік танытуы – көп жағдайда дөрекілікке себепші болады.

Үшінші: Тәрбиенің болмауы. Баланы ата-анасы кішкентайынан мейірімге баулығаны жөн. Бұндай тәрбие тек сөзбен емес, отбасы мүшелерінің арасында іс жүзінде жүзеге асып жатқанын бала көріп өсуі қажет. Ата-ананың баланың көзінше өзара жанжалдасуы, дауыс көтеріп сөйлеуі, арада сыйластықтың болмауы сияқты істер бала тәрбиесіне кері әсерін тигізеді. Бұндай отбасында өскен баланың жүрегі қатайып, қатігез болып өсуі әбден мүмкін. Себебі адам өскен ортасында мейірім көрмегеннен кейін, оның ертең өзгеге де мейірім танытуы екіталай.

Төртінші: Ортаның әсері. Күнделікті араласатын достары, қызмет барысындағы әріптестерімен қарым-қатынасы дөрекі болған жағдайда дөрекілік адамның әдеттегі мінезіне айналып кетеді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

«Адам өзінің досының дінінде, сол үшін де әрқайсың кімді дос тұтып жүргендігіне назар аударсын» (Әбу Дәуіт, 4833; Тирмизи, 2378), - деген.

Бесінші: Кейде өзге адамның жеке басының ұнамауы не бойындағы кейбір сипаттарды ұнатпауы онымен дөрекі қарым-қатынас жасауға себеп болады. (жалғасы бар)  

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (30/09/2025)
Просмотров: 4 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: