Қалып қатпарлары

ТӘКАППАРЛЫҚ

Тәкаппарлықтың дәрежелері

Бірінші: Жүректегі тәкаппарлық. Тәкаппарлықтың бұл түріне душар болған адам өзін іштей жоғары санайды, өзгелерді төмен деп біледі. Алайда сөзінде, амалында тәкаппар адамның сыңайын байқатпайды. Өзге адамдардың оған құрмет көрсетіп, қызмет етуін, мақтауын аса жақсы көреді. Егер құрмет көрсетілмей жатса, жүрегінде ол адамға деген жек көру мен реніш пайда болады.

Екінші: Амалдағы тәкаппарлық. Тәкаппарлықтың бұл түріне адамның кеудесін керіп жүруі, мұрнының ұшымен қарап, дөрекі қылықтар көрсетуі, дастарқанда ешкім «жоғары шығыңыз» демесе де, өзінен үлкен кісілер бола тұра, дастарқан басына шығып кетуі т.б. істер жатады. Лұқпан хакім ұлына айтқан насихатында:

«Адамдарға паңданып, қыр көрсетпе де, жерде кердеңдеп жүрме. Расында Алла бүкіл дандайсыған мақтаншақты жақсы көрмейді» («Лұқпан» сүресі, 18-аят), - деген.

Аяттағы «Адамдарға паңданып, қыр көрсетпе» дегенді имам Қуртуби (Алла оны рақымына алсын): «Қандай да бір адам жайында сенің қасыңда айтылғанда мысқылдап, аузыңды қисайтып, менсінбеушілік танытпа деген мағынада айтылған», - деп түсіндірген.

Үшінші: Тілдегі тәкаппарлық. Сөйлегенде өзін жоғары көтермелеп, басқаларды түсіре сөйлеу. Өзінің істеген амалдары, шыққан тегі, мал-дүниесінің көптігі, білімі, сұлулығы т.б. істерімен мақтанып, өзін басқалардан артық екенін айтуы тілдегі тәкаппарлыққа жатады.

Ибн Аббас (Алла оны рақымына алсын): «Егер бір адам екінші бір адамға: «Мен сенен артықпын», - десе, адамның адамнан артықшылығы тек тақуалығында ғана болатынын білсін. Өйткені Алла Тағала қасиетті Құранда:

«Расында Алланың алдында ең ардақтыларың тақуаларың» («Хужурат» сүресі, 13-аят), - деген.

 

Тәкаппарлықты емдеу жолдары

Бірінші: Ұлықтық Алла Тағалаға тән екенін әркез есте ұстау. Алла Тағаланың көркем есімдерінің бірі «Әл-мутакаббиру» екені белгілі. Бұл көркем есім жоғарылық пен ұлылық Алладан өзге ешкімге лайық емес екенін білдіреді. Алла Тағала құдси хадисте:

«Тәкаппарлық – менің шапаным, ұлылық – менің жамылғым. Кімде-кім менімен осы екеуінің біріне таласатын болса, оны тозаққа тастаймын» (Мүслим, 2620), - деген.

Екінші: Адамның өзінің әлсіз жаратылыс екенін түсінуі. Адам баласының аштыққа шыдамау, суықта тонып, ыстықта ыстықтау, дертке шалдығу сияқты т.б. көптеген әлсіздігі бар. Адам өзінің әлсіздігін түсініп, тәкаппарлыққа салынатындай ешкім емес екенін әркез қаперінде ұстауы қажет. Алла Тағала қасиетті Құранда.

«Алла сендерге жеңілдік қалайды. Өйткені адам баласы әлсіз жаратылған» («Ниса» сүресі, 28-аят), - деп айтқан.

Хакім Абай да адамның әлсіздігін еске салып:

Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы,

Боқтан сасық боласың өлсең тағы.

Мені мен сен тең бе деп мақтанасың,

Білімсіздік белгісі – ол баяғы, - деп жазған.

Үшінші: Кішіпейіл болудың артықшылығын білу. Жемісті талдың жемісі үлкейген сайын ағашының басы иіле түсетіні сияқты, адамның да ақылы мен білімі толған сайын кішіпейілдене түсуі тиіс. Халық даналығында «Бидайдың басын көтергені – дақылының жоқтығы, адамның басын көтергені – ақылының жоқтығы» немесе «Кішіпейіл болғанмен кішірейіп кетпейсің, өркөкірек болғанмен ұлылыққа жетпейсің» деп айтылуы тегін емес. Кімде-кім тәкаппарлықтан сақтанып, кішіпейіл болуға тырысса, Алла Тағала ол адамның дәрежесін міндетті түрде көтереді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

«Алла үшін кішірейгенді, Алла Тағала әлбетте жоғарылатады» (Мүслим, 2588 / Ахмад, 2/235, 386 / «Рияду-с-солихин, 556), - деген.

Төртінші: Өзіне берілген нығметтің кез-келген уақытта жоғалып кетуі мүмкін екендігін әркез есте ұстау. Тарихта байлығымен масайып, тақыр кедейге айналғандар, дәрежесімен мақтанып, қорлыққа душар болған адамдар аз емес. Кез-келген нығмет Алла Тағаланың қалауымен келеді әрі оны Жаратушымыз кез-келген уақытта алып қоюы мүмкін. Атақ, даңқ, мансап, дүние, барлығы осындай. Алла Тағала қасиетті Құранда:

«(Мұхаммед): «Уа, мүлік иесі Алла! Кімге қаласаң, мүлік бересің де, кімнен қаласаң, дәулетті аласың. Осндай-ақ кімді қаласаң, ардақтайсың да, кімді қаласаң, қор етесің. Жақсылық Сенің қолыңда. Шәксіз әр нәрсеге күшің жетеді», - деп айт» («Әли-Имарн» сүресі, 26-аят), - деп айтылған.

Бесінші: Тәкаппар адамдардан алыс болу. Адам бойында тәкаппарлықтың пайда болуының негізгі себептерінің бірі – тәкаппар адамдармен араласуы, олардан үлгі алуы. Бойындағы тәкаппарлықты жоюды көздеген адам ең бірінші тәкаппарлық дертіне шалдыққан адамдардан алшақтауы қажет. Өзін қарапайым ұстайтын, кішіпейіл адамдармен араласып, солардың ақжарқын мінезінен үлгі алуы тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Адам өзінің досының дінінде, сондықтан кімді дос тұтатындарыңа қараңдар» (Әбу Дәуіт, 4832 / Тирмизи, 2378).  

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (16/09/2025)
Просмотров: 11 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: