Қалып қатпарлары

ТӘКАППАРЛЫҚ

Тәкаппарлықтың зардаптары

Дінімізде мұсылмандарды сақтандырған әрбір рухани дерттің адам баласының екі дүниесіне алып келетін зардаптары өте үлкен. Тәкаппарлықтың мынадай зияндарын атап көрсетуімізге болады:

Бірінші: Тәкаппарлық – шайтанның амалының бірі. Ең алғашқы күнә атаулы да осы тәкаппарлықтан болған. Ібіліске «адамға сәжде ет», - деп бұйырылғанда, тәкаппарлануы себепті қарсы шығып, күпірлікке ұшыраған. Ол жайында қасиетті Құранда:

«Сол уақытта періштелерге: «Адамға сәжде етіңдер», - дедік. Сонда олар дереу сәжде жасады. Бірақ ібіліс бас тартып, тәкаппарланып, қарсы келушілерден болды» («Бақара» сүресі, 34-аят), - деп айтылған.

Имам Әбу Хамид әл-Ғазали: «Ібіліс сияқты істеушінің тәубесі қабыл етілмейді. Ал Адам пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) сияқты істегеннің Алла Тағала тәубесін қабыл етеді. Өйткені күнәнің себебі нәпсі болса, кешірімді үміт етуге болады. Бірақ тәкаппарлықпен Жаратушыға қарсы шығып істеген күнә кешірілмейді», - дейді.

Екінші: Тәкаппар адам жәннаттан мақрұм қалады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

«Жүрегінде тозаңның түйіріндей тәкаппарлығы болған (адам) жәннатқа кірмейді», - деп, тозаңдай тәкаппарлықтың өзі адамды жәннаттан мақрұм ететіні ескертілген.

Үшінші: Тәкаппар адам Алла Тағаланың сүйіспеншілігінен қағылады. Тәкаппар адам Жаратушыға да, жаратылысқа да ешқашан ұнамды болмайды. Алла Тағала қасиетті Құранда:

«Расында Алла тәкаппарларды жақсы көрмейді» («Нахыл» сүресі, 23-аят), - деп айтқан.

Төртінші: Тәкаппарлық – азапқа душар етеді. Тәкаппарлықтың қияметтегі жазасы ауыр. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Сендерге тозақта болатындардан хабар берейін бе? Ол әрбір дөрекі, сараң және такаппар» (Бұхари, 4918 / Мүслим, 2853), - деген.

 

Тәкаппарлықтың түрлері

Тәкаппарлықтың мынадай үш түрі бар.

Бірінші: Алла Тағалаға тәкаппарлық таныту. Алла Тағаланың бұйрықтары мен тыйымдарына, оның кітабындағы үкімдерге қарсы шығып, Құранның үкімдерін менсінбеу, өзін одан ақылды әрі жоғары тұту. Бұл – тәкаппарлықтың ең жаман түрі. Бойын бұндай тәкаппарлық дерті билегендер жайында қасиетті Құранда:

«Расында Маған құлшылық қылудан тәкаппарлық қылғандар, олар қор болып, тозаққа кіреді» («Ғафир» сүресі, 60-аят), - деп айтылған.

Екінші: Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген тәкаппарлық. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) артынан еруді қорлық деп біліп, өзін ол кісіден жоғары санап, тәкаппарлық қылу тәкаппарлықтың осы түріне жатады. Көптеген пайғамбарларға қауымдарының қарсы шығуы, сонымен қатар Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) насихатына қарсы келген Мекке мүшріктерінің тәкаппарлығы тәкаппарлықтың осы түріне жатады. Бұндай тәкаппарлық Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жалпы алып келген шариғатына не жеке айтылған насихатына да қатысты болуы мүмкін. Салама ибн әл-Әқуағтан (Алла оған разы болсын) мынадай оқиға жеткен:

«Бір адам Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көзінше сол қолымен жей бастады, сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оң қолыңмен же!» - деп ескертті. Әлгі адам: «Жей алмаймын», - деді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): жей алмай қал! Оған тәкаппарлығыңнан басқа еш нәрсе бөгет жасамайды!» - деп қалуы мұң еді, ол адам кезден бастап (сол) қолын аузына апара алмайтын болды» (Мүслим, 2021).

Адамның діни бұйрықтарды үзір жағдайға байланысты жасай алмауына шариғатымызда жеңілдіктер қарастырылған. Алайда, шамасы келе тұра тәкаппарлығы себепті жасамауының үкімі басқа. Жоғарыдағы хадисте баяндалған Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) насихатына құлақ аспаған адам тәкаппарланып ардақты Пайғамбарымызға қарсы шыққандықтан, қолын аузына апара алмайтын жағдайға түскен.

Үшінші: Алланың құлдарына тәкаппарлық таныту. Өзін өзге адамдардан жоғары санап, басқа адамдарды өзінен төмен көру, менсінбеу. Ғұмар Қараш тәкаппарлықтың бұл түріне қатысты: «Тәкаппарлық – өзін басқалардан зор санау, адамзат қауымдастығының қағидасына қайшы келеді. Барлық жаман әдет-ғұрып осыдан шығады. Бұл – көбінесе мансап иелерінде кездеседі», - деген.  

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (08/09/2025)
Просмотров: 9 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: