Қалып қатпарлары

ЖАЛҚАУЛЫҚ

Жалқаулықты емдеу жолдары

Бірінші: Алла Тағаладан жалқаулықтан арылуды тілеп, дұға ету. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Уа, Аллам! Расында, мен өзіңе әлсіздіктен және жалқаулықтан (сақта деп) сиынамын» (Бұхари, 2823; Мүслим. 2706), - деп дұға еткен. Осы бір дұғаны мұсылман адам күнделікті таңғы және кешкі дұғаларына қосып айтып жүргені дұрыс.

Екінші: Мақсат қою. Адамның әлдебір іске жалқаулануы – ол іске қатысты мақсатының болмауында. Егер адам биік мақсатты көздеп, оған жетуді мұрат етсе, бойында кез келген істі атқаруға жігер пайда болады. Ауыр істің өзі ол үшін өте оңай орындалатын іске айналады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

«Алладан сұрасаңдар, Фирдаусты сұраңдар» (Тирмизи, 2531), - деп әрбір мұсылман жәннаттың ең жоғарғы дәрежесі Фирдаусқа кірсем деп биік мақсат қоюы қажеттігін өсиет еткен.

Үшінші: Ізгі амалдар атқаруда жарысу. Алла Тағала біздің жақсылық амалдарда өзара жарысуымызды бұйырып:

«Жақсылықта жарысыңдар» («Бақара» сүресі, 148-аят), - деп айтқан. Басқа бір аятта:

«Раббыларыңның кешіріміне асығыңдар» («Әли Имран» сүресі, 133-аят), - деген.

Нәпсісін тәрбиелеуші адамның жанында өзі сияқты күрес жолында жүрген ізгілердің болғаны жақсы. Олар білім алу, құлшылық жасау, өзге де ізгілік амалдарда бір-бірімен жарысу арқылы бір-біріне жәрдемші болады. Тарихта өткен көптеген ізгі адамдардың жақсы амалдары жасаудағы белсенділігіне себепші болған дәл осы іс еді. Мысалы, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) саңлақ сахабалары хазіреті Әбу Бәкір мен хазіреті Омар (Алла оларға разы болсын) жақсылық жасауда өзара жарысатын еді. ол турасында хазіреті Омар былай дейді: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізге садақа беруді бұйырған еді. Ол кезде менің қолымда дүнием бар уақыт болатын. Сонда мен: «Бүгін Әбу Бәкірден озатын болдым», - дедім де дүниемнің тең жартысын алып келдім. Алла Елшісі менен: «Уа, Омар, отбасыңа не қалдырдың?» - деп сұрады. Мен: «Дәл осындайын», - дедім. Бір кезде Әбу Бәкір өзінің қолында бардың дүниенің бәрін алып келді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) одан да: «Отбасыңа не қалдырдың?» - деп сұрады. Сонда Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын): «Алла мен Оның Елшісін қалдырдым», - деді. Бұны естігенде мен: «Алланың атымен ант етейін, енді Әбу Бәкірден ешбір амалда оза алмаспын», - дедім» (Тирмизи, 3675).

Төртінші: Түнді ұйқысыз, ал күндізгі уақытты ұйқымен өткізуден сақтану. Алла Тағала түнгі ұйқыны біздің тынығуымыз, ал күндізгі уақытты еңбек етуіміз үшін берген. Қасиетті Құранда:

«Ол сондай Алла, сендерге түнді киім, ұйқыны тынығу етіп, күндізді (кәсіпке) тарқау мезгілі қылды» («Фурқан» сүресі, 47-аят), - делінеді.

Көбіне түнді бос әрі пайдасыз істермен өткізу, адамның еңбек етуі керек болған күндізгі кезде әлсіреу, шаршау, ұйқысырау сынды істерге алып келеді. Сондықтан әр істі өзінің орны мен уақытында атқарған жөн. Түнгі ұйқысы толық қанып, қажетті деңгейде демалған адам күндіз сергек әрі белсенді болады. Алла Елшісі құптаннан кейін бос сөзбен шұғылдануды ұнатпауының басты себебі де осы болатын.

Бесінші: Уақытында істеуге шамасы бар істі, кейінге қалдырмау. Қазақ халқында «Еріншектің ертеңі бітпес» немесе «Аз жұмысты қиынсынсаң, көп жұмысқа тап боларсың» делінген даналық сөздер бекер айтылмаған. Себебі аз жұмысты қиынсынып, кейінге қалдыру, көбіне жұмыс көбейіп, түбінде мүлде істелмей қалуына әкеліп соғуы мүмкін. Бұндай жайт болмас үшін адам баласы кез келген істі өз уақытында, сапалы, көркем түрде атқаруға өзін үйретуі қажет.

Кәғб ибн Мәлик атты сахаба (оған Алла разы болсын) өзінің Тәбук шайқасынан қалып кеткендігі жайында айтатын ұзақ хадисте былай деген: «Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл шайқасқа жемістер пісіп, ағаштардан мені қызықтыратын тамаша көлеңкелері түсетін уақытта аттанды. Сонымен Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) басқа мұсылмандармен бірге шайқасқа дайындалып жатқанда, мен олармен бірге таңертең дайындалу ниетімен шығып, ал кешке қарай өз-өзіме. «Мен бұны кез келген уақытта істегім келсе істеймін», - деп ештеңе істемей құр оралатын болдым. Басқалар дайындалып жатқанда мен осы ниетімнен таймадым. Сонымен ақыр аяғында бір күні таңертең Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзге мұсылмандармен бірге жолға аттанғанда, мен болсам сол дайындалмаған күйде қала бердім. Сол кезде мен тағы да таңертең шығып кешке жақын еш нәрсе жасамай қайта оралдым. Мен осындай күйде жүргенімде, сапарға шығушылар жылдам қозғалған күйде алыстап кетті. Мен жолға шығып оларды қуып жетпекші болдым. Шіркін, солай істей алсам еді! Бірақ, бұлай істеу маған нәсіп етілмеді. Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жолға шығып кеткеннен кейін, екі жүзді деп айып тағылатындар мен Алла Тағаланың Өзі рұқсат еткен әлсіздерден өзге өзім сияқтыларды кездестірмедім. Мінеки, осы жайт мені бәрінен де қатты өкіндіретін. (Бұхари, 4418; Мүслим, 2769)

Алтыншы: Жалқаулықпен күресу. Адам өз бойындағы жалқаулығымен күресе білуі қажет. Ол жалқаулыққа кері амал істеу, ерініп тұрса да бір жұмысты уақытында істеп тастауға тырысу, ұйқыға тартып тұрса, төсекке жатпай, керісінше, ұйқысын ашуға тырысып, жұмыс жасау сияқты істермен болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Сендердің қайсыбірін ұйықтағанда, шайтан желкелеріңе үш түйін түйіп, әрқайсына: «Сенің түнің ұзақ болады, ұйықта!» - деп соғады. Егер адам оянып, Алланы еске алса, онда бір түйіні шешіледі. Егер дәрет алса, екінші түйіні шешіледі. Егер намаз оқыса, онда үшінші түйіні шешіледі де, адам таңертең белсенді әрі өзін жақсы сезінген күйде оянады. Ал олай істемесе, онда көңіл күйі нашар болып, жалқаулық басқан күйде оянады» (Бұхари, 1142; Мүслим, 776), - деп айтқан.   

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (03/06/2025)
Просмотров: 8 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: