ЖАЛҚАУЛЫҚ Жалқаулықтың түрлері Алланың бұйрықтарын орындауда жалқаулық танытушылар мынадай бірнеше топқа бөлінеді: Бірінші: Алладан келген бұйрықтардың барлығын ауыр тұтып, жалқаулық таныту. Құлшылық атқаруға ешбір ниет-қалаудың болмауы әрі ғибадат жасауды ұнатпау. Бұл – екіжүзділерде болатын сипат. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Тек қана олардың сарп қылғандарын олардан қабыл болуына кедергі болған жағдай: Аллаға, елшісіне қарсы болғандықтары, намазға жалқаулықпен келулері және аса жек көрген түрде мал сарп қылулары» («Тәубе» сүресі, 54-аят), - деп айтқан. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында екіжүзділер үшін ең ауыр намаз құптан намазы мен таң намазы. Егер олар осы екі намазды орындаудың сауабы қандай екенін білсе, еңбектеп болсын келер еді» (Бұхари, 657; Мүслим, 651) – деген. Хадис мәтініндегі «әсқала» сөзі «ең ауыр» деген мағынаны білдіреді. Бұдан олар үшін барлық намаздың ауыр екенін түсінеміз. Алайда ең ауыр келетіні – таң мен құптан намаздары. Екінші: Алладан келген бұйрықтардың кейбірін ғана ауыр тұтып, жалқаулық таныту. Бұндай жалқаулық түрі өзінің көңіл қалауына ерген кейбір адамдардың бойында болады. Жалқаулықтың жоғарыда айтылған бірінші және осы екінші түрінің негізгі себебі – жүректің пухани дертке шалдығуы. Бұл дерт біреуде ауыр, ал бір адамда әлсіз болуы мүмкін. Үшінші: Құлшылқыты ауыр көрудің себебі тек тәнде, бірақ жүрегінде ондай теріс сипаттары жоқ адамдар. Бұндай санаттағы адамдардың әдетте құлшылыққа деген қалауы мен ниеті болады. Тіпті ізгі амалдарды жақсы көреді. Егер қандайда бір құлшылықты өткізіп алса, ол үшін қайғырады. Бірақ атқаруға келгенде әркез бойын жалқаулық басып тұрады. Түнгі намазды оқысам деп ниет етіп, жалқаулыққа салынып орындамайды. Білім алсам деп әлдебір қітапты оқи бастайды, бір ұстаздан дәріс ала бастайды, бірақ аяғына жеткізбей тастап кетеді. Әр айда Құранды хатым етсем деген ой пайда болғанымен, ол ойы да іске асырылмаған күйде қала береді. Нәпіл оразаны сүйгенімен ол да «баяғы жартас – сол жартас» күйінде ұсталмайды. Бұл – көптеген мұсылмандардың бойында бар дерт. Төртінші: Кей уақытта пайда болатын денедегі ауырлық пен жалқаулық. Бұл – барлық адамның бойында кездесетін жалқаулық түрі. Бек әркімде әртүрлі дәрежеде болады. Жалқаулықтың бұл түріне көбіне шаршау, ұмыту, ауыруға шалдығу т.б. себеп болады. Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хатшыларының бірі болған әбу Рибғи Ханзалә ибн Рабиғ әл-Усайди атты сахаба былай дейді: «Бірде мен Әбу Бәкірді кездестіргенімде ол менен: «Уа, Ханзалә, жағдайың қалай?» - деп сұрады. Мен оған: «Ханзалә екіжүзді болды», - деп жауап бердім. Бұны естіген соң: «Субханаллаһ! Сен не деп тұрсың?!» - деді. Мен: «Біз Алла Елшісінің жанында болып, бізге жәннат пен тозақ жайында айтқанында, оны өз көзімізбен көргендей боламын. Ал ол кісінің жанынан кетісімен балаларымыз, әйелдерімізбен және дүние тіршілігімен шұғылданып, көп нәрсені ұмыт қалдырамын!» - дедім. Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын): «Алланың атымен ант етемін, менің де сезінетінім сол!» - деді. Содан соң біз Әбу Бәкір екеуіміз Алла елшісіне келіп, мен: «Уа, Алланың елшісі! Ханзалә екіжүзді болды», - дедім. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұның қалай?» - деп сұрады. Мен: «Уа, Алланың елшісі! Біз сіздің жаныңызда болғанда жәннат пен тозақ жайлы ескертесіз. Сол уақытта оларды көзімізбен көргендей сезімде боламыз. Ал сіздің қасыңыздан кете сала балаларымыз, әйелдерімізбен және дүние тіршілігімен шұғылданып, көбін ұмыт қалдырамыз», - дедім. Менің айтқандарымды тыңдап шығып, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жаным қолында болғанның атымен ант етемін, егер сендердің күйлерің әрқашан менің жанымда болған кездеріңдегідей болып, Алланы әрдайым есте ұстаған болсаңдар, онда періштелер сендер төсектеріңде де, жолдарыңда да, тіпті қайда болсаңдар да, қолдарыңнан ұстап амандасар еді. Уа, Ханзалә! Әр іс өз уақытымен болады!» (Мүслим, 2750) - деп, соңғы сөздерін үш мәрте қайталап айты. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 7 | |
Всего комментариев: 0 | |