Қалып қатпарлары

ЖАЛҚАУЛЫҚ

Тілдік мағынасы: Жалқаулық араб тілінде «әл-кәсәлу» деп аталады. Тіл ғалымдары бұл сөзге «ауыр келмеген істі ауыр көру» деп анықтама берген. Көп адам жалқаулықты «әл-ғажзу» - әлсіздік сөзімен шатастырып жатады. Өзара ұқсас бұл екі сөздің айырмашылығын Ибн Хажар (Алла оны рақымына алсын) былай деп түсіндіреді: «Жалқаулық – әлдебір іске шама келе атқармау, ал әлсіздік – атқаруға шаманың келмеуі» («Фатху-л-бари», 6/36). Ғалымның бұл сөздерінен түсінетініміз әлсіздікке себеп шаманың болмауы, ал жалқаулықтың себебі – ниеттің болмауында.

Терминдік мағынасы: Жалқаулықты әл-Мунаууи (Алла оны рақымына алсын) былай деп түсіндіреді: «Әлдебір іске шама-шарқы жете тұра, оны атқаруға келгенде әлсіздік танытып, ауыр көру. Не болмаса адамның бойында жақсы істі атқаруға деген ынтаның болмауы» («Файду-л-қадир», 2/154).

 

Жалқаулықтың зардаптары

Жалқаулықтың адамның екі дүниесіне тигізер зияны өте көп. Дүние істеріне жалқаулық қылған адам еңбектен қағылып, адамдар арасында қадірсіздік хәліне түсетін болса, ақыреттік істерде жалқаулық танытқан адам ізгі амалдардан құр қалады. Ата-бабаларымыз «Жалқау тек жатар, ырысы да қашар», «Жаман болатын жігіт шегіншек келер, кедей болатын жігіт еріншек келер», «Аттың сүріншегі жаман, ердің еріншегі жаман» деген сөздер арқылы ұрпағын жалқаулықтан сақтандырған. Хакім Абай үшінші қара сөзінде: «Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді, әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады», - деп, жалқаулықтан түрлі кеселге себеп болатынын айтқан. Бұл мәселе жайлы Шәкәрім Құдайбердіұлы өлең жолдарында:

Еріншектік – салақтық,

Салақтықтан – надандық.

Бірінен-бірі туады,

Жоғалар сүйтіп адамдық, - деп айтқан.

Қасиетті Құранда Алла Тағала құлшылыққа деген жалқаулықты екіжүзділердің бойындағы негізгі сипаттың бірі ретінде сипаттап: «Қашан олар намазға тұрса, жалқауланып тұрады. Адамдарға көрсету үшін оқып, олар Алланы өте аз еске алады» («Ниса» сүресі, 142-аят), - деп айтқан. (жалғасы бар)   

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (21/05/2025)
Просмотров: 11 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: