КӨРЕАЛМАУШЫЛЫҚ Көреалмаушылық дәрежелері Көреалмаушылық дертінің мынадай үш дәрежесі бар: Бірінші: Өзгенің бойындағы жақсылыққа іштарлық қылу. Бұл дәрежедегі адам өзгенің бойындағы жақсылыққа іштей күйінеді, өзгенің қуанышы қайғы әкеледі, алайда одан арысына бармайды. Екінші: Өзгедегі нығметке іштарлық қылумен қатар ол нығметтің әлгі адамнан кетуін қалау. Бұндай сатыдғаы адам өзгенің бойындағы нығметке көреалмаушылық қылып, қайғырып, ол нығметтің өзгеде болмауын, өзінде ғана болуын тілейді. Адамның өз бойына келген жамандықты өзгенің басына келуін қалауы да тура осы дәрежеге жатады. Әдетте ондай адамдар, өзі ауырып сыртқаттанса өзгелердің солай болуын қалайды. Кедейленсе, өзгенің де кедей болғанын тілейді. Үшінші: Өзгедегі нығметке көреалмаушылық қылумен қатар, оған қиянат жасау. Көреалмаушылықтың кесірінен өзгеге зиян тигізу – көреалмаушылық дертінің ең асқынған түрі. Ол адам көреалмаушылық қылған адамын сырттай жамандау, ғайбаттау, өсектеу, жала жабу арқылы тілімен немесе жарақаттау, ұрып-соғу сияқты т.б. денесімен зиян келтіруі мүмкін. Жүсіп пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) ағайындары оған көреалмаушылық қылып, құдыққа тастауы көреалмаушылықтың осы дәрежесіне жатады. Қасиетті Құранда ол жайында: «Расында Жүсіп туыстарының қиссасында сұраушылар үшін өнегелер бар. Сол уақытта туыстары: «Жүсіп және інісі әкемізге бізден жақсы көрінеді. Біз болсақ мықты бір топпыз. Дау жоқ, әкеміз ашық адасуда» деді. Олардан бір айтушы: «Жүсіпті өлтіріңдер немесе бір жерге апарып тастаңдар. Өздеріңе әкелеріңнің алды бос қалды. Артынан да түзу бір топ боларсыңдар» деді» («Жүсіп» сүресі, 7-9-аят), - деп айтылған. Әбу Һурайадан жеткен хадисте ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетін көреалмаушылықтың бұл түрінен сақтандырып: «расында менің үмбетім (өзге) үмбеттердің дертіне шалдығады», - дейді. Сонда (адамдар): «Уа, Алланың пайғамбары! Ол (өзге) үмбеттердің дерті не еді?» - деп сұрайды. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Менмендік пен менсінбеушілік, (дүниені) көбейтуге ұмтылу, дүние үшін бақталастық қылу, өзара жеккөрушілік пен көреалмаушылық қылу. Тіпті шеттен шығуғы барып, оның арты кісі өлтіруге жеткізеді» (Хаким, 4/185), - деп жауап береді. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 7 | |
Всего комментариев: 0 | |