КӨРЕАЛМАУШЫЛЫҚ Көреалмаушылық зардаптары Көреалмаушылық – адамның ізгі амалдарын жоятын, жаман ой мен күнәлі істерге жетелейтін жүрек дертінің бірі. Қазақ халқында «күншілдің күні қараң» немесе «Күншіл адам – мұңшыл» деп, көреалмаушылық адамның кеудесін уайым мен қайғыға душар ететінін айтады. Бұндай адам көреалмаушылықтың себебімен жақынымен жылдар бойғы жалғасқан қарым-қатынасты үзіп, күні-түні сары уайымға салынып, өзін іштей жеп, өзгенін бақытына қуанудан қалыс қалады. Сол үшін де дүние мен ақыретімізге орасан зиян алып келетін бұндай дерттен әр адам сақтануы қажет. Ол үшін ең алдымен қасиетті Құран аяттары мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистеріндегі көреалмаушылықтың мынадай зияндары жайында білгеніміз жөн: Бірінші: Көреалмаушылық – дінімізде тыйым етілген іс. Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Алланың біріңді-біріңнен артық еткен нәрсесіне ынтық болмаңдар. Еркектердің еңбектерінің үлесі өзіне және әйелдердің еңбектерінің үлесі өзіне тән. Алладан оның кеңшілігін сұраңдар. Шәксіз Алла әр нәрсені толық білуші» («Ниса» сүресі, 32-аят), - деп айтқан. Әз-Зужаж осы аятқа қатысты. «Адамға өзгенің дүниесіне, мәртебесіне ынтық болуына болмайды. Өйткені олай істеу – көреалмаушылық» («Мағани әл-қуран уә иғрабуһу», 2/45), - деген. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): Бір-біріңді жек көрмеңдер, бір-біріңе көреалмаушылық қылмаңдар, бір-біріңнен теріс бұрылмаңдар. Алла Тағаланың құлдары, бір-біріңе бауырмал болыңдар» (бұхари, 6065; Мүслим, 2558), - деген. Екінші: Көреалмаушылық – шайтани амалдың бірі. Алла Тағала адам баласын жаратып, оны құрметті еткеннен кейін барша періштелерге оған сәжде етуге бұйырады. Алайда Ібіліс адамға берілген мәртебені көреалмай, тәкаппарланып, сәжде етуден бас тартады. Ол турасында қасиетті Құранда былай делінген: «Расында сендерді жаратып сонан кейін бейнеледік. Сонан соң періштелерге: «адамға сәжде қылыңдар!» - дедік. Барлығы сәжде етті. Бірақ Ібіліс сәжде етпеді де, сәжде етушілерден де болмады. (Алла Тағала Ібіліске): «Саған Мен әмір еткенде сені сәжде етуден не тыйды?» - деді. Ол: «Мен одан артықпын. Мені оттан жаратып, оны балшықтан жараттың», - деді» («Сад» сүресі, 75-76-аяттар). (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 7 | |
Всего комментариев: 0 | |