АШУ Ашудың түрлері Ашудың мынадай екі түрі болады: Бірінші: Құпталмайтын ашу. Жаман мінез деп танылатын, дінімізде тыйым салынған ашу. Екінші: Құпталатын ашу. Адамның діні, ар-намысы үшін ашулануы тыйым етілген ашуға жатпайды. Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) бұзауға табынып кеткен қауымына ашуланғаны турасын қасиетті Құранда: «Мұса еліне ашу-ыза, кейіпен келді де: «Мен жоқта өте жаман іс қылдыңдар», - деді («Ағраф» сүресі, 150-аят), - деп айтылған. Ашудың бұл екі түрінің арасындағы айырмашылықты Әбу Хамид әл-Ғазали өзінің «Ихия» атты кітабында келтірген мына бір оқиғадан түсінуімізге болады: «Аллаға құлшылық етуші бір тақуа жан, талға табынатын қауым жайында естіп, әлгі ағашты кеспек болып жолға шығады. Сонда оның алдынан Ібіліс шығып: «Егер сен ол ағашты кесіп тастасаң, олар бәрібір өзге ағаш тауып алып, соған табынады. Сен одан да өзіңнің құлшылығыңды жасай бер», - дейді. Әлгі адам болса: «Жоқ, мен міндетті түрде ол ағашты кесуім керек», - дейді. Осы сәтте екеуі айқаса кетіп, адам шайтанды жеңіп кетеді. Ібілс оған: «Сен өзің кедей адамсың. Барып өзіңнің құлшылығыңды жасай бер. Ме әр күні ұйқыңнан оянғанда жастығыңның астына екі динардан салып тұрайын. Өзің ол талға құлшылық етпесең болды емес пе?» - дейді. Ағашты кеспекші болған адам Ібілістің бұл ұсынысын қабыл алып, үйіне қайтады. Ертесінде таңертең жастығының астынан екі динар тауып алады. Екінші күні тағы екі динар бар шығар деген үмітпен жастығының астын қараса, ешнәрсе жоқтығын байқайды. Өзіне уәде етілген екі динарды таппаған ол қайтадан әлгі ағашты кеспек болып жолға шығады. Алдынан тағы Ібіліс шығып, екеуі айқаса кетеді. Бірақ бұл жолғы айқаста жеңіс ібілістікі болады. Бұған таңғалған адам Ібілістен: «Бұл қалай болғаны? Әуелгі жолы мен сені жеңіп кетіп едім, бұл жолы мені қалай жеңдің?» - деп сұрайды. Сонда Ібіліс: «Алдыңғы ашуын Алла Тағаланың ризалығы үшін, ал бұл жолғы ашуың екі динар үшін болды», - дейді («Ихия», 3/38). (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 16 | |
Всего комментариев: 0 | |