РИЯКЕРЛІК Риякерлікті емдеу жолдары Бірінші: Әр амалды атқарарда ниетті жөндеу. Пенде әрбір ізгі амалды атқарар алдында ниетінің дұрыс болуына, сол амалының мақсаты Алла Тағаланың ризалығын алу екеніне аса мән беруі қажет. Өйткені Алла Тағала шынайы ықыласпен орындалған амалды ғана қабыл етеді. Файруз Абади (Алла оны рақымына алсын): «Ықылас – риякерлікті тәрк ету», - деп анықтама берген. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Асылы олар тек қана хақ дінінен ауытқымай, Аллаға шын ықыласта бола тұрып, Оған құлшылық етуге, намаз өтеуге, зекет беруге бұйырылған еді. Нағыз тура дін – осы» («Бәйина» сүресі, 5-аят), - деген. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында Алла Тағала шынайы ықыласпен тек қана Оның ризашылығын ғана қалап жасалған амалдан басқасын қабыл етпейді» (Насаи, 3140), - дейді. Екінші: Бүкіл адамдардың ризалығына қол жеткізу мүмкін еместігін білу. Бес саусақ бірдей болмайтыны сияқты, адамдардың ақыл-ойы, пікірі әрқашан ұштаса бермейді. Атқарған ісіңізге кейде бір адам риза болса, енді бірі риза болмауы мүмкін. Бұл – өмірдегі қалыпты жағдай. Осыны ескерген жан ешуақытта бүкіл адамға жағып, барлығына бірдей ұнауды мақсат етпеуі тиіс. Алла Тағала қасиетті Құранда екіжүзділерді сипаттағанда: «Олар сендерді разы қылу үшін Алланың атымен ант береді. Егер олар иман келтірген болса, Алланы және елшісін разы қылуға тиісті еді» («Тәубе» сүресі, 62-аят), - деп айтқан. Бұл аятта Алла Тағала екіжүзділердің мүминдерге келіп ант беретінін хабар етуде. Бірақ олар шынайы мүминдер болса, адамадрды емес, Алла Тағала мен Оның Елшісін риза етуді мақсат қылу керектігін баян етуде. Үшінші: Мурақаба. Алла Тағала сыртқы және ішкі дүниемізді бақылап тұрғанын әрдайым есте ұстап әрі солай екеніне нақты сенімді болуды «мурақаба» деп атаймыз. Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Расында Алланың жүректеріңдегіні білетіндігін біліңдер. Одан сақтаныңдар» («Бақара» сүресі, 235-аят), - деп ескерткен. Осы сипат жүрегіне терең орнаған бұрынғы ізгі амалдар құлшылық жасауға дайындалған уақытының өзінде Алла Тағаланың жақындығын ерекше сезініп, мүлде бөлек күйде болатын. Мысалы, Әли ибн әл-Хусейн (Алла оны рақымына алсын) дәрет алғанда жүзі сап-сары болып өзгеріп кететін. Сонда одан: «Сізге не болды?» - деп сұрағандарға: «Кімнің құзырында тұрғалы жатқанымды білесіңдер ме?» - дейді екен. Төртінші: Дұға ету. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кез келген жақсы сипатты Алла Тағаладан сұрау керектігі сияқты, жаман сипаттардан арылу үшін де Алла Тағаладан жәрдем сұрау керектігін үйреткен. Риякерлік жайлы Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иә, Аллам! Расында біз біліп тұрып Саған серік қосудан Өзіңе сыйынамыз және білмегендеріміз үшін Сенен жарылқау тілейміз!» - деп дұға еткен. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 14 | |
Всего комментариев: 0 | |