РИЯКЕРЛІК Риякерлік түрлері Риякерліктің жария және жасырын болып келетін негізгі екі түрі бар. Жария риякерлікті адам өз бойынан оңай таба алады. Ол өз ішінде «сумға» және «рия» болып екіге бөлінеді. Әт-Таһанауи (Алла оны рақымына алсын) бұл екі сөзге қатысты: «Рия амалмен, сумға сөзбен болады», - дейді. Әл-Ғизз ибн Ғабду-с-сәләм (Алла оны рақымына алсын): «Рия – амалды Алла Тағаладан өзге үшін істеу, сумға – амалын жасырын істеп, кейін ол жайында адамдарға айту» («Фәтху-л-бари», 11/344), - деп түсіндіреді. А) Сумғаның мысалы: Жақсылық амалын естірту арқылы мақтану. Мысалы, зікір етіп отырған адамдай кейіп танытып аузын жыбырлату, өзгелер оны білімді деп ойлау үшін уағыз айту, жақсылық амалдарын мақтанып жария ету сияқты т.б. істер сумғаға жатады. Ә) Рияның мысалы: Рия амал арқылы жасалады. Адамдарға тақуа болып көріну үшін олардың көзінше намазын керемет ықыласпен оқып тұрған адамдай кейіп таныту. Жомарт деп айтсын деген ниетпен садақасын көрсетіп беру сияқты амалдар осыған мысал болмақ. Жасырын риякерлік сыртқы белгілер арқылы көрінбейді. Сондықтан көп жағдайда адамдар оны білмеуі де мүмкін. Оны өз бойынан іздеу арқылы ғана табуға болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын( бізге риякерліктің бұл түрінен сақтануымыз үшін мынадай дұғаны үйреткен: «Уа, Аллам! Расында біз біліп тұрып Саған серік қосудан Өзіңе сыйынамыз және білмегеніміз үшін Сенен жарылқау тілейміз!» (бұхари «Әдәбу әл-муфрад», 716). Риякерліктің жасырын түрінің мынадай белгілері болады: А) Құлшылық атқару ауыр, алайда адамдардың көзінше оны орындау өте жеңіл келеді; Ә) Құлшылықты атқару барысында адамдардың назар салғанына сүйсіну; Б) Жақсылық амал жасағандығы үшін адамдар оның дәрежесін көтергенін қалау; В) Қандай а бір жақсылық амалды атқарғаннан кейін іштей адамдардың мақтау сөз айтқанын күту. Егер мақтау сөздер айтылмаса көңіл-күйі түсіп, іштей налу.
Риякерліктің дәрежелері Риякерлік қылушының мақсат-мұратына қатысты оның төрт дәрежесі болады. Бірінші дәреже: Ізгі амалды атқару барысында Алла Тағаланың ризалығын мүлде мақсат етпеу. Бұған адамдардың көзінше намаз оқып, жалғыз қалғанда намаз оқымайтын адамды мысал етуге болады. Бұндай адам тіпті намазды дәретсіз оқи салуы да әбден мүмкін. Екінші дәреже: Риякерліктің екінші дәрежесіндегі адамдарда Алла Тағаланың ризалығына жету ниеті амалды көрсетуге деген ниетінен төмен болады. Риякерліктің бұл дәрежесі күнә тұрғысынан бірінші дәрежеге жақын. Үшінші дәреже: Алла Тағаланың ризалығын да, рияны да тең қалау. Осы екі ниеті бірге болғанда ғана ізгілік амалға деген құлшынысы оянады. Бұндай адам өзінің атқарған ізгілігін риякерлігі арқылы бұзады. Төртінші дәреже: Адамдардың назары ол адамның амалды белсенді орындауына себеп болады. Алайда адамдар назар салмаса ғибадатын тастаймайды. Рияның бұл түрінде сауап жойылмаса да, адамның қаншалықты рияны мақсат еткеніне байланысты, соншалықты сауабы кемиді. Сонымен қатар Алла Тағаланың ризалығын көздеген ниетіне байланысты сауап алады. Риякерліктің ең жаман түрі – екіжүзділердегі иманның негізіне қатысты риякерлік. Олар – сыртқа иман еткен болып көрініп, ішінде күпірлікті жасырушылар. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 21 | |
Всего комментариев: 0 | |