Қалып қатпарлары

РИЯКЕРЛІК

Тілдік мағынасы: «Рия» сөзі араб тіліндегі «рә-ә» етістігінен туындап «назар салу, көзбен көру, көз салу» сияқты мағыналарды білдіреді. «Рия» - адамдар көру үшін жасалған іске қатысты айтылады. Әдетте «ықылас» сөзінің антонимі ретінде қолданылады. ықыласты адам амалды тек бір Алла Тағаланың ризалығы үшін орындайтын болса, риякер адамдардың ризалығы үшін атқарады. Қазақ халқында «риясыз көңілмен» делінген сөз бар. Бұл сөз шынайы ықыласымен, адал ниетімен деген мағынаны білдіреді.

Терминдік мағынасы: Алланың ризалығы үшін атқаратын тағат-құлшылықты адамдардың мақтауына ілігу үшін орындау.

Ыбырай Алтынсарин өзінің «мұсылманшылық тұтқасы» еңбегінде былай деген: «Рия дегеніміз – Құдай Тағалаға қылған құлшылық, адамға еткен жақсылықтың брін де Құдай разылығы үшін етіпті. Осы істерімді көріп бөтен адамдар мені жақсы кісі деп білсін деп жүретін мінез, не болмаса, біреуге тілменен жақсы сөз сөйлеп, болмаса сырттан жақсы көрінген болып жүріп, ішкергі көңілі бұзықтықта яки дүние пайдасынан ғана керекті пиғылда болуы мүмкін. Бұл рияменен де Құдай Тағалаға не адамға да еткен қызмет пен жақсылық зайиғ («бос, бекер» деген мағынада) һәм зор күнәһарлықтан болып табылады. Бәлки, күпірлік болуы да қаупі бар».

 

Риякерліктің үкімі

Ғалымдарымыз риякерлікті үлкен күнәлар қатарына жатқызған. Мысалы, Имам Зәһәби (Алла оны рақымына алсын) риякерлікті үлкен күнәлар қатарына қосып, өзінің «китабу әл-кабаир» (Үлкен күнәлар кітабы) атты еңбегінде оны реттілігі бойынша отыз үшінші орынға қойған. Ибн Хажар (Алла оны рақымына алсын) риякерлікті Алла Тағалаға серік келтіруден кейінгі екінші ауыр күнә деп есептеген. Оның харам екендігіне Құран, сүннет және ижмағтың куәлік ететінін айтады. Риякерліктің харамдығына қатысты дәлелдер келтіргеннен кейін былай дейді. «Риякерлікте Алла тағаланаы мазақ қылу бар. Ол – адамды құрдымға кетіретін үлкен күнәлардың үлкені. Сол себепті Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оны «кіші серік қосу» деп атаған». («Әз-зауажиру», 2/44).

 

Риякерліктің зардаптары

Риякерлік – адамның ықыласын жоятын жүрек дертінің бірі. Оның дүниедегі және ақыреттегі зардаптары ауыр болғандықтан, ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Расында сендер үшін қорқатын істерімнің ішінде ең қорқатыным – кіші серік қосу», - деген. Сонда адамдар: «Уа, Алланың елшісі! Кіші серік қосу дегеніміз не?» - деп сұрағанда, ол: «Риякерлік», - деп жауап қатты.

Құран аяттары мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын! Хадистерінде риякерліктің басқа да зардаптары жайында көп айтылған. Мысалы:

1. Риякерлік адамды өкінішке ұшыратады. Алла Тағала қасиетті Құранда:

«Сондай намаз оқушыларға нендей өкініш! Олар намаздарын немқұрайлы оқиды. Олар көрсету үшін оқиды» («Мағун» сүресі, 4-5-6-аяттар), - деп айтқан. Бұл аятқа қатысты Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) және басқа да ғалымдар: «Бұлар – екіжүзділер. Олар адамдарға көрсету үшін намаз оқиды. Жеке қалғанда оқымайды», - деп түсінік берген.

2. Риякер адам жәннаттан мақрұм қалады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Кімде-кім Алла ризалығы үшін іздену керек болған білімді тек дүниелік мақсатпен ізденсе, ол адам қиямет күні жәннаттың иісін де сезбейтін болады» (Әбу Дәуіт, 3664; Ибн Мәжа, 252), - деген. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (04/02/2025)
Просмотров: 42 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: