Қалып қатпарлары

ЖҮРЕК ТҮРЛЕРІ

Жүрек улары деп аталған амалдар бесеу:

1. Бос сөз. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Құлдың иманы оның жүрегі туралықта болмайынша, туралықта болмайды. Ал тілі туралықта болмай, жүрегі туралықта болмайды» (Ахмад-13071), - деген. Бос сөз адамның өзгелердің алдында қадірін кетіріп қана қоймай, жүрегінің қатаюына, Жаратушысынан алыстауға алып келеді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Алла Тағала еске алынбайтын бос сөзді көбейтпеңдер. Алла Тағала еске алынбайтын бос сөздің көп айтылуы жүректі қатайтады. Расында адамдардың арасындағы Алла Тағаладан ең алыс болғаны – жүрегі қатайғандар» (Тирмизи-7/92), - дегенін жеткізген. Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын):

«Кімнің сөзі көп болса, қателігі де көбейеді. Кімнің қателігі көбейсе, оның күнәсі де арта түседі. Ал кімнің күнәсі көбейсе, ол – тозаққа ең лайықты адам», - дейді. Бос сөзден бас тартқан адам дінімізде тыйым салынған: өсек, ғайбат, өтірік, мақтан, мазақ қылу, жала жабу т.б. осыған ұқсас күнәлі сөздерден мүлде аулақ болуы қажет.

2. Көп күлкі. Көп күлкіге салыну жүректі өлтіретін істердің бірі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетін көп күлкіден сақтандырып:

«Көп күлкіге салынбаңдар, өйткені расында көп күлу жүректі өлтіреді» (Ахмад-8081, Тирмизи-2305, Ибн Мәжа-4193), - деген.

3. Тамақты тоя жеу. Ғалымдардан жеткен: «Көп ішіп-жеумен жүректеріңді өлтірмеңдер. Себебі, жүрек көп суғарса өліп қалатын өсімдік сияқты», - деген сөз бар. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын», - деп хакім Абай айтқанындай, тамақты тым тойып жеу адамды әрекетсіздікке, жалқаулыққа душар етеді. Мұсылманның тамақтану әдебі жайында ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Адам өзінің толтыратын ыдысының ішінде қарнынан артық жаман ыдыс жоқ! Адамға өзінің денесін ұстап жүруі үшін бірнеше үзім тамақ жеткілікті. Егер көп жеуге мәжбүр болса, онда асқазанының үлтен бірін тамаққа толтырсын, үштен бірін – суға, қалған үштен бірін жеңіл демалу үшін қалдырсын» (Ахмад-16735, Тирмизи-2380, Ибн Мәжа-3349), - деп айтқан.

4. Көз зинасы. Шайтан адамды тыйым етілген дүниеге сұқтанып қарату арқылы, харам етілген нәрсені оған ұнамды етіп көрсетеді. Кейін назардағы бейне жүрекке еніп, оның соңы түрлі жамандыққа алып келеді. Қасиетті Құранда Алла Тағала:

«Мүминдерге айт. Көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Бұл – олар үшін өте жақсы. Рас, Алла олардың не істегендерінен хабар алушы» («Нұр» сүресі, 30-аят), - деп айтқан.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Сұқтана қарау – ібілістің уланған оқтарының бірі. Сондықтан кімде-кім Менің ризалығым үшін көзін күнәлі істен тыйса, оған жүрегінде ләззатын сезінетін иман беремін» («Хилияту әл-әулия»-6/107), - деген.

5. Жаман ортамен араласу. Жүрек дерті жұқпалы. Жүрегі дертті адамдармен араласқан адамның жүрегі де дертке шалдығады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Адам өзінің досының дінінде, сол үшін де кімді дос тұтатып жүргендеріңе жақсылап қараңдар» (Әбу Дәуіт-4833, Тирмизи-2378, Ахмад-8398), - деген. Ғалымдардан қалған: «Өзінің иманының беріктігіне сеніп, жаман ортамен араласатын адам, денсаулығының мықтылығына сеніп жұқпалы ауруға шалдыққан адамдардың арасында жүрген адамға ұқсас», - деген сөз бар. Адам денсаулығы қандай мықты болғанымен жұқпалы дерт оған әсер етпей қоймайды. Сол сияқты күнәлі іске салғырт қарайтын, руханияттан алыс ортамен араласқан адам міндетті түрде жүрек дертіне шалдығады.

Үшінші: Дертті жүрек. Жақсылық амалдарды тұрақты түрде атқармайтын, Алланың әмірлерін орындап, сонымен қатар күнәлі істерді де жасайтын адамға тән жүрек. Алла Тағала қасиетті Құранда:

«олардың жүректерінде дерт бар, Алла олардың дерттерін арттырды» («Бақара» сүресі, 10-аят), - деген.

Жүрек дертін емдеу атүсті қарай салатын оңа іс емес. Бұндай дертке шалдыққан адам дер кезінде емдеу жолдарын қолға алмаса, уақыт өте жүрегі өлуі де мүмкін. Әдетті жүрек дертіне шалдыққан адамның бойынан мынадай істер көрініс табады:

- Алла Тағаланың бұйрықтарын орындау мен тыйымдарынан тыйылу ауыр келеді, оны атқаруда жалқаулық танытады;

- Күнәні күнә деп сезінуден қалады;

- Тақуалыққа қол жеткізуді, құлшылықты терең ықыласпен орындауды, қасиетті Құран оқуды, жаттауды, пайдалы білім алуды әркез мақсат тұтады. Бірақ қалай бастайды, солай аяқсыз тастайды;

- Риякерлік, мақтанға салынып, өзінің бойында жоқ істерді бар етіп көрсетуге тырысып, адамдардың жүрегінен орын алуға қатты ұмтылады;

- Ақыретті аз ойлап, дүниелік пайданы көздейді;

- Құлшылықтағы ләззаттан айырылады.

Жүрегіміздің қандай күйде екендігін қалай тексеруге болатыны жайында абдулла ибн Масғуд (Алла оған разы болсын). «жүрегіңді үш уақытта тексер. Ол қасиетті Құран оқылғанын тыңдағанында, Алла Тағала еске алынған жерде және жалғыз қалған уақытында жүрегің ләззатқа бөленбесе, Алладан өзге жүрек сұра, себебі сенде жүрек жоқ», - деп айтқан.

Сондықтан дінінде бекем, құлшылықта ықыласты, өмірін жүйелеп, биік белестерді бағындырып, қалаған ізгі мақсатына жетуді көздеген адам өз бойындағы жүрек дерттерін анықтап, оны емдеудің жолдарын үйренуі қажет. Бұл кітапта негізгі дерттері айтылып әрі ол дертерді емдеудің жолдары қасиетті Құран аяттары мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистеріне негізделіп баяндалған. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Уа, жүректерді бағыттаушы Аллам! Біздің жүректерімізді Өзіңе бағынуға бағыттай гөр!» (Мүслим-2654), - деп дұға етуді үйреткен.

Алла Тағала бізге пайдалы білім нәсіп етіп, түрлі жүрек дертінен сақтап, екі дүние бақытына қауышқан сүйікті құлдарының қатарынан еткей!

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (27/01/2025)
Просмотров: 21 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: