ЖҮРЕК ТҮРЛЕРІ Қасиетті Құранда жүректің мынадай үш түрлі болатыны айтылған: Бірінші: Сау жүрек. Алла Тағала қасиетті Құранның «Шұғара» сүресі, 88-89-аяттарында: «Ол күні мал да, балалар да пайда бермейді. Бірақ кім сау жүрекпен келсе ғана (құтылады) – деп айтқан. Жүрегі сау адамның сипаттары келесідей: - Жүрегі Алла Тағалаға деген ықылас, махаббат, тақуалыққа толы; - Алла Тағаланы бәрінен артық жақсы көріп, оны зікір ету арқылы жүрегі жай табады; - Алла Тағаланың бұйрықтарын орындауда шаршамайды әрі жалықпайды. Кейде адамның денесі шаршауы мүмкін. Бірақ жүрек шаршамағандықтан ол денесінің шаршағанын сезбейді. - Намазда бүкіл дүние тіршілігін ұмытып, құлшылық жасау арқылы рухани ләззат алады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Намаз көзімнің қарашығы етілді», - дейтіні сондықтан. Екінші: Өлген жүрек. Бұл – күнәлі істерді көп жасау арқылы руханияты сөнген адамның жүрегі. Адам баласы тәннің қажеттілігін өтеп күніне бірнеше мәрте тамақтанады. Өмір сүру үшін тән азықтану керек. Егер ол өзіне қажетті заттардан мақрұм етілсе, қызметін тоқтатады. Ал жүрекке нәр беріп, оның сау болуына әсер ететін негізгі қажеттілік – құлшылық. Оны өлтіретін іс – күнә. Ізгілерден қалған мынадай сөз бар: «Тәнінің өлгеніне жылап, жүрегінің өлгеніне жыламайтын адамларға таңғаламын. Себебі жүректің өлгені тәннің өлімінен де жаман». Мәлик ибн Динар: «Пендеге жүрек қаттылығынан артық берілер жаза жоқ», - деген. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер мүмин адам қандай да бір күнә жасаса, жүрегінде қара дақ пайда болады. Сол кезде тәубе етіп, кетіріп, кешірім сұраса, жүрегі тазарады. Ал үсті үстіне күнә қоса берсе, жүрегі бітеледі. Міне, осы – тат басу. Алла Тағала ол жайлы: «Жоқ, бәлкім олардың жүректерін істеген қылықтарының таты басты» («Мұтаффифин» сүресі, 14-аят), - деп айтқан, - деген. Күнә себебінен болатын жүрек кеселдері қасиетті Құранда түрлң атаумен аталған. Соның негізгі үшеуі «рәән», «хәтмун» және «табғун» делінеді. Бұлар адамның күнәлі істі қаншалықты көп жасағандығына байланысты ерекшеленеді. «Әр-рәән» - «орау, қаптау, тат басу» дегенді білдіреді. «Әр-рән» мүминде де болады. Бірақ ол истиғфармен тазартып отырады. Ал тат жүректі толықтай орап алса, жақсылықты қабыл етпейтін, күнәні қайтармайтын болады. «Әл-хатаму» - «Жабу, бекіту» деген мағыналарды білдіреді. Бұл «әр-рәән» дәрежесінен жоғары. Яғни тат басып, ол жүректі жаулап алғаннан кейін жүректе «әл-хатму» пайда болып, жүрек бекітіледі. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Алла олардың жүректерін, құлақтарын бітеген әрі көздерінде перде бар. Сондай-ақ олар үшін зор қинау бар», - деп айтқан. «Әт-тобғу» - «мөрлеу» деген сөз. Бір затты алдымен жабады, кейін құлыптап, мөрлеп тастайды. Қасиетті Құранда ол турасында: «Алла олардың жүректерін жауып, көздерін тұмшалап, құлақтарын бітеген» («Нахыл» сүресі, 108-аят), - деп айтылған. Алла Тағаланың ашық аяттарын түсінбейтіндер турасында айтылғанда: «Әйтпесе олар Құранды түсінбей ме? Немесе олардың жүректері құлыптаулы ма?» («Мұхаммед» сүресі, 24-аят) – деп айтылған. Ал кейбір амалдардың жүректің өліміне бірден душар ететініне байланысты ғалымдарымыз ол амалдарды «сумум әл-қалб», яғни «жүрек улары» деп атаған. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 21 | |
Всего комментариев: 0 | |