Қалып қатпарлары

ҚАСИЕТТІ ҚҰРАНДА АЙТЫЛҒАН ЖҮРЕКТІҢ АТАУЛАРЫ

Жүрек сөзі қасиетті Құранда бірнеше атаумен аталып, түрлі жолмен сипатталған. Бұл атаулардың әрқайсысының тілдік тұрғыда өзіне тән мағынасы бар. Жүрекке қатысты төмендегі үш атау жиі қолданылған:

Бірінші: «Әл-қалбу». Бұл – жүрек мағынасын білдіретін Құрандағы басты сөз. Ол араб тіліндегі «қа-лә-бә» деген түбірден шығады. Айлану, өзгеру, құбылу деген мағыналарды білдіреді. Өйткені адамның жүрегі бірде анаған, бірде мынаған әуестеніп, құбылып тұрады. Қасиетті Құранда жүрек дерттері жайында айтылғанда көбіне жүректің осы атауы қолданылады.

Екінші: «Әл-фуәду». Ол «фә-ә-дә» етістігінен туындап, өртеу, соққы беру деген мағыналарды білдіреді. Бұл сөз көбіне қуаныш, қайғы, ыза болу, толқу сияқты жүрек сезімдерін білдіру үшін қолданылады. Мысалы, Мұса (оған алланың сәлемі болсын) пайғамбар дүниеге келгенде Алла Тағала оның анасына Мұсаны емізіп, дарияға ағызуын бұйырады. Осы кездегі ананың баласын ойлап толқуы жайында қасиетті Құран аятында:

«Мұсаның анасының жүрегі қайғырып таң атырды», - делінген. Жоғарыда келтірілген «Исра» сүресі, 36-аятында:

«Өзің білмейтін нәрсенің соңына түспе. Расында құлақ, көз, жүрек барлығы жауапқа тартылады», - деп айтылған. Қияметте сұрау болатыны жайында айтылғанда аятта «әл-фуә-ду» сөзінің келуі бекер емес. Адамдар күнә жасағанда көбіне сезімнің себебімен білмей жасап қойғанын айтып «ашуға беріліп кеттім», «өзімді ұстай алмай қалдым» деп ақталады. Аятта қиямет күні ондай сылтаумен пенде құтыла алмайтыны меңзелген.

Үшінші: «Әс-садру». «Әс-садру» сөзі кеуде, көкірек деген мағынаны білдіреді. Кей ғалымдар жүректің өзі «әл-қалбу» деп аталып, оның сыртқы жағы «әс-садру», ішкі негізі «әл-фуәду» делінетінін айтқан. Мысалы, «Нас» сүресінде шайтанның уәсуәсі жайында айталғанда:

«Ол адамдардың көкірегіне уәсуәс салады» («Нас» сүресі, 5-аят), - делінген.

Аятта шайтанның уәсуәсі «әл-қалбу» емес, «әс-садр»-ге салынатыны айтылуда. Себебі «әл-қалбу»-ді сарайға теңесек, шайтан оған кіру үшін алдымен сыртқы бекінісіне шабуыл жасайды.

Біздің тақырыбымызға арқау болып отырған жүрек адам денесінің оң жақ бөлігіне таман орналасқан физикалық тұрғыдағы жүрек емес. Ол – алладан өзге ешкім ақиқатын білмейтін, адамның ішкі жан дүниесіндегі, оның рухани жағдайына әсер ететін мағынауи жүрек. Қасиетті Құранда ол жүрекпен адамның ойланатыны, түсінетіні жайлы аяттар келген. Алла Тағала Құранның «Ағраф» сүресі, 179-аятында:

«Олардың жүректері бар, бірақ олар онымен түсінбейді», - деп айтқан.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (13/01/2025)
Просмотров: 4 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: