ЖЫЛЫ ЖҮРЕК Жүрек – адам бойындағы ең қадірлі зат. Оның дұрыс болуы пенденің екі дүние бақытына қол жеткізуіне себеп болып, ал бұрыс болуы керісінше екі дүние бақытсыздығына душар етеді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Расында адам денесінде бір кесек ет бар. Егер ол дұрыс болса, адамның бүкіл денесі дұрыс болады. Егер ол бұзылса, барлық денесі бұзылады. Ол кесек ет жүрек емес пе?» (Бұхари:52; Муслим:1599) – деген. Тағы бір хадисінде: «Тақуалық мына жерде болады» (Бұхари:2442), - деп көкірегін үш мәрте нұсқап, адамның тақуалығы жүрегінде болатынын баяндаған. Хакім Абай өзінің он жетінші қарасөзінде қайрат, ақыл, жүрек үшеуі таласып, ғылымға келгенде, ғылым: «Үшеуін ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай Тағала қалпына әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы, - депті», - дегенді келтіреді. Жүрек – дененің патшасы. Ол дұрыс болса, денеге дұрыс істерді әмір етеді. Кеселді болса, денеге күнәлі істерді бұйырады. Шәкәрім қажы Құдайбердіұлының: Жүрегім дертті, сау емес, Сол себепті сөзім – у, - деп айтқанындай, адамның сөзі, амалы, мінезі, құлшылығы сияқты барлық ісінің бұзылуына негізгі себеп – жүректің рухани дертке шалдығуы. Адамның тәнін дерт шалғанда мазасыз күйге түсіп, өзінің дертті екенін сезеді. Ал жүрек дертіне шалдыққан адам көп жағдайда өзінің рухани дертке душар болғанын білмейді. Істеп жүрген теріс істеріне сүйсініп, дұрыс іс жасап жүрмін деп пайымдайды. Жүрек дертінің қаупі де осыда. Ғалымдарымыз: «Тәннің дерті зиянын бұл өмірде тигізеді, жүрек дертінің зияны ақыретте білінеді», - деген. Адамның денесі дертке шалдықса, оны емдеуге тырысады. Сонымен қатар ол дерттің денені ауыртқанына сабыр ету арқылы да пенде сауапқа ие болады. Табанға кірген шөгірге сабыр ету арқылы да пенденің сауапқа ие болатыны хадисте айтылған. Бірақ жүрек дертінде керісінше. Жүрегін дерт басқан адам оған сабыр етуі керек деген түсінік жоқ. Оны дереу емдемесе, түрлі залалға душар етеді. Амалдар жүрекпен, тілмен және іспен атқарылатын амалдар болып үшке бөлінеді. Пенде ақыретте тілі және ісі арқылы атқарған амалдарынан сұралатыны сияқты жүрегіндегі амалдары үшін де сұралады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Исра» сүресінің 36-аятында: «Өзің білмейтін нәрсенің соңына түспе. Расында құлақ, көз, жүрек барлығы жауапқа тартылады», - деген. Хакім Абай: Алла деген сөз жеңіл, Аллаға ауыз қол емес. Ынталы жүрек шын көңіл Өзгесі Хаққа жол емес, - деп, жүрек амалдарының тілмен және іспен атқарылатын амалдардан да маңызды екенін айтқан. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Алла Тағала сендердің бейнелерің мен дүниелеріңе қарамайды. Алайда жүректерің мен амалдарыңа қарайды» (Бұхари:6064; Муслим:2564), - деген. Адамдар өзге жанның сыртын көрсе, Алла Тағала адамдардың ішкі дүниесіне назар салады. Пенде өзгелердің ылдына кір, лас бейнеде көрінуге, жуылмаған, жыртық киіммен шығуға ұялатыны белгілі. Сол секілді бүкіл нәрсені толық білуші Жаратушы Алла Тағаланың алдына дертті жүрекпен баруға одан артық ұялуға тиістіміз. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 7 | |
Всего комментариев: 0 | |