САРАҢДЫҚ Сараңдықты емдеу жолдары Алтыншы: Жомарттықтың артықшылығы мен сауабы жайлы білу. Жомарттық деп мал-дүниені маңызы мол, пайдасы үлкен істерге жандүниенің қиналмай, жеңілдікпен сарп етуін айтамыз. Ондай адам өзіне жүктелген бұйрықты орындауымен қатар, дүниеде шарапат пен берекеге кенеліп, ақыретте шексіз сауаптарға ие болмақ. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 261-аятында: «Алла жолында мал сарп қылғандардың мысалы – жеті бірдей масақ шығарған, әр масағында жүз дәні бар дәнек тәрізді. Әрі Алла кімге қаласа, неше есе арттыра береді. Алла тым кең, әр нәрсені білуші», - деп айтқан. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жомарттарға күн сайын періштелердің дұға ететінін айтып: «Әр күні, Алланың құлдары оянатын уақытта, көктен екі періште түсіп, олардың бірі: «Уа, Алла, дүниесін (сауапты істерге) жұмсағандардың дүниесін толықтыр!» - десе, екіншісі: «Уа, Алла, сараңның ісін опат қыл!» - дейді» (Бұхари, 1442 / Мүслим, 1010), - деген. Жетінші: Жомарт адамдардан ғибрат алу. Жомарт адамдардың өмірі жайлы оқып, олардан ғибрат алу да адам бойындағы сараңдықты жойып, ізгі амалдар атқаруға деген талпынысын оятады. Ондай ғибратты оқиғаларды ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын), сахабалардың, бұрынғы өткен ізгі адамдардың бойынан көптеп кездестіруге болады. Әнас ибн Мәликтен (оған Алла разы болсын) жеткен оқиғалардың бірінде былай делінеді: «Ансарлардың ішінде құрма ағаштарын ең көп иемденген Әбу Талха болатын. Дүниелерінің ішінде оған ең қатты ұнайтыны мешіттің алдында орналасқан Байруха (құрма бағы) еді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ол бақтың таза суынан ішуге жиі келіп тұратын. Қасиетті Құранның: «Сүйген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар» («Әли Имран» сүресі, 92-аят), - деген аяты түскен сәтте Әбу Талха Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Алла Тағала қасиетті Құранда: «Сүйген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар...», - деп айтты. Менің ең жақсы көретінім – Байхура бағы. Сондықтан сол бақ Алла жолында берген садақам болсын», - деді. Бұған Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Тамаша! Бұл дүние табыс әкеледі, әлбетте табыс әкеледі! Мен сенің айтқан сөздеріңді естідім. Расында, мен оны туысқандарың мен жақындарыңа беруің керек деп ойлаймын», - деді. Осыдан кейін ол бағын туысқандары мен әкесі (не анасымен) ағайындас ағасының балаларына бөліп берді» (Бұхари, 2318 / Мүслим, 998). баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 7 | |
| Всего комментариев: 0 | |
