Қалып қатпарлары

САРАҢДЫҚ

Сараңдықты емдеу жолдары

Бірінші: Дұға. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Уа, Аллам! Расында, мен Өзіңе әлсіздіктен, жалқаулықтан, қорқақтықтан, қаусаған кәріліктен, сараңдықтан және қабір азабынан (сақта деп) сыйынамын!» (Бұхари, 7199 / Мүслим, 1709) – деп дұға еткен.

Екінші: Сараңдықпен күресу. Өзін көбірек ойлау, дүниені өзгеге беруге қимастық қылу деген сипаттар әр адамның нәпсісінде бар. адам баласы сондай нәпсі қалауларымен күресіп, жеңе білуі қажет. талха ибн Убайдулла (Алла оған разы болсын): «Расында, біз дүниемізге қатысты сараң адам қандай сезімде болса, тура сондай сезімдеміз. Бірақ біз сабыр ету арқылы жүрегімізді тыныштандырамыз», - деген.

Үшінші: Садақаны көбейту. Адам өзінің нәпсісіне ауыр тисе де, садақаны көп беру арқылы оның рухани ләззатын сезініп, өзін жомарттыққа тәрбиелеп, сараңдықтан арылады. Алла Тағала қасиетті Құранда өзгелерге жердемдесіп, бойындағы сараңдығын жеңгендер жайлы:

«Сондай-ақ өздерінде таршылық бола тұра оларды өздерінен артық көреді. Әлдебіреу сараңдықтан сақтанса, міне солар құтылушылар» («Хашыр» сүресі, 9-аят), - деп айтқан.

Төртінші: Дүниенің ақиқи иесі Алла Тағала екендігін білу. Хакім Абайдың: «Адам ғапыл, дүниені дер менікі, менікі деп жүргенінің бәрі Оныкі», - деп айтқанындай, адам баласы өзінің қолындағы дүние оның меншігі саналғанымен, шынайы иесі Алла Тағала екенін ешуақытта естен шығармауы тиіс. Алла Тағала қасиетті «Халид» сүресінің 7-аятында:

«Аллаға және елшісіне иман етіңдер, сондай-ақ иеліктеріңе бергендерінен Алла жолында жұмсаңдар. Араларыңдағы иман келтірген және Алла жолында мал сарп еткендер үшін зор сауап бар», - деп айтқан.

Жаратушымыз біздің зекет, садақамызға мұқтаж емес, керісінше біз Жаратушымыздың мейіріміне мұқтажбыз. Алла Тағала қасиетті Құранның осы «Халид» сүресі, 24-аятында:

«Олар – сондай сараңдық қылып, кісілерді де сараңдыққа бұйырғандар. Ал кім жалтарса, Алла тым бай, мақтауға лайық», - деген.

Бесінші: Сараңдықтың жазасы жайында ойлану. Алла Тағаланың бұйрығын орындаудан бас тартып, тиісті болған зекет парызын орындамаудың ақыретте азабы да ауыр екені қасиетті Құранда да, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де баяндалған. Сондай аяттың бірінде Алла Тағала:

«Ал енді әлдекім сараңдық істесе, елемесе, жақсылықты жасынға шығарса, сонда оның ауырлыққа ұшырауын оңайластырамыз. (Тозаққа) жығылған сәтте, оның малы оған пайда бермейді» («Ләйл» сүресі, 8-11-аяттар), - деп ескерткен.

Сараң адамның жазасының ауырлығын түсіне білген ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да, одан кейін келген үмбетіміздің үлкен ғалымдары да өсиеттерінде мұсылман қауымын сараңдық атаулыдан барынша сақтандырған. Мысалы, Имам Шағби (Алла оны рақымына алсын): «Тозақ отына сараңдық пен өтіріктің қайсысы тереңірек бататынын білмедім?» - деген.

Бишр ибн Хәрис (Алла оны рақымына алсын): «Сараң адамға қарау – жүректі қатайтады. Ал сараңдармен жолығу мүминдердің жүрегіне уайым әкеледі», - деп айтқан. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (14/10/2026)
Просмотров: 13 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: