Қалып қатпарлары

САРАҢДЫҚ

Сараңдықтың себептері

Бірінші: Дүниені тым қатты жақсы көру. Адамның дүниесі болғаны жақсы. Дүниесі болып, оны дұрыс пайдалана білген адам айналасындағыларға жәрдемдесіп, адамдар арасында қадір-қасиеті артып, қаншама сауапты амал атқаруға мүмкіндігі болады. Алайда, дүниені тым қатты жақсы көріп, мал табуды өмірдің негізгі мақсатына айналдыру сараңдыққа алып келеді. Алла Тағала қасиетті Құранда сараң адамдардың осы сипаты жайлы:

«Жоқ, олай емес. Сендер жетімге құрмет етпейсіңдер. Бір-біріңді, міскінді тамақтандыруға қызықтырмайсыңдар. Мирасты тұтас жеп аласыңдар. Сондай-ақ малды өте-мөте жақсы көресіңдер» («Фажр» сүресі, 17-20-аяттар), - деп айтқан.

Екінші: Уайымның жоқтығы. Әдетте сараң адамда өмірлік дұрыс мақсат қою, сол мақсатқа жету үшін харекет ету, мал-дүниесімен жұртқа жәрдемдесу, мұқтаждарға болысу, өзгелердің жағдайын уайымдау дейтін сипаттар жоқ. Оның бар уайымы – тек мал-дүниесін көбейту. Ол өзгеге жәрдемдесуді сауап деп емес, шығын деп түсінеді.

Үшінші: Кедейліктен қорқу. Өзгелерге жәрдемдесу, садақа беру арқылы дүниесі азайып қалады деп ойлаған адам қателеседі. Садақа беру арқылы дүние азаймайды. Бұл тұста дүниені құдыққа теңеуге болады. Құдықтың суын қаншалықты пайдаланған сайын, оның астындағы су қайта молайып тұратыны сияқты садақа берген адамның дүниесін Алла Тағала толтырады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Садақа еш уақытта байлықты азайтпайды» (Мүслим, 2588), - деп айтқан.

Төртінші: Сауапты амалдарға асықпау. Кедейлік адам баласына берілген сынақ болғанындай, байлық та – тура сондай сынақ. Дүние – адамға «оны көтере ала ма, жоқ па, өзін өр санап, өзгелерді менсінбей кетпей ме, сол дүниені берген Жаратушысына шүкір етіп, Оның жолында қолындағысын жұмсай ала ма деген мағынада сынақ.

Қолына түскен дүниені Жаратушысына шүкірі ретінде орнымен қолдана біліп, жақындары мен мұқтаждарға қалайласатын жандарға қияметте мол сауаптар бар. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 274-аятында:

«Мал-дүниелерін түнде де, күндіз д, жасырын және жария түрде Алла жолында жұмсайтындардың сыйы – Раббысының қасында (дайын). Оларға қорқу мен қайғы болмайды», - деп айтқан. Ибн Касир аталмыш аятты: «Алла Тағала тарапынан айтылған бұл мақтау Оның жолында, Оның ризалығын көздеп, күндіз бен түннің барлық уақытында, түрлі жағдайда жасырын және жария түрде дүниесін жұмсаушыларға қатысты айтылған. Тіпті отбасына нәпақа жұмсау да осы аяттың аясына кіреді» (Тафсиру әл-Қуран әл-ғазим, 1/707), - деп түсіндірген.

Әхнаф ибн Қайс (Алла оны рақымына алсын) қолында дирһамы бар бір адамды көріп: «Бұл дирһамның иесі кім?» - деп сұрайды. Әлгі адам: «Менмін», - деп жауап береді. Сонда Әхнаф оған: «Сен оны Алла жолында сарп етпейінше, ол дирһам сенікі емес», - деген екен. Яғни Әхнаф (Алла оны рақымына алсын) әлгі кісіге: «Дирһамыңды Алла жолында жұмсағанда ғана, ақыретте оның сауабына кенеліп, шынайы пайдасын көресің» деген мағынада айтқан болатын.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (07/10/2026)
Просмотров: 5 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: