Кел, балалар, оқылық!
Газет 2002 жылғы 1 наурыздан шыға бастады ************************************************************************************Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің қабырға газеті, shakhibbeker.ucoz.kz ibbeker@rambler.ru #13(171) ******************************************************************************** Ұлы Жеңіс ұлағаты Біз көрмедік соғысты... Біз көрмедік соғысты болып өткен, Жан түршігер жаңғырығы алыс кеткен. Барса келмес сұм соғыстың ақиқаты Ардагерлер тұлғасымен бізге жеткен. КСРО-ға жау жабылды тасадан, Хабар етпей басып өтті шекарадан. Отан үшін, ел үшін, Жеңіс үшін Ағылды жауынгерлер қала-даладан. Төтеп берді долы фашис күшіне, Сенім артты тегеурінді өз күшіне. Қан майданда, ұрыстарда асу асып, Басқыншыларды қуып тықты өз ішіне. Еділдегі әсем Сталинград қирады, Мәскеу, Ленинград үлкен көмек сұрады. Бір адамдай алға қарай бір адымдап, Жеңіс үшін ұлттар бірлік құрады. Болды құрбан есіл ерлер ұрыста, Жер-әуеде, Шығыс пенен Батыста. Ығыстырып күні-түні жауларын, Талай ұлт жүрді тату-достықта. Ерлігімен дараланды хас батырлар, Тазартылды фашистерден ауыл-қалалар. Қанша адам құрбан болды сұм соғыста, Жесір қалды, қалды жетім жас, балалар. Біз көрмедік соғысты, көрмейік те, Қан, өлікті майданды сезбейік те. Жүріп өткен соғысты еске алып, Күн кешелік бәріміз Бейбітшілікте. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Ұлы Жеңіс ұлағаты ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ МӘҢГІЛІК АЛАУЫ Ұлы Жеңістің мерейлі жетпіс бірінші көктемі қандай шуақты десеңізші! Жыл сайын майда мамырмен келетін осынау мереке-мейрам әрбіріміз үшін сондай маңызды, сондай сағынышты ғой қашанда. Майдан кешіп, жырақта жүріп, өлімнің өткір жүзінде етігімен су кешкен ата-бабаларымыз көздің қарашығындай аманат етіп тапсырған құдіретті һәм мәртебелі Ұлы Жеңістің Туы ешқашан еңкеймек, ешқашан жығылмақ. Екінші дүниежүзілік соғыстың шешуші ірі бөлігі болып табылатын Ұлы Отан соғысы бас сұқпаған ошақ-шаңырақ жоқтың қасы. Арам пиғылды фашистерді шыққан індеріне қайта тығуға өз еркімен аттанған жауынгерлер қатарында біреудің әкесі, біреудің аға-бауыры, біреудің атасы, біреудің жұбайы, біреудің қызы, біреудің келіні, біреудің анасы, біреудің баласы болды. Тылда қалған туған-туысқандардың, отандас-ағайындардың тыныш өмірі үшін, жау қолында қалып, азаттықты аңсаған елді мекендерді азат ету үшін жанын пида еткен сұрапыл соғыстың құрбандары да аз емес қой. Ірі-ірі қалаларда да, шағын ауылдарда да Ұлы Отан соғысы құрбандарының рухына арнайы бой көтерген Даңқ орындарындағы мәрмәр-гранитті таста мәңгілікке қашалған есімдерге бір сәтке болсын көз жүгірткенде, жай ғана лаулап тұрған мәңгілік алауға көзді алмай қарап тұрғанда тарих беттерінен зерделей оқыған, көптеген көркем фильмдерден көз алмай тамашалаған Ұлы Отан соғысының панорамалық көріністері еріксіз елестейді... От пен оққа оранған майданда жан алысып, жан беріскен сұрапыл шайқастар, арпалыстар. Жауыз фашистердің бетін қайтаруға бастама болған Мәскеу түбіндегі шайқастағы атақты панфиловшылар-гвардияшылардың, Жеңіске зор қадам жасауға мүмкіндік берген Сталинград шайқасының, Ленинград қоршауын қақыратудың, Курск доғалындағы атақты танк шайқасының, Одесса мен Севастопольдегі теңіз ұрыстарының, Киев, Минск, Керчь, Брест қамалындағы шешуші ұрыстардың ұмытылмас ерлігі алаулайды. Қазақтың әскери мерейін аспандатқан атақты Бауыржан Момышұлы әрқашан әрбіріміз үшін бірегей үлгі-өнеге ғой әлбетте. Рейхтагтың төбесіне Жеңіс туын алғаш тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың тұлғасы неге тұрарлық. Нәзік жаратылысына қарамастан «Максим» пулеметін ұршықша иіріп, қайталанбас ерлік көрсеткен Мәншүк Мәметова, құралайды көзге ату мергендігімен талай фашисті жаһаннамға жөнелткен Әлия Молдағұлова, ұшақты ойыншық құрлы көрмеген, зымиян жауды әуеден қырып ерлеген Хиуаз Доспанова, бір өзі жаудың екі танкісін қиратқан батальон комсоргі, гвардия лейтенанты Алтыншаш Нұрғожинова – қазақ қызы қайсарлығының бойтұмары. Ерен ерліктері елеусіз қала жаздаған даңқты 8-Панфилов атындағы гвардиялық дивизияның 1075-полкінің батальон комиссары, 3-гвардиялық артиллериялық дивизияның полк командирі болған, ол басқарған батарея қысқа мерзім ішінде жаудың 6 танкісін, 13 машинасын, 120 солдатпен офицерін жойып жіберген Балтабек Жетпісбаевтің, Будапешт түбіндегі ұрыста жаудың 20 броннмашинасын, 8 танк, 12 броннтранспортерін жойып жіберген батареяның командирі Сембай Қалиевтің, Калинин майданының үздік мергені атанып, екі рет «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған, жаудың 227 солдат-офицерін жойып жіберген Ысқақ Уәлиевтің, офицерсіз қалған ротаны аға сержант болып шабуылға көтеріп, осы ұрыста 38 жау әскерінің көзін жойып, 49-ын тұтқынға алған Алқар Оңғаровтың, Панфилов дивизиясының батарея командирі, жаудың 4 танкісін, 5 броннмашинасын, 18 оқ ататын нүктелерін талқандап, Берлин үшін болған шайқаста 200 фашисті жойған офицер Аманша Меңдіғалиевтің, бір өзі гранатпен және автомат оғымен 52 фашисті өлтірген, жаудың 2 пулеметі мен танк ататын мылтықтың расчетін жойып, 7 неміс солдатын тұтқынға алған, екі сағаттық ұрыста 25 жауынгерді ерлікке бастап, бүкіл полктің ілгері басуына мүмкіндік берген лейтенант Сұлтанбай Ысқақовтың, Орел-Курск доғасындағы шайқаста бөлімше командирі болып жүріп, бес дұшпанды атып өлтірген, 25-ін гранатпен жайпап, 19-ын тұтқынға алған ефрейтор Ғұсман Ахметқалиевтің, жаудың 5 дзоты мен екі броннмашинасын бір уақытта жойып жіберген сержант Ораз Әлібаевтің, «Даңқ» орденімен төрт мәрте марапатталған, 1945 жылғы МәскеудегіЖеңіс шеруіне қатысушы старшина Темірғали Исабаевтың баһадүр бейнелері сағымданады. Кеңес Одағының Батыры деген құрметті атақты екі мәрте иемденген атақты ұшқыштар Талғат Бигелдиновтің, Леонид Беданың, Иван Павловтың, Сергей Луганскийдің өшпес ерліктері елестейді... Мәрмәр-гранитті мәңгілік алаудан жазықсыз құрбан болған Ресей, Украина, Белоруссия және басқа мекендер тұрғындарының көз жасын аянышпен сезуге болады. Бухенвальд, Освенцим, Дахау, Берген-Бельзен, Треблинкадағы концентрациялы лагерьлерінде асқан зұлымдықпен өлтірілген тұтқындардың жан-жүректі түршіктірер зарын естуге болады. Мәрмәр-гранитті мәңгілік алаудан «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» тәулік бойы тер төгіп, ерен еңбектің ерекше үлгісін көрсеткен тыл еңбеккерлерінің қажырлылығы елестейді. Соңғы кезде бәзбіреу білгішсымақтар елдің басынан күркіреген күндей өткен осынау алапат соғысқа қатысу қазақстандықтар үшін қажетсіз деп сандырақтауда. Екінші дүниежүзілік соғыстың ең басты қылмыскері Гитлерді «тұлға» деңгейіне, оның атышулы «Майн Кампф» кітабын «дұрыс» санауына, ал оны фашис емес деп адасуларына, Ұлы Жеңістің басты нышандық белгісі – Георгиев лентасын отарлау саясатының белгісі деп бәзбір адасқандарға жол болсын. Саудың тамағын ішіп, аурудың сөзін сөйлеудің қисынсыз һәм сәтсіз шыққан мысалы ғой. Ұлы Жеңістің маңызын сары майдай сақтап, өкшелеп келе жатқан өскелең ұрпаққа асыл мұра, қымбат қазынадай қалдыруда еш аянып қалмайық. Ұлы Жеңістің Туы желбірей берсін! әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Халықтар бірлігі – ынтымақтасу тірлігі ДОСТЫҚТЫҢ ДАРҚАН ҰЯСЫ Теріскейден сүйектен өте соққан суық желіне қарамастан Бесқарағай ауылында 1 Мамыр – Қазақстан Республикасы халықтары бірлігі күні мерекесі жылдағы игі дәстүр бойынша аталып өтті. Орталық көшеде жиналған ауыл тұрғындары, мектеп оқушылары мен мұғалімдері мектепке дейін қолдарына шарлар ұстап, халықтар бірлігін паш еткен салтанатты шеру жасады. Ұлтаралық келісімді, халықтар достастығын, этномәдени сыйластықты, ортақ түсіністікті ұрандатқан қанатты сөздер шеруге шыққан жұршылықты рухтандырды, жігерлендірді. Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің алдындағы импровизацияланған сахнада «Достықтың дархан ұясы» деген тақырыппен мерекелік концерт болды. Ән-сазды бағдарлама алдында ауыл тұрғындарын құттықтаған Қызылағаш ауылдық округінің әкімі Ж.Байтілеуова аталмыш мерекенің еліміз үшін маңыздылығын айырықша атап, шын жүректі тілегін білдірді. Ұзақ жылдар бойында ауылдағы пошта бөлімшесінде абыройлы қызмет атқарып жүрген Дәметкен Көптілеуқызы Дөненбаеваға ауылдың экономикалық-әлеуметтік дамуына қосқан өлшеусіз еңбегі үшін Лебяжі ауданы әкімі С.Жанғазиновтің алғыс хатын һәм естелік сыйлығын салтанатты түрде табыс етті. Концерттік бағдарламада бастауыш сынып бүлдіршіндері мерекелік тақырыпты ту еткен өлең шумақтарын жатқан оқып, әдеби монтаж ұсынды. 3 сынып оқушысы Ахметов Ділназ, 4 сыныпта оқитын ағалы-інілі Разиддин мен Сағидолла Мұқашевтар, 5 сыныпта білім алып жүрген Зейнолла Гүлзира мен Серікпай Айдана, 7 сыныпта оқып жүрген Тиссен Ольга тамаша әндер шырқап, көрермендер қошеметіне бөленсе, 1 сыныпта білім жинап жүрген өнерлі қыздар «Қамажай» биімен мерекелік концерттің ажарын әрлей түсті. Халықтар бірлігін асқақтатқан мерекелік шаралар бесқарағайлықтардың есінде ұзағынан қалатын болды.
Ұлы Жеңіс ұлағаты Бес жыл бойы... Сұм соғысты Жеңіс жеңді ақыры, Шаршады Жер, көрінді жүдеу тақыры. Бес жыл бойы ауыр майдан, арпалыс, Танылып сан баһадүр сыр-қыры. Адамзат көрмеп еді зор алапат, Бомба, мина, снаряд һәм жарылғыш зат. Бес жыл бойы қиын-қыстау, қиналыс, Жаулап алды Жер-жаһанды танк, автомат. Фашис біткен жамиһаттың алды мазасын, Бейбіт халық тартты талай жазасын. Бес жыл бойы суыт хабар, қара қағаз, Өлгендердің кім толтырар қазасын?! Сұм фашизм пәле болып жабысты, У-зәрімен Бейбітшілікті тауысты. Бес жыл бойы аждаһадай айбат шекті, Айуандықтан Гитлердің есі ауысты. Қан майданға жауынгерлер аттанды, Алмастырып кешке кешті, таңға таңды. Бес жыл бойы қару асынды жалықпай, Үмітімен зор Жеңістің қуаттанды. Алға қарай атқан оқтай атылды, Талай мекен қақпан, тозақтан босатылды. Бес жыл бойы адымдады ілгерілеп, Мықты майдан ұмытпады берік тылды. Соғыс жайлы талай кітап оқыдық, Ақ-қарасын сау санаға тоқыдық. Бес жыл бойы күркіреген түнекті, Көрмесек те, бір мезет те ұмытпадық. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Жаныңда жүр жақсы адам ҰСТАНЫМЫ ҰТЫМДЫ ҰСТАЗ Өзің түлеп ұшқан ұяда ұстаздық еткенге не жетсін, шіркін! Үкілі үміт арқалап, жеке өмірге қанат қаққан түлек араға бірнеше жыл салып, ұясына қайтып оралған қыран өскелең ұрпақ саналатын жас ұландарға оқу-білім һәм тәлім-тәрбие нәрін себеді. Жылдар өте осынау игілікті ісінің жемісті де жеңісті қызығын көріп, абырой мен даңққа мейілінше бөленеді. Қайдаров Нұрболат Шәріпұлының Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде ұстаздық қызмет атқарып жүргеніне осымен жиырма алты жылға айналды. Кіндік қаны Бесқарағай ауылының топырағында тамған Нұрболат 1972-1982 ж.ж. аралығында аттас жалпы орта білім беретін мектепте білім алды. Әскерге бармас бұрын бір жыл ауылда от қазандығын жағушы болып та жұмыс істепті. 1983 жылы аудандық әскери комиссариаттың шақыруымен Кеңес Одағының Қарулы Күштері қатарында азаматтық борышын қиянда Амур облысы Тында қаласына қарасты Маревая стансасында абыроймен өтеді. Тіпті Байкал-Амур магистралі құрылысына белсенді қатысқаны үшін арнайы медальмен марапатталыпты. 1985 жылы елге қайтып оралды. 1986-1990 ж.ж. Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы педагогикалық институтту жоғары білім алды. 1990 жылдың тамызынан осы күнге дейін Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі болып еңбек жасап келеді. Сонымен қатар 2003 жылы заңгер мамандығы бойынша Қазақстан-Ресей институтын сырттай тәмамдап, екінші жоғары білім алды. Ұстаздық жолды қалауында бар ғұмырын мұғалімдікке арнаған ардагер ұстаз, асқар әкесі Шәріп Қайдарұлының ықпалы болған екен. Әке таяғын ұстаған Нұрболат әуелден-ақ жүктелген міндеттерге асқан жауапкершілікпен қарады. Алғашқы бетте қатардағы мұғалім болып бастап, жылдар жылжи мектептің әскери жетекшісі лауазымына дейін өсті. Аға лейтенант шеніндегі ол аудан көлемінде белді һәм беделді кәсіпқой мамандардың бірі болып табылады. Осынау асқаралы биікке қол жетудің айқын жемісі – оның шәкірттері. Әр жылдары Владимир Жиенбаев, Бақтияр Түсіпов, Дастан Абылғазинов есімді оқушылары әскери жоғары оқу орындарында білім алды. Қазіргі таңда олар өз ісінің абыройлы мамандары болып, еліміздің тыныштығын қорғау жолында. Өскелең ұрпақтың бойына ұлтжандылық, елжандылық, отансүйгіштік атты асыл қасиеттерді дарытумен қатар Нұрболат Шәріпұлы шәкірттердің салауатты өмір салтын ұстануына да оң ықпалын тигізуде. Біліктілігін арттыру жолында өткен жылдың қараша айында Астанада Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясы ұйымдастырған «Әскери іс негіздері» және «Тіршілік ету қауіпсіздігі негіздері» пәндері бойынша кәсіби-педагогикалық қызметті ұйымдастыру» бағыты бойынша семинарды сәтті тәмамдап, сертификатқа қол жеткізді. 2015 жылғы мамыр айында өткен аудандық әскери далалық жиында белсенді жұмыс атқарғандығы һәм жасөспірімдердің әскери патриоттық сезімін көтергені үшін аудандық әскери комиссариаттың Құрмет мадақтамасымен марапатталды. Сол жиын барысында тәрбиелеп жүрген шәкірттері Шаймұрат Айбарыс пен Уапов Арлан белсенділігі үшін Мадақтамамен марапатталды. Әр жылдары осы тақылеттес әскери-далалық жиындарда Жоламанов Рамазан, Ерсайынов Нариман атты оқушылары марапатқа ие болды. Қазбеков Мағжан, Кириченко Александр спорттық дайындықтың жоғары жетістіктерімен көзге түсті. Ал Садуақасова Айнұр есімді шәкірті аудандық «Жас ұлан» әскери-спорттық ойынында «ОЗК және газға қарсы құралдарды кию» номинациясы бойынша жүлделі орынға ие болып, Мадақтамамен марапатталды. Мектеп ішінде өткізілетін әскери-патриоттық бағыттағы шараларды сапалы әрі қызықты түрде ұйымдастырады. «Жас мерген» атты үйірмеге жетекшілік жасайды. Пневматикалық винтовкадан нысанаға атудан мектеп оқушыларын ұдайы дайындайды. Аудандық көлемде жүлдеге қол жеткізді. Өз мамандығына деген адалдығын артығымен дәлелдеп жүрген Нұрболат Шәріпұлы мектептегіалғашқы әскери дайындық дәрісханасын соны үлгідегі пәндік стендтермен безендірді. Сабақтарында ақпараттық-коммуникациялық технологияны мейілінше қолданады. Өмірлік серігі Салтанат Бекперқызы да ұстаздық жолда. Тұңғыш қызы Нұрилә осы күндері Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінің үшінші курсында мемлекеттік грант арқылы оқып жүр. Абыройлы еңбек атқарып жүрген һәм ұстанымы ұтымды ұстаз Нұрболат Шәріпұлы Қайдаровты Қазақстан Республикасы Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтап, асулардан асу, белестерден белес бағындыруына тілектестігімізді білдіреміз.
Сарбаз конверті – 2016
Газет редакторы: Ибраһим Бегімхан Керімханұлы | |
| |
Просмотров: 653 | |
Всего комментариев: 0 | |