АЛАУ, №11 (169), 15/04/2016

АЛАУКел, балалар, оқылық!

 

 

 

 

 

 

Газет 2002 жылғы 1 наурыздан шыға бастады      ************************************************************************************

Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің қабырға газеті, shakhibbeker.ucoz.kz ibbeker@rambler.ru #11(169)

********************************************************************************

Оқушылар жетістігі

АЛУАНЫҢ АСУЛАРЫ

Әлбетте, өнерлінің өрісі кең. Туа бітті дарынды баланың болашағы жарқын екен. Тек осынау қасиет-қабілетті уақытында танып, ілгерілетуді адымдатса болғаны. Ал мұндай қадамның ұшар басында ата-ана, тәрбиеші, ұстаз тұрады. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп астарлайтынымыз да осы емес пе.

Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің оныншы сыныбында оқып жүрген Увакова Алуа – қатардағы екпінді оқушының бірі. Десе де әншілік дарындылығымен балдырған кезінен-ақ танылып, сахна төріне үзбей шығып жүрген бүгінгі бойжеткеннің асығы алшысынан түсіп жүр.

Бастапқы кезде ән шырқауды үйретуде күміс көмей әншілік өнерімен аудан-ауыл аумағында танылып үлгерген нағашы апасы Сейітова Ләйлә тер төкті. Сахна төріне өзімен бірге шығарып, дуэт болып бірнеше әнді қайырды. Ал орта буында оқып жүрген уақыт аралығында аталмыш оқу ордасының музыка пәні мұғалімі Ахметов Қуаттың атқарған еңбегі зор. «Жас ұлан» балалар ұйымына аға тәлімгерлік жасайтын Қуат Анатолийұлы Алуаның жасұландық белсенділігін бірден аңғарды да, мектеп ішіндегі, аудан көлеміндегі тәрбиелік-тағылымдық іс-шараларға үнемі қатыстырып жүрді. Осылайша сахна төрінде айтарлықтай ысылып қалған Алуаны аймақтық өнер байқауларына да қатыстыруға бекем бел буды. Айталық, биылғы жылы аудандық «Әнші балапан» оқушылар байқауына қатысқан өнерлі бойжеткен вокал номинациясы бойынша ересек балалар тобында бірінші орынды жеңіп алса, облыстық «Жаңа жұлдыз» балалар ән байқауының бірінші һәм екінші кезеңдерінен мүдірмей өтіп, ақтық болып саналатын үшінші шешуші кезеңге жолдама алды. Үстіміздегі жылдың 8 сәуірінде Павлодар шаһарындағы Катаев атындағы Оқушылар сарайында өткен «Жаңа жұлдыз» облыстық оқушылар ән байқауының ақтық сынында патриоттық ән номинациясы бойынша жүлделі екінші орынға ие болып, аймақтық деңгейдегі мадақтамамен марапатталды. Алуаның айтуынша, осынау ән байқауына алдымен 47 үміткер, артынша осылардың 16-сы іріктеліп шығыпты. Өкптің арасынан екінші болып суырылып шығу – зор жетістік, асқан абырой. Өзінің әншілік дарынымен осынау биікті бағындырған Алуа ұстазы А.Ахметовтің, Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектептің абыройын асқақтатты. Белсенді бойжеткен жасұланымыздың болашағы жарқын болсын.

ЖІГЕРЛІ һәм ШЫМЫРЛЫЛАР

Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде Лебяжі аудандық білім бөліміне қарасты аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне қарасты оқушылардың еркін-қазақ күресі спорт секциясының жұмыс істеп тұрғанына биыл екінші жылға айналды. Оған жетекшілікті аталмыш мектептің дене шынықтыру мұғалімі әрі спорт нұсқаушысы Ж.Түсіпов абыроймен жасап келеді.

Жақан Сүйіндікұлының айтуына қарағанда, осынау секцияға бас-аяғы 8-10 ұл бала ұдайы қатысады. Олардың дені – 2003 жыл мен 2006 жыл аралығында дүниеге келгендер.

Мектепте секцияны сапалы жүргізуге мүмкіндігінше жағдай жасалған. Асқан қызығушылық танытқан ұлдар дайындықтарды босатпауға барын салады. Әсіресе 3-сынып оқушысы Қали Ерболатты, оның туған ағасы, 5-сыныпта оқып жүрген Қали Нұрболатты, 5-6 сыныпта оқитын ағалы-інілі Тұрсын Рамазан мен Тимурды, 6-сынып оқушысы Ерайын Серікболды, 8-сынып оқушысы Жунусов Эльдарды айырықша атап өткеніміз абзал.

Биылғы жылдың 2 сәуірінде Павлодар шаһарында «Сұңқар» аулалық клубының ашылуына орай өткізілген қазақша күрестен аймақтық ашық біріншілікте 32 келі салмақта белді бекем буа, білек сыбана күрескен Ерсайын Серікбол тұғырдың екінші сатысына көтеріліп, омырауына медаль киіп, мадақтамамен салтанатты түрде марапатталса, осы салмақта палуандасқан Қали Нұрболат үшінші орынға ие болды. Ал бұған дейін Аққу ауылында аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің еркін күрестен болған ашық біріншілігінде 66 келі салмақта белдескен Жунусов Эльдар екінші орынды жеңіп, мадақтамамен марапатталды. Осылайша күрес спорт түрі мектебімізде жаңа белестерге жол тартты. Жеңісті де жемісті күндер көп болсын.  

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

   

 

ҰБТ: озық тәжірибе, ортақ әдіс

 ҚҰЛШЫНЫСТЫ АРТТЫРУҒА АРНАЛҒАН ҰСЫНЫСТАР

  • Міндетті түрде жасалатын істерді орындаңыз да, қалаған нәрсеңізді өзіңізге марапат ретінде беріңіз: Егер үнемі жасалу керекті істерді жасасаңыз, міндетті түрде табысқа жетесіз. Алайда мұндай істерді жасау кезінде өзіңіз қалаған біршама нәрсені жасаудан бас тартқан боларсыз. Мұндай сабақ оқу үрдісі сізге ұнамауы мүмкін, себебі адам қалаған нәрсесін істесе, бақытты болады. Алайда тек қана қалаған нәрселеріңізді жасасаңыз да, жетістікке жете алмайсыз. Олай болса, істелетін ең жақсы нәрсе: алдымен жасауыңыз керекті істерді орындаңыз, содан кейін қалаған нәрселеріңізді жасаңыз. Мысалы, қатты көргіңіз келген бір фильм бар болса, өзіңіз белгілеген бір апталық межеге жеткен кезде, кинотеатрға барып, өзіңізді марапаттаңыз;
  • Бір істі үйреншікті іске айналдырғыңыз келсе, оны бірнеше апта бойы немесе қырық күн бойы үзбей орындаңыз. Жоспарлы түрде сабақ оқу, таңертең ерте тұру, кітап оқу т.с.с. әдетке айналуы қиын істер болуы мүмкін. Алайда қтналсаңыз да, төзімділікпен бұларды 20-30 мәрте қайталасаңыз, оның әдеттегі көп істің біріне айналып кеткенін көресіз. Тек мынаны да жақсылап есте сақтаңыз, жаман әдеттер де қайталана берсе, әдетке айналып кетеді. Жаман әдеттерді әу баста-ақ анықтап, үйреншікті іске айналмай тұрғанда, өміріңізден өшіріп тастаңыз;
  • Сезімдеріңіз арқылы әрекеттеріңізге бағыт бере аласыз. Өзіңізді рухтандыру үшін ұрандатыңыз. Үйіңізге, жұмыс бөлмеңізге өзіңізге ұнайтын, сізді рухтандыратын ұранды сөздер іліп қойыңыз. Міне, сондай ұранды сөздерге бірнеше үлгі:
  • Ерінбе, кейінге қалдырма, тайынба!
  • Мен істемесем, кім істейді?
  • Қазір жасамасам, онда қашан жасаймын?
  • Жұмысқа жұмыл, жеңіске ұмтыл!
  • «Шаруам бітті» дегеннің шаруасы бітеді...
  • «Бейнет түбі – зейнет», ендеше тынбай еңбек ет!
  • Өзіңізді керекті істерді істеуге мәжбүрлеңіз: «Жоспарымды жүзеге асырамын» деп, өзіңізге немесе біреулерге сөз беріп, бәстесіңіз. «Жүзеге асыра алмасам, оның орнына айып төлеймін» деп уәде берңіз.

САБАҚ КЕСТЕСІ ҚАЛАЙ ДАЙЫНДАЛАДЫ?

Сабақ кестесін дайындамасаң,

  1. өзіңе деген сеніміңді жоғалтасың;
  2. әрдайым бірдеңе жетіспей тұрғандай сезінесің;
  3. сабақтан да, демалыстан да рақат таба алмайсың;
  4. сабақта отырғанда ойың далада, ал демалғанда сабақта болады;
  5. өзіңнің, отбасыңның, айналаңдағылардың алдындағы міндетіңді орындамағаныңды ойлап, ар-ожданың азапқа түседі.

Сабақ оқуға деген ынтаны азайтатын басты себептердің бірі – нені оқу керектігін білмеу. Мектептен үйге келгенде, өз-өзіңізге «Ойпырым-ай, бүгін неге дайындалсам екен?!» - деп сұрайтын болсаңыз, қайсысынан бастарыңызды білмей, көп уақытыңызды жоғалтып аласыз.

Уақытты тиімді қолдану әрі сабақ оқуға деген ынтаны оятады, әрі жетістікке жеткізетін күш-жігерді өз мақсатында қолдануға мүмкіндік береді.

Уақытты тиімді қолдану адамдарға қарай өзгеріп отырады. Барлық адамға бірдей етіп сабақ оқу кестесін жасау – барынша қиын мәселе. Алайда уақытты пайдалы түрде өткізуге қатысты кейбір негізгі қағидалар бар және әркім осы қағидаларға сүйеніп, өзіне қолайлы әрі орындай алатын жоспар жасап алса болады.

Бұл қағидалар мыналар:

  • Қашан және қалай сабақ оқитыныңызды нақтылаңыз. Бірнеше тақырып алдыңыздан шыққанда, қайсысынан бастарыңызды білмесеңіз, сабағыңызды жоспарлай алмасаңыз, уақытты да, ынтаңызды да жоғалтасыз. Жоспарсыз жұмыстан нәтиже шықпайды;
  • Оқып бітірген әрбір тақырыбыңызға қанша уақыт кеткенін бір апта бойы тәжірибе үшін жазып қойып отырыңыз. Ұйқы, демалыс, сабақ, күнделікті істер, міне, осыларға кететін уақытты күн сайын анықтап отырыңыз;
  • Сабаққа кететін уақытты оқылатын тақырыптың түріне, қиындығына қарай реттеңіз;
  • Бір пәнді оқып болғаннан кейін, артынша соған ұқсас пәнді оқымаңыз;
  • Сізге қиындық туғызатын пәнді миыңыз сергек кезінде оқыңыз;
  • Апталық сабақ оқу кестесін өзіңізге қолайлы болғанға дейін ауыстырып отырыңыз;
  • Апталық сабақ оқу кестесін жасап болған соң, оны көрінетін жерге іліп қойыңыз;
  • Күнде өзіңізге сабақ оқитын уақыт бөліңіз. Жақсы нәрсені әдетке айналдыру қиын, ал жоғалту өте оңай;
  • Сабақ оқып біткеннен кейін, оның жұмыс кестесімен сәйкестігін тексеріңіз.
  • Ең маңыздысы, дайындаған жоспарыңызды мүмкіндігінше минут-минутына дейін, ештеңе қалдырмай орындауға тырысыңыз;
  • Сабақ оқитын жердің жинақы болуы да тыңғылықты сабақ оқуға ықпалын тигізеді. Отырған жеріңіздің ыстық-суығы, жарығы, тыныштығы ойыңызды бөлмейтіндей болу керек;
  • Сабақ оқуға белгілі бір орынды арнау керек, әрі сол жерде тек қана сабақ оқу керек;
  • Сабақ оқып отырғанда керек болатын құрал-жабдықтарды алдын-ала дайындап қойыңыз. Осылайша ойыңыз қайта-қайта бөлінбейді;
  • Сабақ оқып отырғанда, зерігіп кетсеңіз, орныңыздан тұрып кете салмаңыз. Өзіңізге бірнеше қағида қойыңыз (мысалы, «5 бет оқымай тұрмаймын» деген секілді);
  • Сабақ оқу кезінде өзіңізді марапаттап отырыңыз. Ынтаңыз азайып, шаршай бастасаңыз, өзіңізге «енді осыны оқып бітірсем, өзіме ұнаған бір нәрсені істеймін» деп сөз беріңіз («осыны бітірсем, шай ішемін» деген секілді);
  • Оқығандарыңызды өз сөзіңізбен қайталап шықсаңыз, көп уақытқа дейін есте қалады;
  • Қайталау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп тұрыңыз, күнделікті қайталауға арналған уақытыңыз болсын, өйткені үйренудің ең басты принципі – қайталау. Қайталанған мәліметтер көп уақытқа дейін ұмытылмайды.

ЖОСПАР ЖАСАУ

Сабақ оқудан жақсы нәтиже алу жоспар жасауға тікелей байланысты. Жоспар бойынша сабақ оқудың үш кезеңі бар:

  1. Жылдық жоспар;
  2. Айлық жоспар;
  3. Апталық жоспар.
  1. Жылдық жоспар.

Жылдық жоспар бір жыл ішінде нені, қашан бітіру керектігін көрсетеді, әрі айлық және апталық жоспардың негізін қалайды.

  • Жылдық жоспарда бір жылда әрбір пәннен қай тақырыптар оқылу керек және оларды қанша уақытта бітіру керек, міне, осылар көрсетілу керек;
  • Өзіңізге 12 айдың күндері көрініп тұратын қабырға күнтізбесін дайындаңыз;
  • Жыл ішіндегі демалыс күндеріңізді осы күнтізбеге белгілеңіз (мереке күндері, демалыс күндері, саяхат күндері);
  • Әрбір пән бойынша алдын-ала таңдап алынған тақырыптарды осы күнтізбеге орналастырыңыз;
  • Жоғарыда айтылғандарды қысқа әрі түсінікті сөздермен барлық пәндер бойынша қай тақырыпты қай айда бітіретініңізді күнтізбеге жазсаңыз, бір жыл бойы не істейтіңізді көресіз, әрі жоспарлы түрде сабақ оқитын боласыз.
  1. Айлық жоспар.

Айлық сабақ кестесінің құрылымы жылдық жоспардың құрылымына ұқсайды. Бұл кестені әр айдың басында жасап, сабақ оқитын бөлмеңізге көрінетін жерге іліп қойыңыз. Кестеге сол айда бітіретін тақырыптарды, тестілерді, кітаптарды апталарға бөліп жазыңыз. Яғни әр апта соңында бітуге тиіс істер көрсетілу керек.

  1. Апталық жоспар.

Жылдық және айлық жоспарыңызды жасасаңыз, көп жұмысты тындырасыз. Ендігі жасалатын тірлік – сол аптада бітуге тиіс тақырыптарды күндерге бөліп орналастыру ғана. Әзірлеген жоспарыңыз орындалу үшін, апталық жоспарды жасағанда кейбір тақырыптарға (ұзын-қысқалығына, жеңіл-күрделігіне т.с.с) көбірек мән беру керек.

Апталық жоспарды жасағанда, сабақ оқуға деге ынтаңызды ескере отырып, алғашқы апталы жоспарды жасауға біршама уақыт бөліңіз. Барлық әдет-дағдыларыңызды бірден еске түсіре алмауыңыз мүмкін, сондықтан бірнеше күн бойы өзіңізді бақылаңыз және қағазға жазып отырыңыз.

Қашан сабақ оқығанды ұнатасыз? Күндіз оқу керек пе, әлде түнде ме? Қайда және қандай ортада оқығанды қалайсыз? Жалғыз отырып оқығанды ұнатасыз ба, әлде достарыңызбен оқығанды ұнатасыз ба?

Осы және осыған ұқсаса сұрақтарға беретін жауабыңыз жоспар жасауда сізге көп көмек береді. Сабақ оқу дағдылары ескерілмей ескерілмей жасалған жоспар қағаз күйінде қалады, орындалуы қиынға соғады.

Апталық сабақ оқу кестесіне апта соңында міндетті түрде қарап шығу керек. Жеткіліксіз немесе тиімсіз жерлерін өзгертіп, келесі аптаға жасайтын жоспарыңызды толықтырыңыз.

Дайындалған жоспар бойынша жұмыс жүргізген оқушы үйдегі немесе мектептегі дайындық жұмыстарын жүйелі әрі тиімді түрде жүргізумен бірге, басқа жұмыстарына уақыт таба алады.

Апталық сабақ кестесін жасау үшін:

  • Аптадағы күндер, сағаттар көрінетіндей бір кесте дайындаңыз;
  • Апта ішінде сабақ оқи алмайтын уақыттарыңызды осы кестеге белгілеп көрсетіңіз;
  • Міндетті түрде орындалуы тиіс басқа шаруаларыңызды осы кестеге белгілеп, сабақ оқуға бөлінетін уақытты анықтаңыз;
  • Алдымен осы апта үшін таңдаған тақырыптарыңызды нақтылап белгілеңіз. Бұл тақырыптарға қанша уақыт кететінін анықтаңыз;
  • Жоспарлаған тақырыптарыңызды кестеге орналастырыңыз.

Дайындаған жоспарыңызды толыққанды жүзеге асыру үшін:

  • Атқарылатын істеріңіздің тізімін көрінетін жерге іліңіз;
  • Өмір алма-кезек өзгеріп отырады. Кез келген нәрсеге дайын болыңыз, әрі соған қарай жоспарыңызды үйлестіре біліңіз. Жоспарыңызда орын ауыстыру, алға жылжыту, кейінге қадыру секілді өзгерістер болуы мүмкін. Маңызды болғаны, сол күніңіз бос өтпесін;
  • Жоспарыңыздағы жасалып біткен істерді белгілеңіз. Бұл сізді құлшындырады. Апта соңында өзіңізге есеп беріңіз. Сөйтіп, өзіңізге сый немесе жаза беріңіз;
  • Сабақ оқу уақытын белгілегенде, тынығуға да уақыт бөліңіз. Жоспар бойынша әрекет еткен кезде, арасында өзіңізге сый ретінде үзіліс қойып отырыңыз;
  • Теледидардан (компьютерден т.с.с.) аулақ жүріңіз. Қарағыңыз келген қызықты бағдарламаларды алдын-ала белгілеңіз және оны бітірген ісіңізге берілген сый ретінде көріңіз;
  • Мүмкіндігінше, күнде белгілі бір уақытты тұрақты түрде сабақ оқуға бөліңіз. Осылайша сағат пен сабақ арасында бір байланыс құрған боласыз;
  • Жоспардан ауытқып кеткенде саспаңыз, абыржымаңыз, үмітсіздікке түсіп жоспарыңызды лақтырып тастамаңыз. Мұндай жағдайда қаншалықты кешіксеңіз де, жоспарыңызда сол уақытта не істеу керек болса, соны жалғастырып кете беріңіз. Біршама уақыттан кейін жұмыстарыңыз өз райына отыратын болады.

САБАҚ ОҚУДЫҢ ҚОЛАЙЛЫ ШАРТТАРЫ

Денсаулық

Сабақ оқу үшін денсаулыққа көңіл бөліңіз, яғни дұрыс тамақтануға, жеткілікті ұйықтауға, белгілі бір уақытта спортпен шұғылдануға және сабақ оқу кезінде ағзаңыздың қажетінше тынығуына көп мән беріңіз.

Сабақ оқуды сүю

Өзіңіз ұнатпаған асты көп іше алмағаныңыз секілді, сабақ оқуды сүймесеңіз, онда сабақты көп оқи алмайсыз. Сабақ оқуды сүйікті іске айналдыратын ең маңызды қадам – алға қойылған нақты бір мақсаттың болуы. Яғни «Қалай сабақ оқимын?» деген сұраққа жауап табылу керек. Сіз үшін сабақ оқудың мән-маңызы бар болса, сабақ оқуды сүйетін боласыз.

Сабақ оқу техникасын білу

Сабақ оқудың тиімді тәсілдері жайлы жүргізілген зерттеу жұмыстары оқушылардың кейбір сабақ оқу техникаларын қолдану арқылы табысқа жеткенін анықтады. Оқушылар кейбір техникаларды қолдана отырып, құлшынысын да, үйрену деңгейін де арттыра алады.

Бір сабақ, бір проблема және бір тақырыпқа бола кіап-дәптеріңізді жинастырып қоюға асықпаңыз. «Физика – қиын сабақ» деп ойлайтын болсаңыз, физикадан табысқа жетем деп ойламай-ақ қойыңыз. Өзіңіз жүрексінген істі басқа адамдардың жасағанын көріп, «Пәлі, бұны мен де істей аламын!» - деп өзіңізді қайрауыңыз керек. Бәлкім, өзгелер секілді жүз пайыз жетістікке жетпеуіңіз мүмкін, бірақ жүзден елу пайыз табысты болу мүлдем тақырға отырғаннан әлдеқайда жақсы ғой.

  • тақырыпқа бастан-аяқ қарап шығыңыз;
  • нені білетініңді, нені білмейтініңді анықтаңыз;
  • саған қажетті тақырыпты оқыңыз;
  • оқыған тақырыбыңды пысықтау үшін қайталаңыз.
  • Қарап шығыңыз. Жаңа тақырып жайлы жалпылама мәлімет алу үшін, тақырыпты жан-жақты түсіну үшін, оқитын бөлімді 3-4 минут мұқият қарап шығыңыз; тақырыпқа, тақырыпшаларға, ерекше әріппен жазылған жерлерге зер салып қараңыз. Бұлай қарап шығу жаңа тақырыптың негізгі ойын, маңызды жерлерін анықтауыңызға көмектеседі.
  • Анықта. Дайындалатын немесе оқылатын бөлімге әшейін қарап шығудың сізге берер ешқандай пайдасы болмайды. Сол үшін тақырыпқа шолу жасаған кезде, нені үйрену керектігін, қандай сұраққа жауап табу керектігін алдын-ала нақтылап алыңыз. Бұл – екінші мәрте оқығаныңызда, сізге көп көмегін тигізеді.
  • Оқыңыз. Бұл кезеңде алдын-ала белгілеп алған сұрақтарға жауап табу мақсатында оқып шығыңыз. Оқып отырып, керекті ескертпелерді кітаптың бетіне немесе дәптерге түртіп алып отырыңыз. Осылайша алдын-ала анықталған сұрақтардың жауабын белгілеңіз. Мынаны ұмытпаңыз: үш рет оқып үйренгеннен бір рет жазып үйренген көпке дейін есте қалады.
  • Қайталаңыз. Оқу процесінде қайталау немесе жаттығу жасау меңгерілген тақырыпты пысықтау үшін өте қажетті. Сабақ оқудың тиімділігін арттыру үшін, қайталау мен жаттығудың қалай жасалатынын жақсы білу керек. Бұндай пысықтау жұмыстарының үздіксіз немесе белгілі уақыт аралықтарында жасалуы тақырыптың күрделілігіне, оқушының қабілетіне қарай ауысып отырады. Тақырыптарды үздіксіз қайталап тұру көп нәтиже береді, ал белгілі бір аралықтарда жасалатын қайталаулар білім алу процесінде қолданылатын жалпылама қағида болумен бірге, уақыт аралығының ұзындығы тақырыптың ерекшеліктеріне, оқушыынң жас, зейін және сол тақырып жайлы мәліметіне қарай өзгеріп отырады.

Бұл кезеңдегі ең тиімді қайталау жұмысын сол тақырыпқа қатысты тест сұрақтарын шешу арқылы орындаған жөн. Қолыңыздағы тест жинақтарындағы сол тақырып жайлы барлық тест сұрақтарын шешсеңіз, сол тақырып жайлы бүкіл сұрақ түрлерімен танысасыз, әрі сол тақырыпты жан-жақты қайталап шығасыз.

ҚАЙТАЛАУДЫҢ КҮШІ

  1. Мәліметті қайта-қайта миға жіберу адамның жадында терең із қалдырады. Бір нәрсені бірінші рет үйренген болсаңыз, міндетті түрде оны қайталауыңыз керек, өйткені қайталау алғашқы мәліметіңізді нығайта түседі;
  2. Қайталау жұмысын белгілі бір аралықтарда жүргізіп отыру керек;
  3. Қайталау үшін ең ыңғайлы әрі тиімді уақыт – оқып үйреніп болғаннан кейінгі алғашқы 10 минут;
  4. Үйренген нәрселеріміздің 70%-ын бір сағаттан кейін ұмытамыз. Ұйқы кезінде ұмыту әрекеттері баяулап тоқтайды, сондықтан күні бойы үйренген мәліметтерді ұйқы алдында бір шолып қайталап шығу – ең ақылды адамның ісі;
  5. Қайталау жұмысын жүргізгенде, жаңа тақырыпты біреуге түсіндіріп жатқандай айтып шығу мәліметті нақтылай түседі;
  6. Мазмұнын жазбаша түрде қысқаша жазып қайталау әрі жазбаша түрде үйренуді, әрі қайталауды қамтамасыз етеді;
  7. Кесте, схема түрінде жасалған қайталау жұмыстары мәліметтің көз алдында жандануына әрі есте ұзақ сақталуына оң ықпалын тигізеді;
  8. Қайталау кезінде негізгі кілт сөздердің тізімі шығарылса, тақырыптың ішінен керекті жерді тез іздеп табуға, әрі кілт сөздерді миға орналастыруға мүмкіндік туады;
  9. Оқыған бір тақырыпты дауыстап қайталайтын болса, есте жақсы қалады;
  10. Бір тақырып жайлы мәлімет миға алғаш рет жіберіліп жатса, ең кемінде 4-5 рет қайталап, мидағы қыртысын тереңдете түсу керек;
  11. Қайталау кезінде мәліметті бір бүтін күйінде қабылдау керек. Ең дұрысы, тақырыпты бір оқып шығып, бір бүтіндей көру, ал ең соңында, оқи отырып әрі қайталау керек, әрі мәліметті бір бүтін күйінде қабылдай білу керек;
  12. Қайталау кезінде бөлек-бөлек мәліметтердің өздерінің арасындағы және бүтінмен арасындағы байланысына мән беру керек, бұл байланыстарды біліп құра білген дұрыс;
  13. Естеу арқылы тез үйренетін адамдар тақырыпты біреулермен сөйлесе отырып немесе дауыстап оқып отырып қайталау керек;
  14. Қайталау кезінде жаңа мәліметті ұқсаса нәрселерге (сөз, сан, мағына, зат т.б.) байланыстыра отырып есте сақтаған жөн.

Дұрыс дайындалу үшін:

  • Сабақты жақсы оқитын сағаттарыңызда ең көп қиналатын сабаққа дайындалыңыз;
  • Алдымен қиынын меңгеріп, өзіңізді марапаттаңыз;
  • Математика сіз үшін қиын болып, қоғамтану бағытындағы пәндер оңай болса, бірінші кезекте математикаға көңіл бөл, қиынын меңгеріп алғаннан өзіңізді жеңіл сезініп, басқа сабақтарды оп-оңай-ақ үйреніп аласыз;
  • Бір-біріне ұқсас сабақтарды бір-бірінен кейін оқығанша, бір математика-жаратылыстану бағытындағы сабақтан кейін бір қоғамтану бағытындағы сабаққа өтіңіз. Бұл – мидың оқылған мәліметтерді оңай қабылдауына көмектеседі;
  • Күш-қуатыңызды, ерік-жігеріңізді қолдануды үйреніңіз, әйтпесе соңында үмітіңізден айырылып қаласыз;
  • Шаршамай тұрып үзіліс жасаңыз, сонда тыныға салысымен қайтадан сабақ оқуға кірісе аласыз;
  • Бірнеше сағат бойы бір сабақты оқығанша, бірнеше сабақты бір сағат ішінде бөліп-бөліп оқуға көңіл бөліңіз.

ТҮСІНУ ҚАБІЛЕТІН ҚАЛАЙ ЖЕТІЛДІРУГЕ БОЛАДЫ?

Үйрену – түсіну деген сөз. Түсіну қабілетін жетілдіру үшін, тақырыпты мұқият оқу керек, меңгерілген мәліметтермен байланыстыру керек, ұқсату керек, үлгі-мысалдарға мән беру керек, оқылған тақырыптың негізгі ойын табу керек. Сондай-ақ мына мәселелерге тереңірек тоқталу керек:

Шолып шығу

Бір тақырыпты шолып шығу деп сол тақырып жайлы жалпылама мәлімет алуды айтады. Бұны сол тақырыптың атауына, тақырыпшаларына және мақсатына жалпылама түрде шолып шығу арқылы білуге болады.

Сұрақтар шығару

Әрбір тақырыпты біршама сұрақтарға жауап табу мақсатында оқу керек, сондықтан оқымай тұрып, шолып шыққан кездегі мәліметіне сүйене отырып, аталмыш тақырыптан жауап ізделінетін сұрақтар шығару керек. Өткен жылдардағы ҰБТ сұрақтары тақырыпты пысықтау мақсатында қолданылса болады. Бұл сұрақтар адамды барыша мұқият оқуға жұмылдырады.

Оқу

Тақырыпты оқитын кезде, ойды барынша сол тақырыпқа жұмылдыру керек. Оқығанын түсіне білу дұрыс әрі жылдам оқуға тікелей байланысты. Оқитын кезде «неліктен, қалай, қашан, кім» секілді сұрақтар оқыған адамның ойында қызығушылық оятады. Бөлшектен бүтінге қарай жүре отырып, тақырыптың әр бөлімінің негізгі ойын табу керек. Бір тақырыпты түсіну үшін, оны ең кемі екі рет оқып шыққан жөн. Бірінші оқығанда, тақырыптағы негізгі ойларды анықтау керек. Осы кезде кейбір сөздердің астын сызып қойған дұрыс немесе жазып алу керек. Екінші оқығанда, негізгі және жанама ойларды нақтылап белгілеу керек және маңызды жерлердің астын сызып қою керек.

Оқыған кезде, ойыңыздағы сұрақтардың жауабын тапқан болсаңыз, сол қатардың немесе абзацтың тұсына «№1 сұрақтың жауабы», «№2 сұраққа жауап» деп жазып қойған жөн. Сонымен қатар, өзіңіз ойлап тапқан шартты таңбаларды да қолдансаңыз болады. Мысалы, х (маңызды), хх ((өте маңызды), !!! (назар аудар), ? (түсінбедім), ?? (іздестіру керек).

Бұл ұсыныс көбіңізге босқа уақыт жоғалту секілді көрінуі мүмкін. Керісінше, сұрақтарға қатысты жауаптың жазылуы қайталау ісін барынша жеңілдетеді.

Еске түсіру және конспектілеу

Оқыған тақырыптарын бір мәрте қайталап шықпағандар үйренген білімінің жартысын кітапты жапқан соң-ақ ұмытып қалып жатады, сондықтан үйренген нәрселерді ұмытпау үшін үнемі қайталап тұруды дағдыға айналдыру керек.

Шолып шығу және еске түсіру жұмыстарын бөлім-бөлім түрінде іске асырыңыз. Әрбір абзацты оқығаннан кейін, біраз кідіріс жасап, үйренген нәрселеріңізді еске түсіруге тырысыңыз. Егер уақытыңыз тығыз болса, негізгі ойды еске түсірумен шектелуіңізге болады.

Оқыған жеріңізге қарамай-ақ еске түсіретін болсаңыз, ол бөлімді түсінгенсіз деген сөз. Кейде оқығаныңызды түсінген сияқты боласыз, дегенмен қысқаша конспект жаза қояйын десеңіз, ойыңызға бір сөйлем де түспейтін кездер болады.

Конспект жазу. Бұл мәселеде мән берілетін ең негізгі нәрсе: оқыған тақырыптың негізгі ойын таба білу және оқыған бөлімге қарамай, өз сөзімен қысқа әрі түсінікті етіп жаза білу.

Ең оңай конспектілеу тәсілі – абзац бойынша жазылған конспект. Екіншісі – бірнеше абзацты конспектілеу. Үшіншісі – бөлімдерді конспектілеп жазу.

Конспект жазарда, тақырыптағы жоспарды бұзбауға, мақсатынан ауытқымауға, негізгі ойы мен оны қуаттайтын жанама ойларды көрсетуге және түпнұсқадағы мағынасын сақтауға тырысу керек. Оқығанда да, жазғанда да тақырыптың негізгі жерлерін көрсету керек. Бұны жүзеге асырудың ең тиімді жолы – мәтіннің құрылысын көрсететін схема сызу.

Түсіну қабілетін күшейтетін қағидалар

  1. Меңгерілген мәліметтер адамның зейінінде бір топ «бөліктер» күйінде қалмау керек, бұлар дәрістің ерекшелігіне үйлесетін бір «қағидамен» байланыстырылу керек.
  2. Бұл қағидалар тек қана есте тұрған бір «қағида» болып қалмау керек, әрбір қағида өмірге қатысты бір тақырыпқа да байланыстырылу керек.
  3. Бір тақырыпты үйренгенде, болашақта сол тақырыптың пайдасы тиеді-ау деген мақсат болу керек, соған деген сенім болу керек. Әрбір меңгерілетін мәлімет «болашаққа» қатысты бір мақсатпен байланыстырылу керек.
  4. Меңгерілген тақырыптарды топ-топқа жіктпе, шашыраңқылықтан сақтану керек.
  5. Жаңадан меңгерілген сөз немесе пікір бұған дейін меңгерілген ұқсаса нәрселерге немесе антонимдеріне байланыстырылу керек.
  6. Әркімнің білім алуға қабілетті жағы болады.
  7. Бір тақырыпты меңгергенде, «бөлшек – бүтін – бөлшек» қатынасын қолдану керек.
  8. Білім алғанда, үйренгенде «белгілі бір аралықтағы қайталауларға» көңіл бөлу керек.
  9. Жатталатын қажетті сөздер, терминдер бір карточканың бір бетіне жазылу керек, екінші бетіне оның түсініктемесі жазылу керек.

Үйренген нәрсені еске түсіре білу – дағдылануды қажет ететін іс.

Қайталау

Бұл кезеңде оып үйренген нәрселеріңіздің дұрыс болып-болмағанын тексересіз, дұрыстарын пысықтайсыз.

          Пысықтау мақсатында жасалатын бірінші іс – оқыған кітаптың немесе мәтіннің жалпы құрылысын зерттеу. Екіншісі – кітапқа немесе мәтінге қатысты дайындалған сұрақтарға жауап табылып-табылмағанын тексеру. Жауап берілмеген жаңа сұрақтар шығып жатса, оларға да жауап іздеп табыңыз. Үшіншісі – кітапты немесе мәтінді қайтадан оқып шығып, білмей қалған нәрселерінің бар-жоғын тексеру. (жалғасы бар)                                                 Газет редакторы: Ибраһим Бегімхан Керімханұлы

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (20/04/2016)
Просмотров: 728 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: