Кел, балалар, оқылық!
Газет 2002 жылғы 1 наурыздан шыға бастады ************************************************************************************Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің қабырға газеті, shakhibbeker.ucoz.kz ibbeker@rambler.ru #09(167) ******************************************************************************** Нұрсұлтан Назарбаев. Еркін елдің ертеңі ЖЕР ТАҒДЫРЫ – ЕЛ ТАҒДЫРЫ
Жаныңда жүр жақсы адам БЕЛЕСТЕРДІ БАҒЫНДЫРҒАН БАТЖАМАЛ Ұстаздық атты ұлы кәсіпті өмірлік бойтұмар, тағдырлық шамшырақ қылып ұстап та, ұстанып та жүрген абыройлы һәм абзал тұлғалар аз емес ортамызда. Еліне елеулі, халқына қалаулы болып айшықталған аяулы жанның бірі де бірегейі – Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде бастауыш сыныптар, қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімі Батжамал Мүсілімқызы Құсманова. Осыдан жиырма үш жыл бұрын педагогикалық еңбек жолын жоғарыда аталған оқу орнында бастаған Батжамал Мүсілімқызы осы күнге дейін осынау білімнің қара шаңырағында асқан абыроймен жалғастырып келеді. Бастапқыда, 1993 жылы, Б.Ахметов атындағы Павлодар педагогикалық колледжінің бастауыш сыныптар факультетін тәмамдаса, 2002 жылы Павлодардағы Инновациялық Еуразия университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетін сәтімен бітірсе, араға он екі жыл салып аталмыш жоғары оқу орнында «Филология» мамандығы бойынша гуманитарлық ғылымдардың магистрі академиялық дәрежесі берілді. Осылармен ғана шектелмей өзін-өзі тану пәнін оқытуға заңды рұқсат беретін біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, сертификат алды. Нағыз әмбебап мектеп мұғалімі болып отырған Б.Құсманова, шынымен-ақ, қазіргі таңда оқу ордасына сондай қажетті. Ал, ұстаздық жолда бағындырған белестерін айта-айта, жаза-жаза тауысу оңай емес. Айталық, марапаттаулары бір төбе – Павлодар облыстық «Ертіс өңірінің компоненті» конкурсына қатысып, белсенділік танытқан үшін (2012); «Қазақстандық білімді модернизациялау мектепке дейінгі және бастауыш сыныпта инновацияны енгізу үрдісі» тақырыбында ғылыми-практикалық конференцияда секция жұмыстарындағы үздік баяндамасы үшін II орын алғаны үшін (2012); аудандық «Жыл мұғалімі-2013» байқауында «Тәлімгер ұстаз» номинациясы бойынша (2013); «Сапалы білім мен тәрбие беру – Қазақстанның мемлекеттік саясатының басымдығы» атты аудандық тамыз кеңесінің әдістемелік форумының секция жұмысында I орын алған үшін (2013); жас жеткіншектерді оқытып тәрбиелеудегі көп жылғы сіңірген еңбегі үшін аудандық білім бөлімінің Құрмет Грамотасымен (2013); облыстық интеллектуалдық марафонға қатысқаны үшін Қыдырбаева Саида, Ерсайын Аяулым, Халел Азат оқушылары (2012-2013); «Ақбота» интеллектуалдық марафонға қатысқаны үшін оқушысы Қыдырбаева Саида (2012-2013); аудандық олимпиадада II орын алған оқушысы Рыбалевская Яна (2012-2013); аудандық «Ғылыми жобалар» жарысына қатысқан үшін оқушысы Ерсайын Аяулымға сертификат берілді; аудандық «Педагогикалық ынта» байқауында үздік тәжірибесі үшін (2014); аудандық «Жыл сынып жетекшісі-2015» конкурсында II орын алғаны үшін; аудандық «Жыл мұғалімі-2015» байқауында I орын алған үшін; аудандық мұғалімдер олимпиадасында қазақ тілі мен әдебиет пәнінен III орын алғаны үшін һәм басқа да жетістіктері үшін бірталай марапатталды. Жарық көрген басылымдары ішінде мыналарды атауға болады: Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті «Мәңгілік ел – Қазақстан білімі мен ғылымын жаңғыртуға уәждеме» атты «Аманжолов оқулары-2014» Халықаралық ғылыми- тәжірибелік конференциясына материалдары ішінде мақала жарық көрді (2014); «Қазақ ұстазы» журналында, №6 (6) 2014, «Жүсіпбек Аймауытов әңгімелеріндегі етіс категориясының көрінісі» атты мақаласы жарық көрді. Жаңа үлгідегі үш айлық біліктілікті арттыру курстарының үшінші деңгейін тәмамдаған Батжамал Мүсілімқызының әр сабағында оқушылардың сын тұрғысынан ойлау қабілеттері тайға таңба басқандай айқындалады. Сыныптан тыс іс-шаралары сондай тартымды, өте қызықты болып өтеді. Ұстазына шәкірттерінің де ризалығы шет-шексіз. Білікті ұстаз, ибалы келін һәм өнегелі ана деңгейіне жетіп отырған Батжамал мұғалиманы 8 Наурыз – Халықаралық аяулылар күнімен шын жүректен құттықтап, өмірдің асу-белестерін бағындыра беруіне тілектестігімізді шын жүректен білдіреміз. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы
Жұмбақтар жаһанында /№08(166) санда берілген 42 жұмбақтың жауаптары: Тонның жыртығы; Киіз үй; Шаңырақ; Киіз үй және шаңырақ; Есік; Екі босаға, табалдырық, маңдайша, есік; Ошақтың күлі; Қоршау, шарбақ; Көрік; Шымылдық; Сандық және кілті; Мес, күбі; Тұсау; Таға; Белбеуге қыстырған оттық; Ошақ және төрт тұяқ; Тағаның шеңбері; Қазан және таған; Қышқаш; Сыпырғыш; Қазан, жіліктің майы; Шәйнек; Тұз; Айыр; Мая; Қазандағы бидай және былғауыш; Қол диірмен; Талқы; Кілегей және сүт; Көрік және көмірдің шоғы; Сүт; Суарылған темір; Отын алып қайтқан адам; Торпақ; Ау, тор; Бүлдірген теру; Соқа; Шаңғы; Шаңғы; Қозықұйрық; Балғы; Мылтықтың оғы /
Барлығы: 34 жұмбақ ҰБТ: озық тәжірибе, ортақ әдіс ӨМІРДЕГІ МАҚСАТТАР ҚАЛАЙ АНЫҚТАЛАДЫ?
Әр адамның өзіндік ерекшеліктері бар. Жасы, жынысы, ұлты, мәдениеті, сенімі, білімі, сезімі – бәрінің орны бөлек. Сондай-ақ жетілдіруді қажет ететін жасырынып жатқан ерекше жақтары да бар. Адам өзін тану үшін, осы ерекшеліктерге назар салу керек. Ол үшін өзіне мына сауалдарды қоя білуі керек:
Осындай және осыған ұқсас сұрақтар өзіңізді тануыңызға және не қалайтыныңызға шешім қабылдауыңызға көмекші болады.
Әркімнің қолынан келетін міндетті түрде бір кәсібі болады. Кез келген адам өмірде түрлі сәтсіздікке ұшырауы мүмкін. Бұл сәтсіздіктер оның бұдан кейінгі өмірінде жалғасады деген сөз емес. Қайта әрбір сәтсіздіктен дәріс алып, қалай жетістікке жететінін ойластыру керек.
Әр нәрсенің өзіне тән түрлі қиындығы бар, сондықтан болашақта өзіңіз жүзеге асыра алатын мақсаттарды белгілеуіңіз керек. Мақсатыңыз қызығушылығыңыз бен қабілеттеріңізге үйлесу керек. Ешкім өте маңызды деп тапқан бірнеше жұмысты бір уақытта істей алмайды. Соған орай, адам өзінің күш-жігерін өзі сүйетін, өзін бақытты ететін мақсатқа жұмсауы керек. Егер жұмыс рет-ретімен істелсе, жүйелі түрде орындалса, алға қойылған мақсаттар міндетті түрде жүзеге асады. Бір жылдық мақсаттар тізімі:
Бір айлық мақсаттар тізімі:
Істерді маңызына қарай тізбектегенде, әрбір тізімдегі ең жоғарыда орналасқан екі пунктіні біріктіріңіз. Осылайша өміріңіздегі қысқа әрі ұзақ мерзімді мақсаттарыңызды көрсететін маңызды істердің тізімін жасап шығарасыз. Міне, осылар – сіздің нағыз жүзеге асыратын істеріңіз. Мысалдағы оқушы үшін ұзақ мерзімге қойылған «Компьютерлік инженерия» маманы болу мақсатының орындалуы қысқа мерзімді жоспарларының орындалуына тікелей байланысты. Жоспарланған істер тізімі:
Бұл тізімді әрдайым көрініп тұратын жерге іліп қойыңыз. Ең басты мақсатыңызды өзге түспен үлкен әріппен жазып, алдыңызға қойыңыз. Сөйтіп, сабақ оқып отырғанда, басыңызды көтерген сайын, мақсатыңызды еске түсіріп отырыңыз. Осылайша, әрі ойыңыз аз бөлінетін болады, әрі сабақ оқуға деген ынтаңыз артады. Осылайша мақсаттарыңыз әрі ынтаңызды арттырады, әрі әрекеттеріңізді реттеп отырады. Осыдан кейін өзіңізге арнап апталық және бір күндік бағдарлама жасаңыз. Апталық бағдарламаңызда «Жоспарланған істер тізіміндегі» істерге орын бөліңіз. Дәл сол секілді апталық бағдарламаңыз да бір күндік бағдарламаңыздың негізін қалау керек. Әйтпесе мақсатыңызға жете алмауыңыз мүмкін. Мақсаттарыңызға жету үшін:
«мақсатыма жете алмаймын» деп ойламаңыз. Алды-арты ойластырып қойылған мақсатқа жетуге болады. Маңызды болғаны, өзіңіз соған ынталы болыңыз және соңына дейін төзімді бола біліңіз. Мақсаттарыңызға жеткізетін тиімді стратегиялар ойлап тапқан болсаңыз, қол жетпейтін мақсат қалмайды. Жоспарлы әрекет ету – мақсатқа жетудің бірден-бір жолы, сондықтан өзіңіздің істерңізді қадағалап, уақытыңызды соған қарай реттесеңіз, өмірлік мақсатыңызға жете аласыз. Ал жетістікке жету үшін не істеу керек? Ендеше, төмендегілерді жүзеге асырыңыз!
Адамның жан дүниесінде туындайтын ойлар болады. Бұларды болымды және болымсыз деп екіге бөлуге болады. Болымды ойлар сізді болашақтағы биік мақсаттарға бағыттайды. Мысалы, өз-өзіңізге «ҰБТ жақындап қалды, кем-кетіктерімді толықтырып, тест сұрағын көптеп шешуім керек, сабақтан қалмауым керек, өйткені жаңа тақырыптарды түсінбей қаламын» деген сөздерді ойша айтасыз. Болымсыз ойлар сізді әп-сәтте әрі оп-оңай еске түсетін тілек-қалауларға бағыттайды. Мысалы, «ҰБТ жақындап қалды, кем-кетіктерім бар, сондықтан көп оқуым керек, дегенмен дайындықты 20-30 минуттан кейін бастасам да, ештеңе жоғалта қоймаспын» деген сөздерді ойша айтасыз. Нәтижесінде, «аз уақытта оп-оңай жетуге болатынын» іштей айтқан болымсыз ойлар сізді жеңіп шығады.
Шекарасыз «Қазақ тілі» /№08(166) санда берілген тапсырмалар жауаптары: Орфоэпиясы: жүгүр, қытыр-ғытыр, сөздүк, сөгүлу; Орфоэпия деп атайды; Орфографиясы: қиян-кескі, кесірленгенмен, нүктелі үтір, кескінге; Тыйым, тыйыл, тыяды, тыйылды, сыйымды, сыйлық, сыяды; Қасиетті, қинал, қайнаға, сайлады; Қоян, ұя, аю, ою, тою, ая, үю; Сирек, сирақ, тиін, тиын, қиын, тиіс, тиімді; Сірә, кінә, күнә, куә, күмән, мағлұм, мақұл, мәжбүр, әңгүдік; Дауысты дыбыстан басталған қосымша жалғанғанда, соңғы буындағы ы, і түсіп қалады: халқы, ойны, үркек, ерні, көркі, орны; Қуу, туу, ауу, жуу, сауу, буу – түбірлердегі у дыбысы сақталады/
Ойлана ойнайық /№08(166) санда берілгендердің жауаптары: 1а. зал, заң, зар, зат; 2е. зер; 3ә. Зәр; 4о. зор/ БІТЕУ БУЫНДЫ СӨЗДЕР 1/е «К» дыбысынан басталатын бітеу буынды сөздер: а) «маған соқ» тіркесінің баламасы ...; ә) уақытты білдіретін сөз ...; б) қастандыққа қастандық ...; в) «артық» сөзінің антонимі ...; г) жер байлығы ...; ғ) «тар» сөзінің антонимі ...; д) «жаз» етістігінің синонимі ...; е) итке жекіру ...; ё) күн ұясына қонатын көз ... 2/ө а) тірі организмдегі шамшырақ ...; ә) аспан әлемі ...; б) құрлық ортасындағы су ...; в) түйелерді тіркеп жүру ...; г) иге салынған тері ...; ғ) «аз» сөзінің антонимі; д) малдың төсегі ...; е) өліктің жататын жері ...; ё) «отты қозға» тіркесі баламасы ... 3/ү а) жылдың бір мезгілі ...; ә) жанған оттың қалдығы ...; б) әлемге ортақ шамшырақ ...; в) басыбайлы еріксіз әйел ...; г) алақандағы құт ...; ғ) «сыйла, бақ» етістігінің баламасы ...; д) «қуат» сөзінің баламасы ...; е) музыкалық дастан ...; 4/і а) сұрау есімдігі ...; ә) «лас» сөзінің баламасы ...; б) бірыңғай мағыналы үстеу ...
Тіл – күретамыр ҚАЗАҚТЫҢ ЖАҒЫМДЫ БЕЙНЕДЕГІ СӨЗДЕРІ Кішіпейіл (сыпайы, елгезек) – өте белгілі адам болса да өзін кіші, сыпайы ұстайтын адам. Күшті (қайратты, білекті, палуан, қуатты, әлді) – күші көп. Қайраткер – білімін, қызметін ел-жұртына арнаған азамат. Құймақұлақ – естігенін ұмытпайтын, ұғымтал. Қонақжай – үйіне қонақ көп келетін және оны ықыласпен қарсы алу. Өнегелі – көпке жақсы үлгі таратушы. Өнерлі (өнерпаз, шебер, бесаспап) – он саусағынан өнер тамған, іске шебер. Өлермен – әр қиын іске тәуекел етуші, батыл. Отансүйгіш – елін, жерін, халқын сүюші. Сыпайы (салмақты, сырбаз, сүйкімді, қыз мінезді, мәдениетті) – өзін әдеппен ұстаушы. Сабырлы (орнықты, көнтерлі, салмақты) – асықпай сабырмен ойлап іс істейтін, асықпайтын. Текті – ата тегі де, өзі де жақсы адам. Талапты (ізденгіш, талапкер) – жақсы іске талап еткен өнерлі жас. Таза – 1. Ақ, адал, жақсы, ешкімге қиянат жасамайтын. 2. Ұқыпты, ыдыс-аяғын, мүлкін таза ұстайтын. Тиянақты – істі бұлжытпай орындаушы, сенімді. Ұқыпты – іске де, басқа шаруаға да түзу қарап, адал атқарушы. Ұятты – ар-ұяты мол, сенімді. Ұлтжанды – өз ұлтын өте сүйетін адам. Пәк (адал, жаны таза) – өте жақсы адам. Іскер – өз ісін жақсы білетін. Пысық – жұмысқа бейім, әр істің ретін келтіретін кісі. Ғұлама (ғалым, оқымысыт, өте терең білімді) – көп оқыған. Діндар (молда, иман, имам, қажы, дәмолда) – ислам діні жолына берілген. Малсақ (малжанды) – малды жақсы көретін, оны өсіруге, бағуға лайық. Шебер (епсекті, өнерлі, ұста, зергер, тігінші, кілемші, өрімші, үйші, ерші, етікші т.б.) – бұйымдарды, керекті заттарды өз қолымен жасаушы. Халық шеберді «он саусағынан өнер тамған» деп мадақтайды. Шешен (жезтаңдай, ділмар, айыркөмей, орақ ауыз, от тілді, сөзуар, тапқыр) – тілге жүйрік, сөз қисынын тауып айтатын халық қалаған сөз шебері. Ел-жұртты елеген, халқы қалаған азаматтарды ардақтаудың ана тілімізде атаулары мен дәріптеу, бейнелеу сөздерін айтып тауысу қиын. Оны қазақ теңеп те, бейнелеп те, асқақтатып та айта білген. Ел намысын қорғаған ерлерді «нар», «арыстан», «қасқыр», «ерім», «азаматым» деген сияқты теңеулермен мадақтап, ардақтаумен бірге: әділді «қара қылды қақ жарған»; шешенді «ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен»; шеберді «темірден түйін түйген»; жомартты «атын түсіп беретін мырза»; адалды «сүттен ақ, судан таза»; сұлуды «ай мен күндей»; әдептіні «қыз мінезді жігіт»; бәйбішені «бес биенің сабасындай»; баланы «тойған қозыдай»; бойжеткенді «оймақ ауыз, күлім көз» деп дәріптеген. Жақсы адамдарды көріп, білмесе де сырттай сүйініп, ұрпағына үлгі еткен. Олар ауылына келгенде баласының аузына түкіртіп, отырған жеріне аунатып алған. Ел сыйлаған адамдар есімі халық жадында мәңгі сақталған. Мыңдаған, жүздеген жылдар өтсе де, есімдерін жұрт әлі де мақтанышпен айтып отырады. Газет редакторы: Ибраһим Бегімхан Керімханұлы | ||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||
| ||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||
Просмотров: 802 | |
Всего комментариев: 0 | |