АЛАУ, №02(160), 16/11/2015

АЛАУКел, балалар, оқылық!

 

 

 

 

 

 

Газет 2002 жылғы 1 наурыздан шыға бастады      ************************************************************************************

Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің қабырға газеті, shakhibbeker.ucoz.kz ibbeker@rambler.ru 02(160)

********************************************************************************

Айтулы шара

ЖАСТАР – БЕЙБІТШІЛІК ЖАРШЫСЫ

Жаһандағы Бейбітшілікті сақтау һәм насихаттау мәселесі қашанда маңызды. Шатқалақтап тұрған геосаяси жағдай оның маңыздылығын одан сайын артқандай-ақ. Сол себептен осынау тақырыптағы өткізіліп жүрген игі шаралар қоғам мен көпшіліктің бек назарында.

Биылғы жылдың 4-6 қараша аралығында аймақ орталығы Павлодар шаһарындағы «Жемчужина» демалыс аймағында «Жастарға – Бейбітшілік эстафетасы» атты І Халықаралық жастар Форумы өткізілді. Аталмыш шараға Қызылағаш ауылдық округі жастар саясаты жөнінен нұсқаушы Г.Сейітова белсенділік таныта қатысты.

Айта кету керек, осынау игі шараға Қазақстан, Қырғызстан және Ресей елдерінің өкілдері ат салысты. Ал оны ойдағыдай ұйымдастыруда «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» қанаты, «Невада – Семей» антиядролық қозғалысы бірден-бір мұрындық болған екен.

Гүлзия Дәйкенқызының айтуынша, өзімен бірге қатысқан Лебяжі ауданының басқа да төрт өкілі бірқатар шаралардың куәсі болыпты. Айталық, «Бейбітшілік Өкілдері» атты І Халықаралық жастар лагерінде жаһанда Бейбітшілікті сақтауға барынша қатысуды, оны әрдайым қолдауды, ядролық қаруды қолдануға мейілінше қарсы тұруды жан-жақтан насихаттады.

Форум қорытындысы бойынша әлем жастарына қабылданған Үндеуде өзіміздің үйіміз – Жерді әр түрлі төніп тұрған қауіп-қатерлерден қорғау шақырды; Елбасы Н.Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық 70-сессиясында «Жаңа болашақ» тұжырымдамасын әзірлеу, бейбітшілік жетістігі, ядролық қарудан азат болу туралы БҰҰ-ның жалпы декларациясын қабылдау бойынша сөйлеген сөзін қолдауды; жаһандық бастамашылдықтың құраушы көшбасшысы болуды және жас қазақстандықтар ретінде оның ішінде миллионға жуығы өздерінің қолдарын қойған «Әлем жастары – ядролық қаруға қарсы!» Үндеухатымен «Невада – Семей» Халықаралық антиядролық қозғалысымен шығарылған «Әлем жастары – ядролық қаруға қарсы!» Үндеуіне қол қоюды ұсынуды; ядролық қауіпке қарсы әлем жастарының наразылық білдіруін ұжымдық тұрғыдан жар етті.

Лагерь жұмысына қатысқандар алдында сөз алған зиялы қауым өкілдері Бейбітшілікті сақтау, ядролық қаруды қолдануға қарсы тұру жолында жастар халықтың басынан өткен тарихтың ащы беттерін, алдыңғы толқын – ағалардың басынан өткен тауқыметті білумен қатар елжандылық, отансүйгіштік, жоғары азаматтық ұстаным, гуманизм, Бейбітшіліктің тағдырына жауапкершілік атты асыл құдірет-қасиеттерді қадірлеуге шақырды.

Г.Сейітованың сөзіне сенсек, Форум барысында басты нышан – аймақтан аймаққа, елден елге ауысып жүретін Бейбітшілік Кубогі паш етілді. Сонымен бірге «Невада – Семей» антиядролық қозғалысының бірегей бастамашысы, көрнекті ақын, ірі қоғам қайраткері О.О.Сүлейменовке арнаған шығармалар, өлеңдер тілге тиек етіліпті. Солардың қатарында аудан орталығы Аққу ауылында тұратын Михаил Саенконың өлеңі анадайдан менмұндалаған екен. «Табиғат-Ананың монологі» атты сахналанған қойылымды «Триумф» интербелсенді музыкалық-платикалық театры «Самал» аймақтық орталығымен бірігіп қойған екен. Бұл қойылымда мүмкіндігі шектеулі балалар кейіпкерлер ретінде қатысып, көрермендерді шексіз ықылас-ризалығына бөленіпті.

Сайып келгенде, осынау Форум әрекеті екі жылды бір рет кезеңімен жалғасуы және ядросыз ғасыр – ХХІ ғасыр – ілгерілеудің һәм жасампаздықтың ғасыры болуына бағытталуы тиіс, ұлы тарихи мүмкіндік берілуде басқа балама жоқ.

Асылында, болашақ жастарға тиесілі, сол үшін аянбай күресу қажет. Ал оның қандай екені біздің барлығымызға байланысты!         

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Ұлы Дала елінің қазынасы

ҚАЗАҚТЫҢ ЕҢБЕК ДӘСТҮРЛЕРІ

Салбурын (салт). Бұл аншылық сауық. Аңшы, саятшы жігіттердің топ болып, бірнеше күн бойы аңға шығуын «салбурын» деп айтады. Мұны аңшылық мерекесі десе де болады. Мұнда алған аң бәріне бірдей тең бөлінеді. Ауылдағы ақсақалдардың жолы бөлек есептеледі. Салбурын аңшылардың ерлігі мен ептілігін, азаматтығын сынайтын жол. Аңшылардың қысты күні күтетін сәті сонар. Сонар ұзақ сонар, келте сонар және қан сонар деп үшке бөлінеді. Мұның ең қызығы соңғысы. «Қан сонарда шығады бүркітші аңға» (Абай).

Бұл аңшылар үшін өте қызықты сәттердің бірі. Қыстың тынық күні ұлпа қар жерге түскенде жүрген аңның ізі тайға таңба басқандай анық көрініп жатады. Аңшылар бұл күнді асыға күтіп жүреді де ізіне түскен аңды құтқармай соғып алады.

Тағы бір қызығы қасқыр, түлкі сияқты аңдар сонардың өзіне қауіпті екенін сезеді. Ондай сәтте олар апанынан, інінен немесе жатқан жерінен қозғалмайды, із салмайды. Мұны кәнігі аңшылар жақсы біледі. Сонарда аңшылар аңды дабыл қағып, айқайлап, ит қосып, үркітіп шығарады.           

  • 2015 жылдың 11 қарашасында Лебяжі жалпы орта білім беретін мектебінде 5-7 сынып оқушылары арасында негізгі пәндер бойынша аудандық олимпиада ұйымдастырылды. Мектебіміздің намысын қорғауға бас-аяғы төрт-ақ оқушы таңертеңнен аттанды. Атап айтқанда, 5-қазақ оқушысы Серікпай Айдана қазақ тілі мен әдебиетінен, 5-қазақ сынып оқушысы Зейнолла Гүлзира математикадан, 5-қазақ сынып оқушысы Ахмедеев Азат информатикадан, 6-қазақ сынып оқушысы Ағыбай Өміржан орыс тілінен қатысты. Нәтижесінде, Айдананың жолы болып, бабы-бағы жанып, үшінші орынның тұғырынан көріне білді (пән мұғалімі Ибраһим Б.К.). Бәрекелді демекпіз!     

Білгенге – маржан

СҮЙЕК, МҮЙІЗДЕН ЖАСАЛАТЫН ЗАТТАР

Аттарақ – жылқының жіліншігін жарып, жұқалап, оған егеп тіс салып, ағашқа саптайды.

Білезік – сиыр мүйізінен жасалады. Сырты жылтыр, оған түрлі ою-өрнектер салынады.

Бұғышақ – аңшылардың түрлі, қатты үн шығаратын үрмелі дыбыс құралы. Бұған мүйізден түтік қойылады.

Дойбы – бақайшық, қызасық және жіліншік басының түбін егеп, бояп дойбы тастарын жасайды. Сондай-ақ бұған ірі балық омыртқаларын да қолданады.

Жебе – ертеде жаугершілік жылдары жылқының жіліншік сүйектерінен кәдімгі садақ жебесінің ұштарын жасаған.

Зырылдауық – қойдың, ешкінің, киіктің бақайшық сүйектерінен біреуден немесе екеуден қосып, ширатылған жіп арқылы біресе тартып, біресе босатып отырғанда зырылдап дыбыс шығарған. Мұнымен балалар ойнайды.

Зымырауық – ортан жіліктің жұмыр басын ортасынан тесіп, ағаш өткізеді де балаларға зымырауық ойыншық жасайды.

Сауыт – қақтаған мүйізден құрап, қыздардың ине-жібін салатын бұйым жасалады.

Сыбызғы – мүйізден, құстың (қаз, тырна) ортан жіліктерін өңдеп, кептіріп, әр жерден тесіп жасаған үрмелі аспап әртүрлі дыбыс шығарған.

Сырға – сиыр мүйізінен әшекейлі, өрнекті, әсем сырғалар жасалған және ол бағалы тағымдар қатарында саналған.

Жұмбақтар жаһанында

/№01(159) санда берілген 14 жұмбақтың жауаптары: Жер және аспан; Күн сәулесі; Тау; Батқан күн; Ай; Ай; Аспан және жұлдыздар; Нөсер; Найзағай; Кемпірқосақ; Кемпірқосақ; Құс жолы; Апан; Ауа/

***

Орнын жирен айғырдың

Көргенде ел қайғырады.

***

Сезесің тынысынан,

Танисың дыбысынан.

Көзіңе көрінбейді,

Түспейді уысына.

***

Боз бұқаға шыдамады көне күз,

Қара жарды жарып өтті көк өгіз.

***

Кісені жоқ көк жорға,

Ағар-ағар сарқылмас,

Жатар-жатар жалықпас.

***

Бірі өлсе – бірі тірілер,

Бірі тірілсе – бірі өлер.

***

Бір бұйрықты естігендей тоқталар,

Жағалауға жете сала жоқ болар.

***

Бұғау салса бұлқынар,

Тұяқсыз да жылқы бар.

Міне сондай пырақтар,

Қанаты көп бірақ та.

***

Жайлығы – төсегі,

Сағат сайын өседі.

***

Арқадағы аттың

Арқасы қотыр.

***

Қырдың арғы бетінде

Қаны тамған қызыл ет.

***

Қожамның басы үлкен,

Бауырымның бөрі үлкен.

Барлығы: 11 жұмбақ

(жауаптарды төмендегі электронды мекенжайға жолдаңыздар немесе мұғалім Бегімхан Керімханұлының қолына жеке параққа жазып беріңіздер. Тапсыру мерзімі 16-20/11/2015 аралығы. Дұрыс шешуді көп бергендер естелік сыйлықпен марапатталады. Асығыңыздар! )

Тіл – күретамыр

ТІЛ-ТІЛДЕР...

  • Әлбетте, тіл – қандай ұлтта, елде болмасын әрқашан қастерлі де құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл – әрбір елдің жаны.
  • 1989 жылы 22 қыркүйек күні "Тіл туралы" заң қабылданған болатын. Бұл заңда Қазақ КСР-нің мемлекеттік тілі қазақ тілі, ал орыс тілі – ұлтаралық тіл деп бекітілген еді. Содан бері 22 қыркүйек – Қазақстан Республикасының халықтарының тілдер мерекесі күні.
  • 1995 жылы 30 тамызда қабылданған  жаңа Конституцияда қазақ тілі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілі болып бекітілді. Ал  1997 жылы 11 шілдеде «Тіл туралы» Заң қабылданып, оның 4-бабында "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі” екені жазылды.
  • Жеке  бір адам ұлт тілін жасай алмайды. Тіл бүкіл халықтың игілігі, халықпен  бірге жасап, бірге дамиды. Ол әр халықтың жазуы жоқта кітабы, мектебі жоқта ұстазы болған. Әр азамат өз ойын ана тілінде білдіріп, білімінің жемісін сол тілде таратады, шығармасын ана тілінде жазып қалдырады. Халықтың тарихта қалуы тіліне байланысты. Тіл – халықтың жаны, мәні, сәні, дәлірек айтқанда, тұтастай кескін-келбеті.
  • Қазақ тілі – бай тіл, оралымды, ырғақты теңеу-бейнелеулері ерте туған тіл. Поэзияда Абай, Ілияс, прозада Мұхтар, Ғабит сияқты алыптар туғызған тіл. Осындай тілімізді таза ұстайық!
  • Ана тіліңді қадірлеу – мемлекетіңді, ұлтыңды, өзіңді қадірлеу. Қазақстан егемендігін баянды етіп, оны әлемдегі озық елдердің қатарына қосу үшін мемлекеттік тілдің жетекші рөл атқаратындығын әсте естен шығармайық.
  • Тіл-тілдер хақында кейбір қызықты дерекке көз жүгіртіп, таным әлемін кеңейтіп көрейік.
  • Қазір дүниеде 2796 түрлі тіл қолданылады. Қолданатын жан саны 50 миллионнан асатын тіл – 13. Егер бұл тілдерді қолданатын жан санының аз-көптігіне қарай тізсек, реті мынандай болады: қытай тілі, һинді-ордо тілі, ағылшын тілі, испан тілі, итальян тілі. Бұл тілдер 65 мемлекетте мемлекеттік тіл ретінде қолданылады.
  • Дүниежүзінде ресми тіл саны алтау: қытай тілі, ағылшын тілі, орыс тілі, испан тілі, француз тілі, араб тілі.. 
  • Жалпы 6 мыңға жуық тілдің 100-і ғана мемлекеттік деген статусқа ие болған. 1989 жылы «Тіл туралы» Заң  қабылданғаннан бері қазақ тілі де осы мемлекеттердің  қатарына кіргеніне қуаныштымыз. 
  • Шығыс ғұламасы Әл-Фараби  70-ке жуық тілді меңгерген.
  • Ұлы Абай орыс-қазақ тілдерімен қатар парсы, араб тілдерін меңгерген. Орыс тілін орта жастан асып барып, кеш меңгерген.
  • А.С.Пушкин француз, ағылшын, неміс, итальян, испан, латын, грек, славян тілдерін білген. Көне еврей тілін зерттеген.
  • Луначарский испан тілін 57 жасында үйренген екен.
  • Профессор Құдайберген Жұбанов көп тіл білген кісі. Тіпті ана тілімізді салыстырмалы жүйемен үйренуге де, зерттеуге де себі бар деп жапон тілін де игерген.
  • Кибернетика “атасы” деп есептелетін Норберт Винер 13 тілді зерттеген.
  • Люксембург халқының түгелге жуығы төрт тілде еркін сөйлей алады, әсіресе, жастары. Ең бастысы, Люксембург балалары мектепке дейін төрт жастан бастап тегін ана тілінде, екінші сыныптан бастап француз тілінде оқиды. Ағылшын тілі алтыншы сыныптан басталады.
  • Дүниедегі барлық аударма шығармалардың 33% ағылшын тілінен аударылса, 15 % – француз тілінен, ал 1%  неміс тілінен аударылады.
  • Асылында, кемеңгер қаламгер Ғ.Мүсірепов: «Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Ана тілін өгей ұлдар ғана менсінбейді» деген, сондықтан өз тілімізге, өз ұлтымызға өгей болмайық, ағайын!

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Шекарасыз «Қазақ тілі»

  1. Белгілі бір дәуірлерде көнеріп, қазір қайтадан қолданысқа түскен көнерген сөздерге мысал келтіріңіз.
  2. Патша, уәзір, сауыт сөздері қандай сөздерге жатады?
  3. Мына мақалдан көнерген сөзді табыңыз: «Ынтымақ – оқ өтпес сауыт, татулық – тамаша сауық».
  4. «Жылан жалағандай» деген тұрақты тіркестің мағынасы қандай?
  5. Мына сөздердің антонимін табыңыз: Шебер, сулы, ер.
  6. Алыс сөзінің фразеологизмін табыңыз.
  7. Мына сөздердің қайсысы әрекетке қатысты сөздер: жел, ауыр, тарт, ай.
  8. Мына сөздердің қайсысы кірме сөз: Күн, мектеп, талап.
  9. Ауыл шаруашылығына байланысты сөз қайсы: терімші, атауыз, сым.
  10. Сөйлемнен термин сөзді табыңыз: Би – балеттің негізгі көркем, мәнерлі құралы.
  11. Сөйлем құрамындағы төз сөздерден жасалған терминдік атауларды табыңыз: Ғаламшарымызды айнала ұшып жүрген Жер серіктерінің ел үшін пайдасы орасан зор.
  12. Мақалдағы ауыспалы мағынада жұмсалып тұрған сөзді табыңыз: Қанағат – денсаулық көзі».
  13. Мына фразеологизмді аяқтаңыз: Көрер таңды ...
  14. Мына көп мағыналы сөзден сөз тіркесін құраңыз: бас.
  15. Намыс туралы қандай мақал білесіз?
  16. Мына сөздің синонимін табыңыз: тас жүрек.
  17. Мына сөздерді эвфемизммен ауыстырып жазыңыз: ұры, саңырау, сараң.
  18. Диалект сөздердің әдеби тілдегі баламаларын жазыңыз: сүгірет, маңлай, жар, көпшік.
  19. Анатомиялық атауға қай сөз жатады: бұлт, бөле, көз, біз.
  20. Жапырақ сөзі қандай буындардан тұрады?
  21. Жапан дүз, бойгүйездік, қайырғош сөздерінің орфографиялық нормаларын сақтап жазыңыз.
  22. Ғажа-а-ап сөзінде дыбыс екпіні қай буынға түскен және қандай көңіл күйді білдіріп тұр?
  23. Дыбыстың жасалуына қандай ауыз мүшелері қызмет етеді?
  24. Қазақ тілінде қанша дауысты дыбыс бар?
  25. Дауыссыз дыбыстар үн мен салдырдың қатысына қарай неше топқа бөлінеді?
  26. Олар бүгін тауға шықпақшы. Сөйлемдегі қай сөзге ой екпіні түсіп тұрғанын анықтаңыз.

(жауаптарды төмендегі электронды мекенжайға жолдаңыздар немесе мұғалім Бегімхан Керімханұлының қолына жеке параққа жазып беріңіздер. Тапсыру мерзімі 16-20/11/2015 аралығы. Дұрыс шешуді көп бергендер естелік сыйлықпен марапатталады. Асығыңыздар! )

  • 2015 жылдың 3 қарашасында мектепішілік ата-аналар жиналысы мектебіміздің мәжіліс залында өткізілді. Балаларының, немере-жиендердің оқу һәм тәрбиеде нендей биікте жүргенін естуге жиналған ата-аналар алдында мектеп әкімшілігі биылғы оқу жылының бірінші тоқсаны бойынша есеп берді, сонымен бірге оқушылар арасында тәртіп бұзушылықты болдырмаудың алдын алу бойынша тәрбиелік әңгіме өткізілді.

Ойлана ойнайық

/№01(159) санда берілгендердің жауаптары: 1. аз, ай, ақ, ал, аң, ар, ас, ат, аш, ау; 2. Ән, әк, әл, әз, әр, әй; 3. Ез, ек, ел, ен, ер, ес, ет, еш, ең, еп/

ДАУЫСТЫ ДЫБЫСТАН БАСТАЛАТЫН СӨЗДЕР

  1. «О» дыбысынан басталатын толық мағыналы сөздер:

а) жарыста алда бол! ...

ә) ақылдың синонимі ...

б) қарудан қайта шығатын ...

в) жіктеудің үшінші жағы ...

г) екі қолдың саусағы ...

ғ) теріс сөзінің синонимі ...

д) шегіртке қонатын траншея ...

е) жылудың өзі мен көзі ...

5. «Ө» дыбысынан басталатын толық мағыналы  сөздер:

а) өздік есімдік ...

ә) сиырға айтылатын одағай ...

б) көбей, көкте етістігінің синонимі ...

в) түр-түстің синонимі ...

г) қайсар сөзінің синонимі ...

ғ) бауырға жабысып тұрады ...

д) жекіру одағайы...

е) сүй сөзінің синонимі...

6. «Ұ» дыбысынан басталатын толық мағыналы сөздер:

а) тыңдап ал ...

ә) қыз сөзіне антоним ...

б) бидайдың ұлпасы ...

в) соқ сөзінің синонимі ...

г) Бинго ойынын ...

ғ) көкке самға ...

 (жауаптарды төмендегі электронды мекенжайға жолдаңыздар немесе мұғалім Бегімхан Керімханұлының қолына жеке параққа жазып беріңіздер. Тапсыру мерзімі 16-20/11/2015 аралығы. Дұрыс шешуді көп бергендер естелік сыйлықпен марапатталады. Асығыңыздар! )

 

Ұлы Дала елінің қазынасы

ҚАЗАҚТЫҢ ӘДЕТ-ҒҰРЫП, ЖӨН-ЖОСЫҚТАРЫ

  • Ең жақын туысы, ілігі қайтыс болғанда жол-жөнекей айта салмай, жөн білетін кісі әдейі барып естіртеді.
  • Жаңа түскен келінді күйеудің туыстары арнайы «үй көрсетуге» шақырады. Оған дейін келін ол үйлерге бара алмайды.
  • Күйеуді қыздың (келіншектің) туыстары да үйіне шақырады. Оны «есік ашар» деп атайды.
  • Қонаққа үй иесі аттанарда «бұйымтайыңыз бар ма?» деп сұрайды. Бұл «тілегіңіз, қалағаныңыз бар ма?» деген сөз. Қонақтың тілегін орындау парыз әрі құрмет.
  • Батыр, ақын, әнші және сол сияқты көпке белгілі, құрметті адамдардың отырған орнына қазақтар жас балаларын аунатып, сондай болсын деп тілек тілейді.
  • Шалбарды отырып, оң аяқтан киеді, сол аяқтан шешеді.

Шығармашылығы шабыттанып тұрған оқушыларды, ұстаздарды қатарға шақырамыз!

Газет редакторы: Ибраһим Бегімхан Керімханұлы

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (17/11/2015)
Просмотров: 815 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: