Кел, балалар, оқылық!
Газет 2002 жылғы 1 наурыздан шыға бастады ************************************************************************************Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің қабырға газеті, shakhibbeker.ucoz.kz ibbeker@rambler.ru 01(159) ******************************************************************************** Игі дәстүр ізімен АЛТЫН КҮЗ «Сұр бұлт, түсі суық қаптайды аспан» деп Хакім Абай айтқан күз мезгілі де шарықтау шегіне жетіп қалды. Кеше ғана көк желекке оранған ағаш алтындаған күз түстерімен көздің жауын алып отыр. Өзіне ғана тән көркемдік реңі бар осынау жыл мезгілі әрі берекелі, әрі мерекелі. Игі дәстүр ізімен жуырда Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде «Алтын күз» атты мектеп оқушылары арасында байқау өткізілді. Кезінде ғой аталмыш шара кем дегенде екі күнге созылатын, ал қазір, оқушылар саны азайып, сыныптардың кемуіне байланысты, айналдырған бір сағаттық бағдарламаға сайып отыр. Оқу ордасында мектеп ішіндегі тәрбиелік-тағылымдық шараларды ұйымдастыру һәм өткізумен айналысатын, 10-сынып оқушылары жауап беретін, «Ойын-сауық» тобы апта бұрын байқаудың шарттарын жария етті. Содан бері сыныптарда қызуқанды дайындық жұмыстары белең алды. Безендірілген сахна төрінде қатысушылар алдымен өз-өздерін түрлі үлгіде таныстырды. Күз тақырыбын ту еткен әндер шырқады, билер орындады, өлең шумақтарын оқыды, ал бірінші сынып бүлдіршіндері жүргізушілер тарапынан қойған жұмбақтарға бал тілдерімен жауап беруге барын салды. Сонымен бірге күзгі бау-бақша өнімдерінен қолдан жасаған бұйымдарынан өзіндік көрме ұсынды. Күзгі сән үлгісін жасау үшін оқушылар ескірген газет беттерін, полиэтиленнен жасалған түрлі түсті пакеттерді, тіпті саудагерлердің ала қаптарын мейілінше қолданды. Байқаудың сындары арасында 6,10 сынып ұлдарынан құрамдалған «Мэнстайл» көңілділер мен тапқырлар командасы езу тартар шағын көріністерімен көрермендердің шексіз ықыласына бөленді. Нәтижесінде, ұйымдастырушылардан жасақталған әділқазы алқасы бастауыш сыныптар арасында жеңімпаз деп 1-сынып оқушыларын, ал орта буын ішінде 5-сынып оқушыларын таныды. Ал «Күз ханзадасы» атағын 1-сынып оқушысы Асылболат, «Күз ханшайымы» атағын 1-сынып оқушысы Дарина иеленіп, бастарына тәж киді. shakhibbeker.ucoz.kz
Ұлы Дала елінің қазынасы ҚАЗАҚТЫҢ ЕҢБЕК ДӘСТҮРЛЕРІ Нәзір (салт, ырым). Күрделі жұмыс бастағанда (мысалы, егін салғанда, су келтіру үшін арық қазғанда, үй салғанда) бұрын әр адам «тәңірім, ісімді оңдай көр», «қайырлы ете көр» деп «нәзір» жасаған. «Нәзір» дегеніміз ауылдас адамдарын шақырып, бір малын сойып өзінің басталғалы отырған ісінің мән-жайын айтып, аруақтарға дұға оқытып, көпшіліктен бата тілейді. «Көп тілегі көл» дегендей жиналғандар оған «алла риза болсын», «тілегің қабыл болсын», «ісің оңға бассын» деген сияқты ізгі, баталы, аталы сөздерін айтып ризалық көңілдерін білдіреді. Өзінің әр ісіне ыждағатпен, сеніммен, шын берілгендікпен қарайтын халықтың осы ізгі жол ұлтымыздың жақсы дәстүрі мен әдеп-салтының қасиетін айқындай түсетін тағы бір елдік нұсқа. Үме (салт). «Үмеге келген үндемей қалмайды» (мақал). Үлкен, ауыр, көлемді жұмыстарды ауыл, ру адамдары «бір жеңнен қол шығарып» бас қосып, көпшілік болып, бірігіп атқарады. Соның бірі – үме. Әсіресе, қысқа мал азығы үшін жемшөп дайындағанда мал иесі жігіттерді үмеге шақырады. Қарулы азаматтар бел орақтарын шыңдап, қайрап іске кіріседі. 20-30 жігіт қатарласа тұрып орақ тартады. Бір күн ішінде бірнеше тонна шөп шабылып, әрі жиналып алынады. Үмеге ет асаймыз деген бала-шағалар да, көңіл көтеретін әнші, күйші, жыршылар да келіп өнер көрсетіп, жұрт бір серпіліп қалады. Үме – ұжымдасқан еңбек тойы. Мұндай істен ауыл азаматтары ешқашан шет қалмайды. «Сірге мөлдіретер» (дәстүр). «Бие ағытар күні берілген қымызды «сірге мөлдіретер» дейді. Бұған ауылдың ақсақалдары мен аналараы шақырылады, олар риза болып, алғыс айтып, бата береді. Кей жерлерде мұндай дәстүрді «сіргежияр» деп те атайды. Бұл да қазақтың жомарттық салтын көтере түсетін қасиетті дәстүр. «Сабан той» (дәстүр) – ұлттық салт-дәстүр ішінде жомарттық пен қайырымдылықтың ынтымақтығы, еңбексүйгіш елдің тағы бір қырын көрсететін еңбек мерекесі әрі той. Мұны егінші ел жасайды. Егін бітік шығып, қырманнан қызылдап, оны төкпей-шашпай, суыққа ұрындырмай мезгілінде жинап алған ел күзде «Сабан той» өткізеді. Әрине, мұнда да кең дастарқан жайылып, ақсақалдар бата береді. Палуан күрес, ойын-сауық түрлері өткізіледі. Не керек, жұрт қауырт жұмыстан кейін кең тыныс алып бір жасап қалады. Жомарттар жұртқа қап-қап «кеусен» беріп, оларды да риза қылады. «Сабан той» мереке әрі егіншілердің еңбек қорытындысы десе де болады. «Сыралғы» (дәстүр). «Батырдан – сауға, аңшыдан – сыралғы» (мәтел). Олжалы, қанжығасы қанданып келе жатқан аңшыдан немесе саятшыдан кездескенде сұралатын дәстүрлі, кәделі жол әрі ырым. Мәрт аңшылар мұндайда «сыралғы» сұрағанның сөзін жерге тастамайды. Есте болатын бір нәрсе бұл ұлттық әдет-ғұрып – міндет. Бірақ атып алған аң сыйлыққа жатпайды. «Шашыратқы» (дәстүр). «Әлгі бәйбіше үйіне келіп, қатындарға шашыратқы береді» (Ә.Диваев). бұл күзде қошқардан күйек алынатын кезде жасалатын ырым. Қошқарды саулықтарға қосып, мал иелері жақсы тілек тілеп, оның үйіне қойшылар жиналып, мәре-сәре болады. Үйдің отанасы келгендерге тағам береді, ол «шашыратқы» деп аталады. Мұны малшы ауылдың дәстүрлі еңбек мерекесі ретінде қалыптастырған. «Шідерге сигізу» (дәстүр, ырым). Халық бала 4-5 жасқа толғаннан кейін, сүндеттеу, ашамайға мінгізу, тігін тігу, жүн түту сияқты еңбекке баулып, ұлттық әдет-ғұрыптарды түсіндіріп, оны жүзеге асыра бастайды. Соның бірі – еркек балаларды шідерге сигізу. Бірнеше адам бас қосып балаға «сен енді азамат болдың, шаруаға ыңғайлы бол» деп бата беріп, алдына шідер тастап, оған сигізеді. Бұл ырым бала еңбекқор, іске бейім болсын деген ойдан туған. Шаруаға икемсіздерін «шідерге симегене неме» деп сөгеді, күстәналайды. shakhibbeker.ucoz.kz
Егде жандардың құрметіне АМАН БОЛ, АСЫЛ ҚАРТТАРЫМ! Қазан айының туысымен ірілі-шағын елді мекендерде қашаннан қалыптасқан игі дәстүр бойынша Халықаралық егде адамдар күні есте қаларлықтай аталып өтеді. Бесқарағай ауылында осынау әйгілегіш биыл «Аман бол, асыл қарттарым!» атты кешенді шарамен ойдағыдай ұйымдастырылды. Айта кету керек, аталмыш шараны өткізуге Қызылағаш ауылдық округінің әкімшілік аппараты мұрындық бөлді. Аймақ, аудан, ауыл көлемінде өткізілетін көлемді шараларды ұйымдасқан түрде өткізуде бірлік, ынтымақ, өзара түсіністіктің таптырмас үлгісін көрсетіп жүрген һәм ауыл әкімі Ж.Байтілеуова асқан менеджерлік танытатын әкімшілік аппарат бұл жолы да абыройлық танытты. Мектептің мәжіліс залында егде жасқа келген алпыс шақты жанға буы бұрқыраған қазақы дастарқан жайып, кішіпейілдік танытып, қонақжайлылықтың бірегей үлгісін көрсетіп бақты. Дәм-тұзды дастарқан басында шүйіркелесе жиналған егде жандар бір-бірімен емен-жарқын көрісіп, жарасымды әзілдесіп қана қоймай, ауыл көркемөнерпаздарының ән шашуын тамашалады. Алпыс, жетпіс, сексеннің бел ортасын бағындырып үлгерген ауылдың егде жандарын құттықтаған ауыл әкімі Жанат Шоқанқызы өзінің сөзінде қарияларға зор денсаулық, үйде де, түзде де дін амандық, немере-шөберелердің қызықтарын молынан көру деген шынайы тілектерін күн нұрындай шашты. Сахна төріне шыққан ауылдың ардагерлер Кеңесінің төрағасы С.Темірғалин, ардагер ұстаздар Д.Ақатаев, Л.Молокова зейнеткерлерді осынау мерекемен өз алдына құттықтады. Зейнеткер Е.Ибрагимов гармон аспабының сүйемелдеуімен, мектепалды даярлық тобы тәрбиешісі Л.Сейітова, мұғалімдер Б.Ибраһим, Қ.Ахметов, оқушы А.Увакова шырқаған әндер жиналған қауымды бір серпілтіп тастады. Жарасымды отырыстың соңында егде жандар көңілді әндердің ырғағымен бір билеп, енді қайтып оралмас жастық шақтарын еске түсірді. Үй-үйлеріне аттанған егде жандар осынау шараны ұйымдастырғандарға шексіз ризашылықтарын білдіріп, елді көгертер шынайы баталарын берді. Ал осыдан артық бақыт бар ма, ағайын! shakhibbeker.ucoz.kz
Жұмбақтар жаһанында Біреуі түкті кілем, Біреуі түпкі кілем. *** Алтын суыртпақтың Бір ұшы көктем, Бір ұшы жерде. *** Жерде көбесі, Көктем төбесі. *** Қырдың арғы жағына Қызыл кесе лақтырдым. *** Ауыл үстінде алтын қалақ. *** Мұз үстінде алтын қалақ. *** Тігілмеген торғын, Тізілмеген маржан. *** Теңізді сыпырып, Тайганы жапырып, Тыншыды ақыры. *** Алтын қамшы бұқтырады, Дүние тік тұрады. *** Айылындай аспанның Бұл не көпір аспалы? *** Монғолдан келген үлгі, Қытайдан келген сүлгі *** Шетсіз-шексіз кенеп, Өңі қашқан көне. *** Көлеңкесі жоқ қара бие. *** Көзің көрмейді, Қолың ұстамайды. Барлығы: 14 жұмбақ (жауаптарды төмендегі электронды мекенжайға жолдаңыздар немесе мұғалім Бегімхан Керімханұлының қолына жеке параққа жазып беріңіздер. Тапсыру мерзімі 26-30/10/2015 аралығы. Дұрыс шешуді көп бергендер естелік сыйлықпен марапатталады. Асығыңыздар! ) shakhibbeker.ucoz.kz Халықаралық мұғалімдер күні ҰСТАЗ – ҰЛЫ ТҰЛҒА
shakhibbeker.ucoz.kz Ойлана ойнайық ДАУЫСТЫ ДЫБЫСТАН БАСТАЛАТЫН СӨЗДЕР
а) көп деген сөздің антонимі ... ә) түнде көрінетін ғаламшар ... б) қара деген сөздің антонимі ... в) бер деген сөздің антонимі ... г) жабайы жануар ... ғ) намыс сөзінің синонимі ... д) тағам сөзінің синонимі ... ж) ер қанаты - ... е) ас ішпеген адам ... ё) су сүзетін тор ... 2. «Ә» дыбысынан басталатын толық мағыналы сөздер: а) музыкалық термин ... ә) үй ағартатын зат ... б) күш-қуат сөзінің синонимі ... в) соқыр сөзінің синонимі ... г) түр-түстің синонимі ... ғ) одағай сөз ... 3. «Е» дыбысынан басталатын толық мағыналы сөздер: а) ер деген сөздің антонимі ... ә) көктемде көп айтылатын етістік ... б) халық атаулының синонимі ... в) малға салынатын таңба ... г) батыр сөзінің синонимі ... ғ) ақылдың синонимі ... д) жесең тісіңе, жемесең түсіңе кіретін зат ... ж) зая кету тіркесі синонимі ... е) күшейткіш үстеуі ... ё) айла сөзінің синонимі ... (жауаптарды төмендегі электронды мекенжайға жолдаңыздар немесе мұғалім Бегімхан Керімханұлының қолына жеке параққа жазып беріңіздер. Тапсыру мерзімі 26-30/10/2015 аралығы. Дұрыс шешуді көп бергендер естелік сыйлықпен марапатталады. Асығыңыздар! ) shakhibbeker.ucoz.kz
Ұлы Дала елінің қазынасы ҚАЗАҚТЫҢ ӘДЕТ-ҒҰРЫП, ЖӨН-ЖОСЫҚТАРЫ
shakhibbeker.ucoz.kz | |
| |
Просмотров: 977 | |
Всего комментариев: 0 | |