Баянды болашақ жолында

Он екі жылдық білімдену жолында

АУЫЛ МЕКТЕБІНІҢ ХАЛ-АХУАЛЫ

Он екі жылдық білім беру жүйесіндегі білім мазмұны, бағалау жүйесі, т.б. өзекті мәселелері ғалымдар, мұғалімдер, әдіскерлер арасында талқыланып, ортақ пікір қалыптасты десе де болады. Бұл жүйе арқылы біз әлемдік білім кеңістігіне еркін еніп, салыстырмалы педагогиканың жаһандық жетістіктеріне қол жеткіземіз. Мектеп бітіруші жастар өзгермелі қоғамға тез бейімделіп, ондағы өз орнын анықтайтын болады. Олай болса, он екі жылдық білімге көшуді мұғалімдер, ата-аналар, құзіретті мекемелер саналы түрде қабылдап, оған белсенді түрде араласып икемділік көрсетуі қажет те.

Кез келген елдің экономикалық қуаты, халқының өмір сүру деңгейінің жоғарылығы, дүниежүзілік қауымдастықтағы орны һәм салмағы елдің технологиялық даму деңгейімен анықталмақ. Жалпы қоғам дамуы мен жаңа технологияның енгізілу сапалылығы осы елдегі білім беру ісінің қалай жолға қойылғандығы мен осы саланың ақпараттандыру деңгейіне келіп тіреледі.

Ауыл мектебі – дала уызы дарыған, елдік қасиеттер егілген құнарлы орта. Білімдену һәм тәрбиеленудегі жаңашылдық қайта құрулар осы ауыл мектептерінен бастау алулары керек. Ауыл мектептерінің мәртебесін көтеруді мемлекеттік деңгейде шешетін уақыт әлдеқашан келді. Жасыратыны жоқ, осынау мектептердің басым бөлігі бір не аз кешенді шағын мектептер болып табылады. Бұл шағын ауыл мектептерінде:

[     пәндерді тереңдетіп оқытатын сынып я сыныптар ашу экономикалық тұрғыдан тиімсіз;

[     еңбекке даярлықты ұйымдастыруға мүмкіндік жоқ;

[     оқушы санының аздығы оқу жоспарындағы мектеп бөлігін іске асыруға мүмкіндік бермейді;

[     кіріктірілген пәндерді оқытуға арнайы дайындығы бар мұғалімдер жоқ, оның үстіне кіріктірілген пәндерді оқыту әдістемесі мен оқыту әдістемелік кешен де өз деңгейінде емес;

[     үш тілді бір мезгілде оқытудың формасы мен әдістемесінің үйлеспеуі, яғни интерактивтік құралдар, интерактивтік оқыту әдістері мен әдістемесін пайдалануға материалдық базаның дайын еместігі;

[     он екі жылдық білім жүйесіндегі бейімді он екі жылдық мектептер ашудың мүмкін еместігін атап көрсетуге болады.

Бүгіндегі ауыл мектептеріндегі жағдай мынадай: он бір жылдық білім стандарты негізінде бір бейімді сыныптар ұйымдастыру жолымен бейімді оқыту мәселесін шешіп алған. Ал ертең он екі жылдық білім жүйесіне көшкен кезде осы сарын өз жалғасын табатыны белгілі болып отыр. Бұны білімденудегі формализм һәм субъективизмнің әуелден қалыптасқан сүрлеуінен шырмалып шыға алмағандық деп қараған абзал. Ендеше де осы жоғарыдағы жағдай ескеріліп, ауыл мектебінің он екі жылдық білім жүйесіне көшуіне арнайы ұйымдастыру және жергілікті жер ерекшеліктері ескерілген жаңа көзқарас керек.

Асылында, жаңа білім жүйесінің басты мәселесі – білім беру мазмұнының негізгі идеясын айқындап алу. Ол үшін білім сапасын жаңартып, ұлттық білім беру жүйесін бәсекеге қабілетті ету керек. Ал білім сапасын жақсарту я жаңаруы дегеніміз – үнемі алға ұмтылу. Бұл – білім беру кезеңдеріндегі нәтижеге жасалып отыратын талдаулар мен өзгерістер һәм салт-дәстүрді, мәдени мұраны, жалпы ұлттық құндылықтарымызды сақтап дамытатын тұрақты жүйелер.

Білім берудің мақсаты жаңа формацияға сай ұйымдастырушылық құрылым, жаңа педагогикалық технологияның енгізілуі, оқыту әдістемесі қоғамның әлеуметтік сұранысынан туындайды. Оқыту технологиясы бүгінге дейін: білім мазмұны – білім беру формасы – оқыту әдісі – оқыту көрнекілігі тізбесінде қарастырылып келсе, енді жаңа педагогикалық технологияның енгізілуінен оқып үйрену – меңгеру – өмірге ендіру – дамыту тізбесінде қарастыруды қажет етіп отыр.

Дидактиканың «Нені оқыту керек?» деген сұрағына мемлекеттік білім стандарты жауап берсе, ал «Қалай оқыту керек?» сұрағына жауапты мұғалімнің кәсіби біліктілік деңгейі, оқытудағы жаңа технологияны игеріп пайдалана білуі, оқыту мақсатын сабақ үстінде қалыптастыра білу шеберлігі һәм т.б. іздеген жөн. Мұғалім үшін оның әдістемелік-логикалық тұжырымдамасын біртұтас қалыптастырудың мәні ерекше. Жаңа технологиямен жұмыс істеу үшін әдістерді жетік меңгеру тиіс.

әзірлеген

ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

www.shakhibbeker.ucoz.kz

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (02/06/2009)
Просмотров: 1447 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: