Тағылымтану

Пікірді пікір қуаттаса

БАЛАЛАР ТӘРБИЕСІ ҰДАЙЫ            САПАЛЫ НАЗАРДА БОЛУЫ ТИІС

Кезінде облыстық педагогикалық «Ұстаздар газетінде» Мәлике Мұхтарова «Балалар неге қылмысқа барады?» атты мақаласын басып, осы тақырып жөнінде пікір айтып, ой бөлісуге шақырды.

Зерделесек, соңғы уақытта күн тәртібінен түспей жүрген көкейтесті тақырыпқа айналып отырған осынау проблема жүйкені жұқартып, ойды мазалауда. Қылмыстың түр-түріне ересектерді былай қойып, мектеп жасындағы балалардың жиі баруы һәм маңайлауы жақсы тенденция емес.

Оқушы саны тығыз қала мектептерін қайдам, жылдан-жылға оқушы саны азайып келе жатқан ауыл мектептерінде де үрейлендіре көрініс беріп қалады. Тәрбие бойынша жұмыс ауыл мектептерінде де ұдайы және үнемі атқарылады. Тек сапасы мен жүргізілу әдіс-тәсілі түрліше.

Оқушының қандай екенін тану сынып жетекшісіне де, пән мұғалімдеріне де артылған жауапты сын, зор міндет. Дегенмен бұл үрдістен оқушыны бағып-қағып отырған ата-анасы да қалыс қалмауы абзал.

Балалар неге қылмысқа барады? Оған баруға не себеп болады? Оның алдын қалайша алуға болады? Сонымен не керек, тізбектеле беретін өлшеусіз сұрақ.

Адамның күнделікті өмірінде заманалық талап болып отырған компьютердің болғаны қажет. Бірақ қатыгездік пен жауыздыққа толы, сиқыр мен жұмбаққа толы кейбір компьютерлік ойындар ойнауға деген құштарлық, құмарлық һәм құлшыныс, асыра әуестенушілік мектеп жасындағы балалардың жан жүйкесіне кері әсер етіп, ақырында жамандыққа ұрындырады. Айталық, компьютерлік ойынның ішіне барынша кіріп кеткен, өзін сол ойынның қатысушысы ретінде сезінген бала күнделікті өмірде сонда көргенін, «тоқығанын» жасауға әрекеттенеді. Көзсіз «ерлік» жасауға талпынады. Бір сөзбен айтқанда, өз-өзімен өз әлемінде әлек болады...

Мектеп жасындағы оқушыларды небір қылмысқа итермелейтін тағы бір фактор – қашықтық арналар арқылы көрсетілетін һәм DVD дискілер арқылы тамашаланатын көркем фильмдер. Олардағы оқыс көріністер, асқан жауыздық, ар-ожданнан безген ұятсыздық, есепсіз адам өлімі, судай аққан қантөгіс, әдеп пен мәдениеттен ада қатыгездік. Шыны керек, кей ата-ана өз балаларының қандай телебағдарламаларды, нендей көркем фильмдерді тамашалап отырғанына мән бермейді. Күн түзіліміне қарай тәрбиелік шектеу қоймайды. Көрсе де, көрмегенсіп баласының ыңғайына көнеді.   

Мектеп жасындағы оқушылардың қылмысқа баруына себепші болатын тағы бір жайт ретінде кейде мұғалімдердің, кейде тәрбиелеушілердің, кейде ата-аналардың баланың ар-ожданын, ұят-намысын төмендететін, жан-жүйкесін жұқартатын бейәдеп сөздерді айтып қалуларын көлденең тартар едім. Бәзбіреуді кінәлаудан адамын. Дегенмен ондай-ондай жағдаяттар орынды тұста орынсыз орындалып қалатыны өкінтеді. Оқуы төмендеп кеткен немесе екілік алудан көзі ашылмай жүрген оқушыны ұрсумен, кінәлаумен қажай бергенше, сол тығырықтан шығатын жөнді нұсқап, бірігіп жол табуға әрекеттендіру қажет. Ер ақын, өр ақын Махамбеттің сөзімен түйгенде, «кәтепті нар керек, біздің бүйткен бұл іске». Ал осынау нар болу біздің мойнымызда, ағайын.

ИБРАҺИМ-ШАҺМАНТЕГІ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (31/05/2009)
Просмотров: 1337 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: