Ауылдың заманалық білімденуі АҒЫЛШЫН ТІЛІН ОҚЫТУДЫ МЫҚТАҒАНДА ИБРАҺИМ-ШАҺМАНТЕГІ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы «Бәрін айт та, бірін айт» демекші ағылшын тілін оқытудың заманалық маңызы хақында мол-молынан айтылып та, жазылып та жүр. Себебі де айқын болып тұр: елеулі елу елдің қатарында болып, солармен тең иық тірестіруге талпынып жатқан елімізде қазіргі таңда ағылшын тілін дамыту, меңгерту кезек күттірмейтін көкейтесті мәселеге айналды. Қала мектептерін қайдам, ал ауыл мектептеріндегі ағылшын тілін оқытудың оқу-әдістемелік хал-ахуалы заманалық жаңару әм жаңғыруды күтуде. Сөз жоқ, бұл қиындықты әп сәтте шешіп тастау мүмкін емес. Дегенмен... Өткен оқу жылы үрдісінде 9 сынып оқушылары ағылшын тілінен алғаш рет мемлекеттік аралық бақылауда тестілеу тапсырды. Жадығат жағынан қиындық көрді. Айталық, Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде міне екінші жыл қатарынан ағылшын тілін тереңдетіп оқыту жүріп жатыр. Ал оны тереңдете оқыту шын мәнінде тиісті деңгейде ме екен? Алдымен арнайы оқулық тапшы. Болса да бағасы удай. Оқушылардың қалтасы шынымен-ақ көтере алмайды. Оқыту жағын сапаландыра түсуге көп әсер ететін арнайы лингафонды құрылғысы бар дәрісхана жабдықталмаған. Ағылшын тілінің жазылуы мен айтылуында айтарлықтай бірегей өзгешелік бары әуелден белгілі. Аудио дыбыстау арқылы дыбысталуын ұйып тыңдамаған, қайталамаған оқушы мұғалімнің құр айтқанымен тиісті деңгейде ағылшын тілін қалайша меңгермек. Мектептің компьютерлік базасы да тозығы жектендіктен, электронды оқулықтарды барынша пайдалануға мүмкіндік бермейді. Проекторы ұзақ жөндеуге жөнелтілгеніне байланысты интерактивті оқыту тақтасы да әдістемелік көмегін бере алмай тұр. Мектеп әкімшілігі де, аудандық білім бөлімі де бұл олқылықтардың орнын толтыруға барын салуда. Қалалы я қалаға жақын мектептердің кейбірінде жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде оқытылып жатқанын көріп, естігенде, әзірге қол жетпес арманға еріксіз бойлайсың. Қашан бізде де, ауыл мектептерінде, ағылшын тілінде оқыту сондай сапалы дегейде болады екен. Асылында, амалын тапса, әлгі арманды жүзеге асыруға болатын сияқты. Тек талпыныс һәм мүмкіндік тоғыссын делік. | |
| |
Просмотров: 1293 | Комментарии: 1 | |
Всего комментариев: 0 | |