Тәлім-тәрбие тарамдары ОТАНСҮЙГІШТІК һәм ЕЛЖАНДЫЛЫҚТЫҢ ҚҰДІРЕТТІ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ХАҚЫНДА Көпұлтты Қазақстан халқына отансүйгіштік қасиетті қалыптастыратын азаматтық келісім, ұлттық бірлік. Қазақстанды мекендейтін әрбір ұлттың өзінің мемлекет алдындағы міндеті – қоғамдық байлықты, яғни мемлекеттің материалдық базасын нығайту, өмірдегі тату-тәтті тірлікті, азаматтық келісімді жолға қойып, ұлттық бірлікті сақтау. Өскелең ұрпаққа адамзат тарихында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан патриоттық тәрбиені, отаншылдықты, елжандылықты дарыту – қазіргі кезде көкейкесті мәселенің бірі болып отыр. Ақиқатында, осынау мәселе еліміздің тұтастығын, оны ішкі және сыртқы күштерден сақтау міндетінің өзі жастарды отаншылдық, елжандылық, патриоттық рухта тәрбиелеуді жүктейді. Өткенін білмеген халқының қадірін білмейді, халық нені бастан кешірді, бүгінге қол жеткені ненің арқасы, халық өз тарихын жасау үшін тер төгіп, азап шекті, тар жол, тайғақ кешуден өтіп, жерін қорғап, елін сақтады. Патриоттық тәрбиені ойға алғанда бірінші санаға Отан түсінігі келеді. Отанға құрмет көрсету тұрғысындағы патриоттық сезім жалпы адам баласына тән туған түйсік-қасиет, оның еліне, туған жеріне, өз тілі мен мәдениетіне, ұлттық құндылықтарына жеке қатынасын, өзіндік бағасын, қуаттап-қолдауын пайымдайтын сезім көрсеткіші болып табылады. Патриоттық сезімнің нысаны мен қайнар көзіне Отан, туған жер, табиғат, оның байлықтары, тіл, дәстүр, тарихи ескерткіштер, туған өлкедегі ұлттық құндылықтар жатады. Асылында, отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруға әсер ететін факторлар – ұлттық сезм, ұлттық мақтаныш, ұлттық сана, ұлттық игі дәстүрлер, ұлттық парыз, бірлік және міндет. Ұлттық сезім – өзінің ұлттық өкілділігін мойындай отырып ұлтына деген сүйіспеншілік, жанашырлық, халық мұраларын бағалай білу. Әрбір адам өз Отанына деген мақтаныш сезімі, өз ұлтын терең сүюі арқылы басқа ұлттарды танып, құрметтеуге тиіс. Ұлттық мақтаныш – ұлттық материалдың, әлеуметтік һәм мәдени жетістіктерінің негізінде қалыптасатын әрі алдыңғы қатардағы ұлттықидеялар, ой-пікірлермен байып отыратын, ұлт бостандығы және саяси-әлеуметтік бостандық жолындағы күрестің тарихымен байланысты әлеуметтік-психологиялық сезім болып саналады. Ұлттық парыз – Отанға деген сүйіспеншілік, сыртқы жаулардан елін, жерін аман сақтап, ата-баба дәстүріне өте сезімталдықпен қарау. Ал парыз – өзінің мағыналық аясына ақыл-ой, сезім, ерік-жігер, ар-ождан, абырой, әділдік, шындық, сүйіспеншілік сияқты қасиеттерді қамтып, оларды адам өміріндегі қайшы құбылыстарға қарама-қарсы қоятын жоғары парасаттылық ұғым. Бағамдасақ, патриотизм – адамның туа біткен биологиялық қасиеті емес, ол әлеуметтік, тарихи қалыптасқан, Отанға деген сүйіспеншілік сезім. Ол Отанға қызмет етуден көрінеді. Әрбір халық өз Отанының, яғни өзі еңбек етіп, өмір сүретін саяси, мәдени, дамуына мүдделі. Ұлттық сана-сезім – адамның рухани өмірінің басты белгілерінің бірі. Ұлттың сана-сезімімен ана тілін білу де, жері әм елінің тарихына зер салу, төл мәдениетін игеру де туындайды. Ана тілін білмейтін адам өзінің де, ел-жұртының да қадір-қасиетін жетік біліп, бағалай алмайды. Патриотизмнің маңызды бөліктерінің бірі: онымен етене байланысып жатқан ұлттық рух һәм ұлттық патриотизм жөнінде айтып өту лазым. Ұлттық рух пен ұлттық патриотизм – бұл ұлттың ішіндегі жеке адамның асыл белгісі мен қасиеті, өз халқына деген шексіз сүйіспеншілігі, адам өз халқымен қан жағынан да және шыққан тегі, аумағы, тілі, тұрмыс-тіршілігі, мінез-құлқы, психологиялық және этностық ерекшеліктері, қалыптасқан тарихи дәстүрлері жағынан да, әбден айқын әрі дербес басқа қасиеттері һәм ерекшеліктерімен де байланысты. Ел болу үшін ұлттық рух, ұлттық қасиет және ұлтқа деген сенім болуы керек. Кімде-кім халыққа, оның болашағына сенбесе, өз тағдыры үшін де үрейленеді, өз Отанын жат жұрттықтардың жаулап алуынан қауіптенеді. Бір сөзбен түйгенде, Отанының патриоты, батыры бола алмайды. Жалпы, патриоттық сезімнің қалыптасуы отбасынан бастау алады. Патриоттық тәрбие, ұлттық намыс, ұлттық сана-сезім рухани байлықтан көрініс табады. Олай болса, рухани байлыққа, ең алдымен, тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді жатқызсақ, тіл – қазақ болуымыз үшін, дін – адам болуымыз үшін, салт-дәстүр – ұлт болуымыз үшін қажет. | |
| |
Просмотров: 2509 | Комментарии: 1 | |
Всего комментариев: 0 | |