Жемісті еңбек жолында

Санада жүрсін қатталып

ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУ ЖАЙЫНДА

Зерделесек, жетістік дегеніміз – рухани әрі дене қуатын бір мақсатқа бағыттау һәм сол мақсатқа жету. Қандай да бір істі тындырымды да тыңғылықты істеу де өз алдына жетістік. Ойдағыдай істелген іс, жоспарланғандай атқарылған жұмыс, мұрат етілгендей орындалған арман – жетістіктің нақ өзі. Бұл көзді қаншалықты аршыған адам өмірде соншалықты бақыт табады. Адамның шаттыққа оранып, құмарлана өмірден ләззат алатын, қуанышқа бөленіп, рахаттана шат-шадыман болатын бақытқа жету жолдарының бірі – осынау жетістік.

Қан арқылы берілген қасиет – тұқым қуалаушылық. Адамда кейбір туа біткен жақсы қасиеттер болады. «Әке еңбегі ұл бойына сіңіскен, көрінеді кейін атқа міністен» дейді Баласағұн. Мұндай жақсы қасиеттер әлдекімде есейе келе жоғалып жатса, кейбіреулерде айқын біліне бастайды. Жетістікке жеткендер өздерінің осы қырын ұштай білгендер.

Жағдайдың болмауы, қаржы тапшылығы жетістікке кері әсерін тигізбей қоймайды. Дегенмен, бұл жетістікке кедергі емес, сылтау ғана. Айталық, Моцарттың дүниеде ең үздік болуына оның кедейшілік өмірі кедергі бола алмаған.

Адамның өзіне деген ішкі сенімі барлық нәрсені жеңе алады. Іші қуыстанып тұрып жетістікке жетем деу бос әурешілік. Басқаға жалтақтау, өзгенің көмегіне сену, әке-шешеге иек арту келешекте басқа үлкен қайғы әкеледі. Өйткені, ер жеткенде жалтақтайтын ешкім болмай қалады, өзіңе, тек өзіңе ғана бағыт бере алмақсың.

Рухани күйзеліске ұшырау – дерттің ең үлкені әрі жазылауы аса қиын ауру. Отбасындағы кикілжің, ата-ананың мейірімін көрмеу, өз дертін айтатын жанашыр таппау, құшағын ашқан пананың жоқтығы адамды еріксіз психологиялық түрде аздырып, тоздырады. Одан құтылу – ең басты ұстын. Асылында, психологиялық оң өзгеріс қажет.

«Жүз есе тырыссаң да мезгілі жетпей іс бітпейді» депті дана Құтып. Демек, әр нәрсенің өз уақыты болады. Ағаш көктемде бүрлеп, қыста қар жауатыны секілді, әр істің өз мезгілі бар. Бір істі кейінге қалдыру, не алдын-ала істеу үлкен жетістік бермейді.

Ақ адамды Аллаһ жақтайды. Жеткен жетістігін адал, ақ жолмен тапқандар іштей рахат күй кешеді, өйткені олардың ары таза. Бұл жағдай оған келесі жетістік сыйлайды. Ал арам жолмен табысқа жетушілер іштей азап шегеді, оардың табыстары шектеулі келеді. Аллаһ азабы өз алдына, адамдар қарғысына ұшырайды.

Адамдар арасындағы жақсы қарым-қатынас міндетті жақсы нәтиже береді. Кішіпейілділік, сыйласымдылық, адамгершілік сияқты жоғары сезімдер болған жерде оң өзгерістер болмай қоймайды.

Не нәрсені болсын игеру әуелі оны білуден басталады. Жетік меңгеру де жеткіліксіз. Бұған қоса оны іске асыру үшін асқан біліктілік қажет. Айталық, есепті шығару үшін төрт амалды білу һәм оны дұрыс қолдана алсақ қана нәтиже ала аламыз. Оны білмесек, не дұрыс қолдана алмасақ, нәтиже ала алмасымыз анық. Дәл солай қолға алған ісімізді білмесек немесе біліктілікті таныта алмасақ, одан еш нәрсе шығара алмаймыз.

Еңбектенбей жетістікке жету мүмкін емес. Кісі еңбегі – оның маңдай тері. Еңбек тынымсыз һәм үнемі болып тұрса ғана табыс үзілмейді. Кім қандай биікке жетсе – ол оның еңбегінің арқасы.

Бастаған ісін нәтижелі аяқтайтынына, жұмыстарын дұрыс жүргізетініне шәк келтірмеген адам «қалғанына Аллаһ төреші» деп ісін тәукелге салса, еш шүбәсіз жетістікке жетеді. Егер ісі сәтті болмай жатса, бұны Аллаһның сынауы не жазасы деп ұғады. Істеген істеріне бір көз жүгіртіп, өз қатесін табуға һәм оны жөндеуге тырысады. Жетістікке жету баспалдақтарының қайсысына салғырттық танытқанына қарайды.

Жетістікке жетудің жолы оны үйренуден басталады. Кітаптар мен үлкендердің тәжірибесі – бұл тұрғыда таптырмайтын қазына. Олардан үлгі алып, әдіс-тәсілдерін іс жүзінде пайдалана алған жан жетістікке жетпей қоймасы хақ. Олар әр көрген нәрселерін өмірлерінің қай жерінде һәм қалай қолданудың қамын жейді. Мұндай уайым оларды осы үйренгендерін қалай қолдануға итермелейді. Бұл жағдай кісіден болаттай ерік-жігерді талап етеді. Ақиқатында, кітаптан оқығанды көңілге тоқу керек.

Жетістік тұғырынан көрініп, табыстан табысқа жетіп жүрген кісіні жақсы танып, онымен бірге болған, бірге жұмыс істеген адам бақытты. Өйткені, жолбасшысы бар адам әрдайым жолын табады. Ең бастысы, жетістікке жетуді үйренуге болатынын біліп, алғашқы адымды аттай алу керек. Жетістікке жетудің бірінші қадамы оны үйрену.

жиған-терген

ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (19/07/2009)
Просмотров: 3715 | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: