Білімденуді ұйымдастыру һәм басқару ОҚУ-ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫН ЖОСПАРЛАУ ЖАЙЫНДА Ақиқатында, жоспарлау – басқару қызметінің бірі. Қандай да бір іс-әрекетте болсын жоспарлаудың алар орны айырықша. Осынау айтқанымыз, әсіресе, мектеп жұмысында тіпті маңызды. Жоспарлау – алдағы уақытта жүзеге асар мақсаттар мен міндеттерді белгілеу, мақсаттар мен міндеттерге жетудің әдіс-тәсілдерін анықтау, жүзеге асырылар шараларды айқындау. Шынымен-ақ, уақыт – жылдам. Күндер һәм жылдар ұшқан құстай зулап жатыр. Осы таңда мемлекетте де, елде де, қоғамда да өзгерістер көп. Осындай жағдайда мектеп те өзгерістерден, жаңалықтардан тыс қалмауы керек. Шәкірттерге білім, тәрбие беру замана талабына сай жүргізілуі тиіс. Осынау маңызды жұмысты қалай болса солай, атүсті әм немқұрайлы атқаруға әсте болмайды. Себебі сол, бүгінгі оқушы, яғни шәкірт – қоғамның ертеңгі мүшесі де. Қазіргі жас ұрпаққа елдің болашақтағы тағдыры аманат һәм өсиет болып тапсырылады. Мемлекетіміздің, елдің ертеңі қандай болмағы бүгінгі жас ұрпаққа, оның алған біліміне, бойына сіңірген тағылым-тәрбиесіне тікелей байланысты. Оқушыға бала деп, жасөспірім деп жеңіл-желпі қарауға болмайды. Ол – елдің ертеңгі азаматы, аға ұрпақтың сенімі мен үмітін алға жалғастырушы. Олай болса, оқушыларға тәлім-тәрбие беретін мектепте, педагог мамандарға жүктелер жауапкершілік өте зор. Оқу-тәрбие жұмысын жоспарлауға сол себепті де айырықша мән беріледі. Анығында, жоспарлау кезең-кезеңге бөлінеді. Айлық, тоқсандық, жылдық дегендей. Дегенмен, көптеген мектептер соңғысын, жылдық жоспарлауды қолдайды. Мұның да өзіндік себебі бар. Осындай болатыны мектепте атқарылатын жұмыстар кейбір мекемелер мен кәсіпорындардағыдай науқандық сипат алмауында. Асылында, мектеп өндіріс һәм ауыл шаруашылығы емес. Мектептегі жұмыс белгілі. Демек, оқушыларға саналы тәрбие, сапалы білім беру. Ендеше жоспарды жылға арнап жасаған тиімді әрі қолайлы болмақ. Жоспарлауда мыналар басшылыққа алынуы тиіс: [ жас ұрпаққа білім, тәрбие берудегі мемлекет жүргізіп отырған салиқалы саясат; [ Елбасының, Үкіметтің, Парламенттің тарапынан қабылданған білім беруге қатысты шешімдер, қаулылар, заңдар; [ Білім және ғылым министрлігінің мектепке, педагог мамандарға қойып отырған талаптары мен міндеттері; [ облыстық білім басқармасының, аудандық білім бөлімінің шешімдері; [ тақырыптық шаралар; [ педагогтардың біліктілігін көтеру жайы һәм т.б. Жылдық жоспар жайлы айтылған жиналыста мектептің өткен оқу жылындағы жұмысына талдау жасаудың мәні ерекше. Бұл жолда белгілі ғалым Ю.Конаржевскийдің әдісін ескерген абзал. Ол әдіс бойынша мына жайттар көрсетілген болатын: мектепті басқару бойынша әкімшіліктің іс-әрекеті; мектептегі әдістемелік жұмыстың жай-күйі; білім берудің жай-күйі, білім беру деңгейін көтеру бойынша мұғалімдер ұжымының жұмысы; мұғалімдер ұжымының оқушылар ата-аналарымен жұмысының жай-күйі; қоғамдық оқушылар ұйымдары жұмысының нәтижесін жақсарту үшін мұғалімдердің көмегі; оқушылардың тәрбиелілік деңгейі; оқушылардың білім, білік өәм дағдыларының жай-күйі; жалпыға міндетті оқуды жүзеге асырудағы ұжымның іс-әрекеті. Атқарылған жұмысқа талдау жасаудың маңыздылығы хақында белгілі В.Сухомлинский былай деп орынды айтқан болатын: «Мектептің өткен жылғы жұмысына терең талдау жасамай келер жылға жоспар құру мүмкін емес. Кемшіліктерді түзету өткен жылғы жұмысқа қаншалықты терең әрі жан-жақты талдау жасалғанына байланысты». Жоғарыдағы Ю.Конаржевскийдің сөзімен айтқанда, оқу-тәрбие жұмысын талдау мұғалімдер ұжымын оқушылардың мықты білімі мен үздік үлгерімі үшін, кемшіліктерді тез һәм дер кезінде жою үшін қажырлы қайраткерлікке жұмылдыру сияқты мақсат негізінде жүргізілуі тиіс. Мектептің жылдық жұмыс жоспарының басты ұстанымдары менен мазмұны төмендегіше: Нақтылық. Жоспар жасалғаннан кейін ол орындалуы тиіс. Әйтеуір жасалу керек екен деген әбден тозығы жеткен ұстанымнан бойды аулақ ұстау қажет. Жоспар сапалы жүзеге асса ғана оқу-тәрбие жұмысында нақты нәтиже болмақ. Шаралар тізбегі. Жоспарда белгіленген жұмыстар тартымдылығымен, әсерлілігімен қызықтыруы тиіс. Олай жасаудың төте жолы – қызықты, мазмұнды шараларды таңдай білу һәм оларды іске асыру. Жауаптылық. Жоспарда көрсетілген міндеттер орындалуымен құнды. Көп нәрсе тапсырманы мойнына алған адамның іскерлігіне, қабілет-қарымына байланысты. Сондықтан жүктелген міндетті орындауға қабілетті адамды таңдай білу де маңызды. Келешек көкжиегі. Жоспарда ағымдағы істермен шектеліп қалу дұрыс емес. Мұның тоқмейілсуге, ой-өрістің тарылуына әкеліп соғуы ғажап емес. Сол себепті болашақта атқарылар міндеттердің де көкжиегі көрініп тұрса игі. Бұл педагогтарды үнемі ізденіп отыруға, білім-біліктерін көтеріп отыруға ұмтылдырады. Ұжым белсенділігі. Жылдық жоспарды ұжым мүшелері түгел қолдап, оны жасауға белсенен қатысқан жағдайда ғана оған көп үміт артуға болады. Жоспардың маңыздылығын, оның нәтижесі мол екенін педагогтардың бәрі сезінуі тиіс. Жоспар жасауда белсенділік айтулы рөл атқарады. Мұның өзі бір жағынан ұжымдағы береке-бірліктің айғағы. Жұмыла жасалған жоспарды жүзеге асыруда мектеп ішінде жүретін шараларды тиімді жүргізудің ықпалы орасан. Олар: [ Мектепке балалар қабылдау. Бұл істі жергілікті әкімдікпен бірге қолға алған жөн. Мектеп жасындағы балалардың барлығы қалай да мектепке тартылуы тиіс. Елдің Ата Заңы бойынша әрбір бала білім алуға құқылы. Тұрмысы ауыр отбасыларының балалары ерекше назарда болуы керек. Интернатта орналасуға тиіс балалар тізімін де әуелден қолға алған жөн. Осы жұмыстарда педагогтардың алдыңғы лекте жүрулері міндет. [ Оқушылардың сапалы білім алулары үшін оқу үрдісін жаңа һәм инновациялық технологиялармен қамтамасыз ету ісіне көңіл бөлінеді. Бұл ретте компьютерлендірудің, ақпараттандырудың алар орны бөлек. Оқушылардың білімдерін жетілдіру мақсатында пәндік олимпиадалар, ғылыми-зияткерлік жарыстар өткізіп отыру да аса пайдалы. Балаларды үйірмелер жұмысына қатыстыру олардың бойындағы қабілет пен дарындылықтың кеңірек ашыла түсуіне, білімдерінің толығуына әсер етеді. [ Оқушыларға тәрбие берудің маңыздылығы. Тәрбие жолы сан тарау. Балаға жастай тәрбие берудің оның азамат болып қалыптасуында алар орны ерекше. Жоспарда бұл жағына қатты көңіл бөлінгені жөн. Адамгершілік тәрбие бойға тастай батып, судай сіңуі тиіс. Бұл жолда қазақ өмірінен көп мысалдар, ғибраттар келтіруге болады. Үлкеннің кішіге ізеті, кішінің үлкенге құрметі һәм алдынан кесе өтпеуі. Өмірге адам болып келгеннен соң адам болып қалу керек. Осыны жас жеткіншектің құлағына құя беру керек. Балаларды отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеу – ұстаз парызы. Бұл жөнінен көптеген мысалдар келтіруге болады. Есімдері ел тарихында алтынмен апталып, күміспен күптелген ардақтылардың өмірлері туған ел мен туған халқына деген сүйіспеншілікті, іңкәрлікті аңғартса, олардың зиялылық-батырлық қайраткерлік-әрекеті – асқан патриоттықтың, айқын ұлтжандылықтың тұғырлы белгісі. Бүгінгі таңда оқушыларға құқықтық, эстетикалық тәрбие берудің де алар орны айырықша. Оқырмандар конференциялары, кездесулер, мазмұнды дәрістер, пікірталастар балалардың санасын арттыруда, көңіл көкжиектерін кеңейтуде зор ықпал ете алады. Табиғатты сүю, қорғау мәселесі де көкейкесті. Балалардың түрліше байқауларға қатысуы оларды жинақылыққа, тәртіптілікке баулиды. Салауатты өмір салтын насихаттаудың маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Шылым-темекінің, арақ-шарап-сыраның, есірткі-насыбайдың зиян екендігін балалар жас кезінен білулері тиіс. «Дені саудың – жаны сау» дегендей, балалардың дене шынықтырумен, спортпен шұғылдануына көңіл бөлінуі керек. Спорттық секциялар жұмыс істеп тұрса, туристік саяхаттар ұйымдастырылса нұр үстіне нұр. Балаларды еңбекке баулу, еңбек тәрбиесін беру оқушы бойында сергектікті, адалдықты, кәсіпке сүйіспеншілікті қалыптастырады. Өмірде қандай жетістік, табыс болсын оңайлықпен келмейтінін, оған тек еңбек ету арқылы ғана қол жеткізуге болатындығын оқушылар сезініп өссе, мұның өзі қоғамда кездесетін жалқаулық, қулық-сұмдық, жемқорлық сияқты келеңсіздіктен сақтайды. Жоспар жасау бар да, енді сонда көрсетілген шаралардың орындалуын бақылау бар. Сөз жоқ, сенімнің болғаны жақсы. Әйтсе де, бақылаусыз тағы болмайды. Сол себепті белгіленген шаралардың жүзеге асуын ұдайы назарда ұстаған абзал. ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы | |
| |
Просмотров: 2824 | Комментарии: 1 | |
Всего комментариев: 0 | |