11:41 Зияткерлік дода | |
ТІЛ – ҰЛТТЫҢ ЖАНЫ
Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте.
деп қазақтың хас ақын ақсақалы Қадыр Мырза-Әлі өлеңдеткендей ана сүтімен бойымызға қайнар бұлақтай дарыған туған тілімізді қамшының сабындай өмірімізде шамшырақтай һәм байрақтай жоғары ұстап, мәпелеп бағалауымыз қазақ болып туған әрбіріміздің ата-баба аманат еткен мирасымыз. Ал құдіретті қазақ тіліне кең-байтақ елімізді мекендеп отырған жүзден артық ұлттың тілін қоссақ, онда тілдердің мәртебесі асқарланады да. Биылғы жылдың 22 қыркүйегінде, Қазақстан Республикасы тілдері мерекесінде, Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде игі дәстүр бойынша көлемді танымдық шара өткізілді. Ол – ХХІ ғасырдың көшбасшысы зияткерлік үлгісіне бара-бар «Тіл – ұлттың жаны» делінген зияткерлік додасы. Бұл жарысқа оқу ордасының 5-7 қазақ сыныптары оқушыларынан іріктеліп алынған таңдаулы алты ұл-қыз қатысты. Доданы барысын ойлап һәм ұйымдастырып қана қоймай, жүргізуші де болған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жас мамандары Молдабаева Нұргүл Серікқызы және Әлдекенова Айгүл Серікпайқызы қатысушы шәкірттерге ұстаздық мейірімін күздің алтын Күніндей сәулеледі. Шара үдерісінде замана талабының ақпаратты-коммуникациялық технологияның бірден-бір көрнекі құралы – интербелсенді тақта, онымен қоса электронды оқулық мейілінше қолданылды. Алты турды қамтыған – «Жорға», «Менің таңдауым», «Мақал – сөздің мәйегі», «Сиқырлы дөңгелек», «Тестке дайынсың ба?» - додада қазақ тілі мен әдебиетін қамтыған сұрақ-сауалдар, тапсырмалар топтастырылды. Белсенділік танытқан, білгендерін ортаға салған, жұрт алдында жауаптарын айта алған талапты шәкірттер жүлделі орындарды өзара былайша бөлісті: бірінші орынды 6 сынып оқушысы Шаймұрат Айбарыс иеленсе, 5 сынып оқушысы Молдажанова Камила екінші орынды қанжығасына байлады, ал 7 сынып оқушысы Сәдуақасова Айнұр үшінші орынды қанағат тұтты. Ал 6 сынып оқушысы Уапов Арлан, 5 сынып оқушылары Қыстаубаева Айдана мен Ерсайынова Гүлнұр жүлдеге ілінбесе де, өз талабымен көзге түсе алды. Асылында, осынау шара оқушылар бойында бәсекелестікті, танымдылықты һәм құзіреттіліктің алғашқы нышандарын шындай түскені ақиқат. Оны өз пікірін білдірген Түсіпова С.Н., Қапанова Г.Ж. сияқты тәжірибелі ұстаздар барынша дәлелдеді.
ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы
| |
|
Всего комментариев: 0 | |