20:50 Жетістіктің жүз қадамы | |
85-ҚАДАМ: ТӘННІҢ ЕМЕС, ЖАННЫҢ ҚҰМАРЫ БОЛЫҢЫЗ Құмарлық деген адам бойындағы ерекше нәрселердің бірі. Құмарлықты дұрыс нәрсеге дұрыс пайдалана білсең, өте күшті адам бойындағы күш, құмарлықтың мына екі түрін айтқымыз келіп отыр. Олар: жан құмары мен тән құмары. Осы екі құмарлық кез-келген адамның бойында бар құмарлық түрлері. Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней ьолса, дауысына ұмтылып, онан шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген. (Абай Құнанбайұлының жетінші қара сөзінен) Қазақтың ұлы ақыны Абай айтқандай, тән құмарының жетегінде кеткен адамдар әдетте тәніне керектіден басқаға назар аударуды қояды. Оларға ең керекті ең маңыздысы, қарны тоқ болса, ұйқысы қанық болса болғаны. Басқа нәрселерге назар аударуға басын ауыртқысы келмейді. Бұл тән құмарының жетегінде кеткен адамдар. Бұндай адамдар қазіргі қоғамда аз шығар. Бірақ осы тән құмарына, жан құмарынан қарағанда жақын адамдар баршылық. Зерделесек, тән құмарлығына адамды шалдықтыратын – еріншектік. «Еріншектік күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады». Абай Бойында еріншектік дерті басым адамдар – осы тән құмарына жақын болады. Тән құмарынан айығу үшін, еңбекқорлыққа жақын болу қажет екені анық. Кез-келген адамға тән құмарлығындағы тамақ, ұйқы керек. Онсыз өмір сүру мүмкін емес. Бірақ бұл нәрселер сіздің өміріңіздің мәніне айналмауы тиіс. Әрқайсысымыз дана Абай айтқандай жанның құмары болайық. Көрсем екен, білсем екен, оқысам екен деп, жаңа заманауи білімдерді игеруге, жаңа дүниелерді көруге бейім болсақ, біздің өзіміз де, мемлекетіміз де үлкен жетістікке жетуі айдан анық. Құмарлық – адамды мақсатына апаратын төте жол. Ғалым Үсен Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |
|
Всего комментариев: 0 | |