11:41 Жетістіктің жүз қадамы | |
57-ҚАДАМ: ҚАЗІРГІ ҚОҒАМДАҒЫ ДЕРТТЕР Қазір қоғамда адамға зиянын беретін нәрселер көбейіп кетті. Заман дамыған сайын адамның өміріне зиян тигізетін нәрселер көбейді. Біз олардан қалай сақтанамыз. Өзімізді, жақындарымызды, мемлекетімізді сақтандыра аламыз ба? Жастар арасында таралған дерттер, оның бірі – интернетті бейберекетсіз пайдалану. Кейбір жастар күніне 4-5 сағат интернетті босқа пайдаланады. Осы арқылы алтын уақыттар жоғалтуда, уақыттарын денсаулығын жақсартуға, білім-ғылым жинауға, рухани дүниесін жаңғыртуға, мақсатына жетуге емес, күніне 4-5 сағат, тіпті одан да көп виртуалды әлемге арнайды. Бұл қоғамдағы үлкен дерттердің бірі ғана. Жастарға саналы тұлға болып қалыптасуға басқа да дерттер қоғамда баршылық. Олар жастардың ішімдіктерге әуестенуі, шылым шегу, кальян шегу, компьютерлік ойындарға көп уақыт бөлуі, жастар арасында жыныстық қатынасқа ерте түсуі, адасқан діни ағымдарға кейбір жастардың кіруі, осы секілді адамның саналы тұлға болып қалыптасуын шектейтін қоғамдық дерттерден біз қалай түбегейлі айырыламыз?! Кез-келген қоғамдық мәселені шешуге болады. Тек оған бірігіп жұмыс атқаруымыз қажет. «Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» дегендей, жұмылып көтерген жүк жеңіл болады. Ол үшін, ең алдымен, әрбір саналы тұлға өзін осы қоғамдық дерттерден сақтана білу қажет. Одан кейін отбасын, достарын, туысқандарын, таныстарын сақтануға шақыру қажет. Сонда бірте-бірте бұндай қоғамда таралған дерттер жойылатыны анық. Бастысы әрбір саналы адам өзін жамандықтан сақтандыра білсін. Сонда қоғам жақсаратыны анық. Тек біздің мемлекетке емес, әлемге таралған бұл дерттен біз сақтануымыз қажет. Ата-бабамыз қасық қаны қалғанша осындай кең-байтақ мемлекетті бізге аманат етіп қалдырып кетті. Ендігі ұрпақ – біз осындай әлемге таралған дерттердің құрбанына айналуға тиісті емеспіз. Біз әрқайсысымыз қолдан келгенше мемлекеттің дамуына өз үлесімізді қосуымыз қажет. Ол үшін салауатты өмір салтын ұстанатын, білім-ғылымның жолына түскен, рухани дүниесі жаңғырған, елін, жерін сүйетін, ұлттық мақсатымыз бір сапалы халыққа айналуға тиіспіз. Сонда біздің мемлекеттің жететін жетістігі көп болмақ Құдай қаласа. Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді. Халық даналығы Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |