17-ҚАДАМ: МІНЕЗІҢІЗДІ ӨЗГЕРТІҢІЗ
Әр адамның үш мінезі бар: бірінші – оған телінетін мінез, екінші – оның өзіне телитін мінезі, үшінші – оның жүзіндегі нақты мінезі.
Адам баласының мінезін өзгерту оңай шаруа емес. Негізінде адам өз мінезін өзі ғана өзгерте алады. Жер бетінде небір түрлі насихаттар, адамды жақсылыққа тартатын, еңбекқорлыққа, білімнің дамуына, салауатты өмір салтын ұстануға осы сияқты жақсы өмірге насихаттап шақырып жатса да, небір қылмыстар, небір жаман іс-әрекеттер болуда. Демек, адам баласы өзін-өзі ғана тәрбиелей алады.
Әрине, қасымыздағы адамдардың бізге әсер етуі сөзсіз.бірақ тұлғаның санасында, өзінің өміріне жауапкершілік болмаса, онда бәрі де бекер болғаны. Сол үшін де біз көп нәрсені өзімізге артайық. Мақсатқа жету-жетпеу ол сізге тікелей байланысты.
Жақсылық көрсем өзімнен,
Жамандық көрсем өзімнен.
Тағдыр қылды дегенді
Шығарамын сөзімнен, -
деп Сұлтанмахмұт Торайғыров айтып кеткендей барлық істі өз мойныңызға алыңыз.
Мінезді өзгертудің керемет жолы мына төрт кезеңге бөлінеді. Осыны орындасаңыз, сөзсіз, сізде өзгеріс болады.
- Өмірге деген ойыңызды өзгертіңіз.
- Ойыңызды іс-әрекетке көшіріңіз.
- Іс-әрекетіңізді міндетті түрде әдетке айналдырыңыз.
- Әдетіңіз арқылы сіздің мінез-құлқыңыз қалыптасады.
Міне осындай қарапайым ережені орындасаңыз сізде өзгеріс болатыны айдан анық. Аристотель айтқандай, «кемелдену бұл іс-әрекет емес, әдет». Мінезді қалыптастыратын төрт нәрсеге қысқаша анықтама бергенде:
- Өмірге деген ойыңызды өзгертіңіз, шынымен де, ойыңызды өзгертіңіз. Тек жақсы нәрсені ойлаңыз. Болашағыңызға, өзіңізге сеніңіз, айналаңызға қуанышпен қараңыз, мақсатыңызға сеніңіз. Сенім сізді 180 градусқа өзгертеді. Альберт Эйнштейн айтқандай «кез-келген нәрсе екі жерде пайда болады. Алдымен ойда, одан кейін өмірде». Немесе «ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгерт» деген керемет айтылған цитатаға көңіл аударсақ. Құрметті достар, ойыңызды тек жақсы нәрселерге қарай өзгертіңіз. Бұл сізге зор пайдасын береді.
- Ойыңызды өзгерттіңіз, тек жақсы ойлайтын, өзіне, мақсатына сенімді тұлға болдыңыз. Ендігі кезек сізге іс-әрекетке көшу керек. Мақсаттарыңызға белсене кірісіңіз. Дана халқымыз айтқандай «көз қорқақ, қол батыр». Текке айтылмаса керек. Қандай іс болса да белсене кірісіңіз. Белгілі уақыттарға бөліңіз. Қалай істеуді білмесеңіз, маманнан сұраңыз. Әр істің өзінің маманы бар. Немесе ғаламтор дамыған дәуірде білгіңіз келген ақпаратты демде тауып аласыз. Бастысы, ойлаған ойларыңызды міндетті түрде іс-әрекетке көшіріңіз. Айтпақшы, тек жақсы ойлауға тырысыңыз, әйтпесе жаман ойлар да іс-әрекетке көшуі мүмкін.
- Ендігі кезек сізде, іс-әрекетіңізді әдетке айналдыру керек. Міндетті түрде әдетке айналдыру керек. Аристотель айтқандай «кемелдену бұл іс-әрекет емес, әдет». Осы сөзді естен шығармаңыз. Айталық, сіз ойша өзіңізді жігерлендіретін болсаңыз, күніне бір-екі рет әдетке айналдырыңыз. Медитацияны жиі жасаңыз. Бұл сізге талмас қанат сыйлайды. Барлық жасап жатқан жақсы іс-әрекетіңізді әдетке айналдырыңыз. Бұл сізге мақсатқа жетуде таптырмас күш болып табылады.
- Сіз іс-әрекетіңізді әдетке айналдырсаңыз, ал әдетіңізді нық ұстансаңыз, сіздің мінез-құлқыңыз қалыптасады. Ал сіздің мінез-құлқыңыз бұл сіздің өміріңіз болады. Сол үшін де қазір немен айналысып жүрсіз, не нәрселерді әдетке айналдырдыңыз, соған аса мән беріңіз. Тек жақсы әрекеттерді әдетке айналдырыңыз. Сонда ғана өміріңіз түбегейлі өзгереді.
Адам бойындағы бағалауға лайық қасиет – ақыл емес. Қайта сол ақылды басқаратын қасиеттер: мінез, жүрек, мейірімділік, таза ой.
жиған-терген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|