18:08 Жаныңда жүр жақсы адам | |
СӘДІБЕК АҒА – ҚҰРМЕТТІ ТҰЛҒА Хакім Абайда «Атаның баласы болма, адамның баласы бол»
делінген қанатты сөзден халық даналығына әлдеқашан айналып кеткен нақыл бар.
Шын-ау, адамның баласы атану жолында адалынан аянып қалмау қажет. Елге елеулі
һәм халыққа қалаулы тұғырға орнығу ойын қуғанның я дақпырт атақ өкшелегеннің
ермегі емес, керісінше, Шәкәрімше түзсек «адамдық борышың – халқыңа қызмет қыл»
ғой қашанда. Қарапайым кісілігімен танылған тұлғалардың бірі – Бесқарағай
ауылында тұратын Темірғалин Сәдібек Әжіғұлұлы. Бұл күндері немерелер қызығын қылығымен тәтті дәмін татып
жүрген Сәдібек аға осымен қырық жыл өзінің сүйегіне сіңген сүйікті ісі – мал
дәрігерлік кәсіппен абыроймен айналысып келеді. 1973 жылы Семейдің мал
дәрігерлік институтын аяқтап, мамандық машығын мейілінше меңгеруге құлшына
кіріскен болатын. 1973-1983 ж.ж. аралығында қарт Ертістің аржағында жатқан Май
ауданына қарасты Жалтыр ауылында еңбек етсе, 1983 жылдан бері қарай Бесқарағай
ауылында асқан іскерлігімен танылғаны қашан. Қайсыбір жылдары халық қалауымен Лебяжі аудандық
мәслихатының депутаты болып сайланып, ел мүддесін жүзеге асыру жолында
азаматтық білік-дағдысын сарп етті. Осынау еңбек кезеңін қамтыған мерзімдік аралық еленбей
қалған емес. Айталық, былтырғы жылдың желтоқсанында еліміздің Тәуелсіздік
мерекесі қарсаңында Әжіғұлдың Сәдібегі аймақ басшысының «Павлодар олысына 75
жыл» мерейтойлық медалімен салтанатты түрде марапатталды. Бұдан басқа биылғы
жылдың 22 наурызында Лебяжі аудандық мәслихатының Құрмет грамотасымен ауданда
қысқы мезгілде төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюда көрсеткен белсенділігі
үшін еленді. Ал биылғы жылдың малға жайсыз қысын ескерсек, мұндай назардың
маңызы салмақтана түседі қай қырынан алсақ та. Сонымен бірге Сәдібек аға 2011
жылы ауыл шаруашылығын дамытқаны үшін аудан әкімінің Дипломы, 2012 жылы
ардагерлер кеңесі жұмысын сапалы жүргізгені үшін аудан әкімінің Алғыс хаты
табысталды. Темірғалин С.Ә. осымен бесінші жыл Бесқарағай ардагерлер кеңесінің
төрағасы болып табылады. Жылдың қай мезгілі болсын Сәдібек аға қызу еңбек үстінде
жүргені. Зейнеткерлікке әлдеқашан шыққанына қарамастан, бойдағы
қайрат-жігердің, денсаулықтың берік-мықтылығының, сүйікті ісіне деген
ықылас-ынтасының қуат-күшімен тұлпардайын орғуда, сұңқардайын самғауда.
Жан-жағынан заңдастырылған маманның жіті бақылауы арқасында ауылда мал
біткеннің «денсаулығы» қалыпты жағдайда. Қандай да бір ауру-дерттен ада. Қан
тексеру, қажетті ветеринарлық егу-емдеу шаралары уақтылы сапалы түрде
атқарылуда. Қашан көрсең де Сәдібек аға, ақиық ақын Мағжанша айтқанда
«арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты жастарға» тән
ширақтығымен, жинақылығымен, бәрінен маңыздысы – адамға деген күлім қаққан
қарапайым сыйластығымен, үлкенге деген құрметімен, кішіге деген ізеттілігімен
тартымды да жылы ұшырайды. Асылында, соңғы отыз жылда Сәдібек Әжіғұлұлы Бесқарағай
ауылының бірегей даму тарихына абыройлы еңбегімен өздігінен сара қомақты үлес
қосып, шексіз құрмет-даңққа бөленіп отыр. Жасыратыны жоқ, осындай азаматтығымен
дараланған тұлға елді мекеніміздің бүгіні мен ертеңін жасампаздық үлгі-өнегесі
арқылы нұрландырып жүр ғой. ИБРАҺИМ Бегімхан Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы | |
|
Всего комментариев: 0 | |