00:16 Жаныңда жүр жақсы адам | |
ШӘКІРТТЕРІМЕН ШУАҚТЫ ШАЙМҰРАТ Адамда атамекенін аңсау һәм сағыну делінетін арба-шананың
қос арысындай ұлықты сезім бар. Қандай да бір көлденең себептермен атамекеннен
қол үзіп қалар жалғанның жайттері өз әмірін жүргізеді. Сарғайған сағыныштың да
шыдамы шақталып, аңсар ардалайды. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас»
емес, «көп түкірсе, көл болардың» дегені болады да. Осыдан жиырма жылдан сәл аса уақыт бұрын елімізге сонау
Моңғолиядағы қазақ бауырларымыз орала бастады. Барсакелмеске кеткен кеңестік
дәуірдің жан төзгісіз қыспағынан бас сауғалауға мәжбүр болған сол кездегі
қазақтар шекара асып, моңғол тау-даласын мекен еткен-ді. Тәуелсіздіктің таңы
атысымен әрі қазақ рухы асқарлануымен сондағы бауырлардың жаңа ұрпағы
Қазақстанға оралуға мүмкіндік алып, ата-бабаның кіндік қаны тамған елді мекенге
үдере қоныс аударды. Сондағы лекпенен Бесқарағай ауылына 25 жасар ныспысы
Берден Шаймұрат делінген физика-математика пәндерін орта мектепте оқытатын
мұғалім де өзінің құдай қосқан жары Айжанмен құдайлап қоныстанған болатын. Содан бері жиырма жылдың жүзі айналып өтті... Бұл
аралықта мұғалім Шаймұрат екі баланың әкесі атанды. Тұңғыш қызға жаңа жанұялық
өмірдің айдары ретінде Жаңанұр есімі таңылса, дүние есігін кейіннен ашқан ұлға
туылған күні ұлт ғарышкері Талғат Мұсабаевтың ғарышқа ұшуымен тұспа-тұс келуіне
байланысты әрі барыс жылында болғаннан да Айбарыс атымен пырақтады. Құтты жер
деп осыны айтар шамасы. Ал ұстаздық қызметінде Берденнің Шаймұраты жиырма жылдың
аясында өзіндей өзгелерге үлгі болар қайраткерлік танытып жүргені аян.
Бесқарағай жалпы орта білім беру мектебінің табалдырық-еденін жайдан-жай
тоздырмай һәм тауып отырған нанын адал еңбегі арқылы ақтап жүргенін
шәкірттерінің өмірлік өрге ерлеуімен дәлелдеуге болады. Сонау 1997-2011 жылдар
аралығында қаншама шәкірті физика пәні бойынша өмірлік мамандықтарына білгір
һәм білікті ұстазының әдістемелік-оқыту демеуімен сара жол салды. Олардың
ішінде өз талап-дарындылықтары арқылы біліми белестерді бағындырған Ақын
Жоламан, Майтай Баршагүл, Ахшалова Дарина, Қалиева Гүлдариға, Жүнісов Азамат,
Абылғазинова Гүлсұлу, Шаймұрат Жаңанұр сонадайдан жақұттай көз тартады. Ал
қазіргі таңда да Жоламанов Рамазан, Шаймұрат Айбарыс сынды шәкірттері де
талаптары арқылы зор үміттер артуда. Ол ол ма, түлектерді ұлттық бірыңғай
тестілеуге дайындауда Шаймұрат мұғалімнің жүйесі озық һәм ұпайы түгел сияқты. Негесі
сол – бесқарағайлық түлектерді былай қойғанда өзге де елді мекендердегі
түлек-үміткерлер физика-математиканы Берденнің Шаймұратынан оқып үйренуді жөн
санағанын қайтерсіз. Міне, бірегей әдістеменің таптырмас олжасы, қомақты үлесі.
Өз сабақтарын, сыныптан тыс пәндік іс-шараларын заман
талабына сай қызықты өткізуге барын салады шығармашылықты ту еткен Шаймұрат
ұстазың. Физикадан теориялық-практикалық ұғымдарды білік-дағдыны
қанаттандыратын зертханалық жұмыстармен бекітеді. Өзі де пән мұғалімдері
арасында өтетін аудандық олимпиаданың бірнеше дүркін жүлдегері, аймақтық
додаларға бірталай мәрте қатысушы да болды. Сайып келгенде, Берденнің Шаймұраты бабалардан мирас боп
қалған атамекенге адами-азаматтығымен тастай батты да, судай сіңді де.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» делінетін қазақы өміршең қағидат осынау
жарқын бейнеге тиесілі екен-ау тегі. ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Бесқарағай ЖОББМ оқу істері меңгерушісі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы | |
|
Всего комментариев: 0 | |