09:35 Жаңа онжылдықтың жаңа мүмкіндіктері | |
Сындарлы он жыл даңғылымен
ЖАҢАНЫҢ ҮШЕЛЕНЕ ІЛГЕРІЛЕУ ҮЛГІСІ ҒОЙ АНЫҚ
Ақиқатында, замана лебімен игі дәстүрге айналған жақсылықты сау сана, жарғақ құлақ һәм үкілі үміт тілене, сағына күтеді екен. Біз, әрбір қазақстандық, жылда Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа Жолдауын күтетініміз алты алашқа мәшһүр. Себебі сол: ұзақ мерзімді даму Стратегиямыздың алынған асуларына, бағындырылған белестеріне көзімізді жеткізсек, іле жаңа бағыт мен бағдардың алынар әм бағынар көкжиектеріне көз тігеміз. Ал, бұл – жасампаздықтың бірегей даңғылы. Алты алашқа қасиетті саналатын жұма күні Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» делінген халыққа Жолдауын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жария етті. Жаһанның алты құрлығындай бойына алты басты бөлімдерді жиған биылғы Жолдаудың тақырыбында «жаңа» сөзі үш мәрте жараса жайғасыпты. Бүтінді бөлшектей келгенде, алғашқы «жаңа» құмсағаттай өз санауын жуырда ғана Тәуелсіздік тарихы құшағына тапсырған ХХ ғасырдың алғашқы онжылдығына берілген есеп һәм үміт жетегімен басталған баянды болашақтағы онжылдыққа құрылған оңтайлы жоспарымен құнды. Ортасындағы «жаңа» сөзі Қазақстанның қай қырынан танылып жүргенін айқындап тұр, өйткені өз қолы өз аузына жеткен Тәуелсіздік алғаннан бері қарай экономикалық даму елімізге абырой да, даңқ та, атақ та әкелді. Елбасы бұл Жолдауды өз аузымен айтқан үдеріс кезінде жауғыра жылжып өткен онжылдықтағы экономикалық-әлеуметтік тұрғыдан жүзеге асырылған ауқымды істерді сандық жағынан болсын, пайыздық өлшеммен болсын, қаржылық бағаммен болсын шынайы мақтанышпен әрі ризашылығымен жеткізді. Осыны маңдай термен орындалған жұмыстың бір кезеңі деп санап, менмұндалап шақырып тұрған жуықтағы онжылдыққа да осынау тегеурінді экономикалық өрлеу ауадай қажет екенін және қандай дағдарысқа қарамастан оған да мүмкіндіктер барын шамшырақтай нұсқап отыр. Ал, үшінші «жаңада» ұлан-байтақ жеріміз бенен көпұлтты еліміздің еншісіне тиесілі мүмкіндіктер есігін ашуға шақырып тұрғандай. Басқасын қайдем, ал өзіме осынау Жолдаудың ерекше әсер берген тұстарына тоқталып кетуді әрі адами, әрі азаматтық парызым деп санадым. Сондағы түйгендерім мыналар екен: [ әдемі сөз боп естілетін «инновация» дегеннің нық қолға алынып, нақты жүзеге асуға бағытталғаны. Бәсекеге қабілетті еліміздің шын мәнінде де әртарапты бәсекесе алар қуаты тек қана инновацияда ғана ғой анығында. [ Елордасы Астанада бой көтере, іске қосылатын үш жаңа, тағы да үшеленген жаңа дейік, ғылыми орталық һәм «ғылым тауып мақтанып» жүрген көкірегі ояу зиялы қауым мен өскелең ұрпақ асыға күтіп жүрген «Ғылым туралы» жаңа заңның жеделдете әзірленуі. [ Балдырғандарды мектеп жасына дейінгі оқытумен һәм тәрбиемен қамтамасыз етуді ілгелетуге бағытталған «Балапан» арнайы бағдарламасының таяуда әзірленіп, іске қосылуы. Енді жеке меншік балабақшалар, шағын орталықтар балама ретінде мемлекеттік қолдау арқылы жер-жерлерде ашылуға мүмкіндік алып отыр. Әсіресе осының игі пайдасы тығыз орналасқан қалалы мекендерге және шет-шалғай жатқан ауылдарға тиер де. [ Жас мемлекетімізге сеніп тапсырылған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға төраға болуы. Жалпы алғанда, Еуропалану бізге жат емес. Сонау хандық дәуірдің айғағы болған ХVІІІ ғасырдан бастау алып, кешегі Шоқан, Абай заманында жалғасқан һәм ХХ ғасырда өркен жайған осынау ғылыми-білімдік, рухани-қоғамдық үдеріс жемісті жалғасын сындарлы ХХІ ғасырда да екпіндеуде, ілгерілеуде. Жолдауда айырықша сөз болып отырған Біртұтас экономикалық кеңістіктің де маңызы салмақты, арқалар жүгі ауқымды, сонымен қатар әкелер несібесі де берекелі. Іргедегі алып көршімізбен қабақ дұрыс болғанда, ешбір дағдарыс алқымдай алмас. Негізінде, осынау Даму стратегияның әр абзацында «кәтепті нардың» жүгі бар. Асылында, атаулы Жолдау өз мазмұнымен әрбір қазақстандық жүрегінен, санасынан ойып тұрып орын алып қана қоймай, алдағы онжылдық өрлеуге қандай да болсын, қаншалықты болсын, қайда болсын өз үлесімді қоссам деген берісі ұшқын, арысы жалын боп жаңғырса деген қарапайым тілегім бар. «Ақын бол-болма, бірақ азамат болуға міндеттісің» делінетін қанатты сөздің орай келгенде қолданар тұсы осы мезет па деп ойлаймын.
ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ «Нұр Отан» ХДП Бесқарағай ауылы бойынша бастауыш партиялық ұйымының хатшысы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы http://www.shakhibbeker.ucoz.kz
| |
|
Всего комментариев: 0 | |