16:23 Уақытыңды басқар | |||
ТҮНГІ ҚҰЛШЫЛЫҚ «Парыз намаздардан кейінгі ең абзал намаз – тәһәжжуд намазы». (хадис) Түнгі уақытты тиімді пайдалану кезіндегі маңызды жайттардың бірі түнгі құлшылық жөнінде арнайы айтып өткенді жөн көрдік. Себебі дініміздің бұл әмірі бүгінде ұмытылып бара жатқан жайы бар. Алайда Ислам мәдениетінің асқақтаған кезеңдерінің өкілдерінің өмірлерінде түнгі құлшылық ойып тұрып орын алған әрі олардың жетістікке жетуәне септігін тигізген жайттардың бірі ретінде тарихта қалған. Бүгінде негізгі түнгі құлшылық тәһәжжуд намазы «Пайғамбарымызға парыз болды, үмбетіне нәпіл» деген желеумен оқылмайтын болды. Иә, фиқыһтық тұрғыдан қарағанда таласы жоқ. Алайда бұл нәпіл намазды «орындаса – сауап, орындамаса – күнә жоқ» деп сипатталатын басқа діни әдептер мен сүннеттермен бір қатарға қою дұрыс болмайтынын төмендегі жайттарға назар аударғанда түсіне аламыз. Ең алдымен, аталмыш сүннет – тікелей Құранның әмірі. Және Құран Кәрімде бұл әмір әртүрлі сүрелер мен аяттарда қайта-қайта айтылып өткен. Бірнеше мысал бере кетсек: «Сондай-ақ түннің бір бөлігінде Оған сәжде ет һәм түнде ұзақ уақыт Оны («Сен – мінсізсің, кемшіліктен адасың» деп) ұлықта». «Ендеше, олардың айтқандарына барынша сабыр ет! Күн шықпай әрі ұясына батпай тұрып Раббыңның кемел әрі мінсіз екенін айтып, жар сал, Оған мақтау айт(ып намаз оқы)! Сондай-ақ түннің кей уақыттарында және күндіздің алғашқы әрі соңғы жартысында Раббыңның кемшілік атаулыдан пәк әрі мінсіз екенін жар сал(ып, құлшылық ет)! Сонда (Алланың өзіңді разы ететін нығметтеріне бөленіп) көңілің хош болып, жаның жай табады». Төмендегі аятта түнде тұрғандардың тұрмағандардан абзалдығы анық айтылады: «(Мұндай бейбақ) түн ішінде Аллаға бас иіп, сәждеге жығылып һәм тікесінен тік тұрып құлшылық еткен, ақыреттен қорқатын және Раббысының гексіз рақымынан үміт ететін (мүмін) адамдай бола ма?!» «Сәжде» сүресінде шынайы иман келтіргендердің сипаттары аталғанда «Олар түн ішінде төсектерін тәрк етіп, бір жағынан (Алланың) қаһарынан қорқып, екінші жағынан шексіз мейірімінен үміт еткен күйде Раббыларына жалынып-жалбарынып дұға етеді» деп суреттеледі. Мына бір аятта кітап иелерінің арасындағы түнде құлшылық етушілері мақталады: «Әйтсе де, олардың бәрі бірдей емес. Кітап иелерінің арасында да (өздерін секілді иман етіп) тура жолға түскен қауым бар. Олар түнімен Алланың аяттарын оқып, сәждеге жығылады. Олар Аллаға һәм ақырет күніне кәміл сенеді һәм (ел-жұртты) жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыюға тырысады. Сондай-ақ қайырлы, игілікті істерде бір-бірімен жарысады. Міне, солар ізгі жандардың қатарында». Келесі аятта Алланың уәде еткен сыйларына, азаптан құтылуға және жоғары дәрежеге ие болатын шынайы мүмінді кемелдікке жеткізетін сипаттардың бірі ретінде түнгі құлшылыққа назарымызды аударады: «Раббыларының өздеріне берген сый-сыяпатын қуана-қуана алумен болады. Өйткені олар кезінде (дүниеде) игілікті істер істейтін ізгілікке құштар жандар болатын. Сондай-ақ олар түнде аз ұйықтайтын (және Раббыларына көп құлшылық ететін). Сәресі уақытында Алладан кешірім тілейтін». Екіншіден, Құран Кәрім жоғарыда келтірілгендей түнгі құлшылыққа үндейтін аяттармен шектелмей, оның әдебі жайлы да сөз қозғайды. «Муззәммил» сүресінде бұл мәселе әртүрлі уақытта екі бөлек түскен аяттар арқылы жеткізіледі. Олардың әрқасысында түнгі құлшылықтың маңызы мен уақыты жайлы сөз қолғалады. Бірінші уахида түнде құлшылық ету үшін тұруды әмір етеді және «парыз» ретінде тұжырымдалатындай анық айтылады. Екіншісінде түнгі құлшылық деп ақшам мен құптан намаздарын астарлап жеткізгендей болып, мүмкіндігі жоқ жандар үшін жеңілдік ретінде түсінуге жол ашады. Бұл екі бөлек түскен аяттар мыналар: «Уа, жамылғыға бүркенген (елшім)! Қане, тұр да (ұйықтап тынығуға арналған) аздаған бөлігінен басқа бүкіл түнді құлшылықпен өткіз. Түннің тең жарымын (құлшылықпен өткіз), не болмаса одан аздап қысқартуыңа болады. Яки жарымынан асырып құлшылық етсең де болады. Сондай-ақ мәнеріне келтіріп һәм мағынасына терең үңіле оытырырп байыппен Құран оқы! Шүбәсіз, Біз саған өте ауыр әрі қасиетті сөз (яғни уахи) түсіреміз. Шүбәсіз, түнгі құлшылықтың (адамның зейініне, жүрегі мен рухына) әсері әлдеқайда күшті, сондай-ақ (түн) оқу, оқылғанды тыңдау һәм түйсініп, көңілге тоқу тұрғысынан өте берекелі (өте тиімді). Ал күндіз атқаратын шаруаң шаш етектен». (жалғасы бар) жиған-терген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |||
|
Всего комментариев: 0 | |